БІР ЭКСПОНАТ СЫРЫ
Мұқағали ақынның Мешітбайға жазған хаты.
М.Мақатаевтың әдеби- мемориалды музейі.
Хат- ықылым заманнан бері бүгінгі күнге дейін әлеуметтік маңызы бар зор жанрлардың бірі. Хат мәтіні –мәдени және тарихи мәні зор жанрлардың бірі, жазба тілдің ежелгі формаларының бірі.
Назарларыңызға ұсынып отырған хатты ақиық ақын Мұқағали Қызылорда қаласының тұрғыны Мешітбайға жазған. Хат офсеттік қағазға қаламмен жазылған.
Хатта: «Қадірлі Мешітбай!
Барлығыңа, көбіне сенің үй – ішіңе менен дұғай сәлем!!! Аттанарда үй-ішіңмен, қолынан дәм татқан жұбайыңмен қош дей алмай кеткеніме қатты өкінудемін. Саған мың рахмет. Сенен айырылғасын жағдайым жақсы болмады, Қазалыдан ауырып, Алматыға тарттым. Рухани да тұрмыстық мәселем де қирап барып, қайтты. Түсініп отырсың ғой, менің бір қатынас жасап, бірден таныған Мешітім. Мені дұрыс түсін «Мавр» шыққан мен саған оны да сыйлай алмай отырмын, қолымда жоқ. Егер қолыңа түсірсең, мен берді деп, өзі берді деп ойла — Мешітім. Келісіне ауруханаға жатып шықтым, тәуірмін. Мен сол Союзда Ғафу, Жұмекендермен бірге істеген болып жүрмін, еңбекақы алып тұрам, шүкір. Болмаса саған, сен сықылды азаматтарға тигізер көмегім шамалы. Арбаның бесінші доңғалағымын ғой мен деген, Мешітім, мені дұрыс түсін. Көріссек, сырласармыз. Алматыда бола қалсаң, мен осында болып кезіксек, үйде болып, қонақ боларсың ».
Не дейін басқа, сау бол.
Мұқағали , хабарлас. АлмаАта, ул.Интернациональная, 129. кв.20.
21.7.70ж – деп жазылған.
Бұл хатты Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қызылордалық ақын Болат Шарахымбай 2019 жылы 16 наурызда музей қорына тапсырды. 2020 жылы музейдің негізгі қорына алынды.
А.К.ЖҰМАҒҰЛОВА,
М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды
музейінің қор сақтаушысы.
0 Пікір