БІР ЭКСПОНАТ СЫРЫ

    Жыл сайын М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі шілде, тамыз, қыркүйек айларында «Музейге сый» акциясын жариялайды. «Музейге сый» акциясының мақсаты ауыл, аудан тұрғындарынан көне көз заттар мен ақын заманынан хабар беретін жәдігерлер және Мұқағали ақынды көзі көрген қариялардан естеліктер жинау. Акция нәтижесінде Ақын Айтақын Әбдіқаловтың інісі Ерлан Әбдіқалов 2022 жылдың 31 шілдесінде музейге назарларыңызға ұсынып отырған топтық фотосуретті табыс етті. Бұл суретте белгілі редактор Әлнұр Мейірбеков, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Баққожа Мұқай, ақын, Мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқалов. Ерлан Әбдіқаловтың айтуынша:

       1982 жылы Әлнұр Мейірбеков, Айтақын Әбдіқалов және Баққожа Мұқай «Үш күнгей» жайлауында кездескен, жазушылардың кездесуі қандай мақсатта болғаны беймәлім, Ерлан Әбдіқалов бұл сурет жазушы Баққожа Мұқайдың «Жалғыз жаяу» романы жазылардан бір жыл түсірілген дейді. Естелікке жүгінсек жазушы «Жалғыз жаяу» романын жазу үшін осы жайлауға барған секілді. Жазушының «Жалғыз жаяу» атты романында Нарынқол, Кеген аудандарына тиесілі жайлаулар аты кездеседі. «Жалғыз жаяу» романы 1983 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген.

       «Жалғыз жаяу» – жазушының атын шығарған тұңғыш романы. Туындыны оқыған жан өткен ғасыр басындағы аласапыран нәубет, қорғансыз қазақ ауылдары мен ақ-қызыл шайқасын көз алдынан өткізіп, қауымынан бөлінген Айбектің тағдырына қабырғасы қайысады. Кеңестік кезеңнің халыққа төндірген кесапатын арқау еткен бұл шығармада, ең бастысы, рухтың азаттығы бар еді.

       Енді осы «Жалғыз жаяудың прототипі кім?» дегенге келсек. Жазушы көбіне өзі көрген, бойына сіңірген оқиғаларды жазатыны белгілі. Баққожа Мұқайдың кейіпкерлері де көбіне айналасындағы адамдар. Бірақ «Жалғыз жаяудың» жөні бөлек. Ағасы Телқожа «Жалғыз жаяу» романының негізгі сюжетінің өзіне бала күннен таныс екенін айтады. Өйткені романның негізгі кейіпкері мерген – өмірдегі Мергенбай туралы ел аузындағы аңызға пара-пар әңгімелерді естіп, біліп өскен. Ағасы естіген дүниені Баққожаның да естігені белгілі. Кейін қалам ұстап, әдебиет әлеміне келгенде негізгі кейіпкер ретінде баяғы ауылында ақсақалдар аңыз ғып айтатын «Мергенбай бандыны» таңдап алған. 1932 жылы ел адамдарының Қытайға қашуымен байланысты өрбіген Кеңес үкіметінің қысымын жан-жақты суреттеп, өмір шындығын ашық беруді ойлаған жазушы романының сәтті шығатынына сенген. Жазушы түйсігі алдамапты. «Жалғыз жаяуды» әдеби орта жылы қабылдады. Жазушы Әкім Тарази бұл туындыны бірден ұнатқаны айтады: «Баққожаның ағасы Тельман Жанұзақов: «Мына баланы оқып көрші» – деп кезінде бір кітап ұсынған. Бала дегені Баққожа екен. Мұқабасына «Жалғыз жаяу» деп жазылған бір сөзі бар кітапты оқыдым. Қатты ұнаттым. «Казахстанская правда» газетіне құлшына қуанып, мақала жаздым. Әлгі бала жайраңдап күліп келетін шығар, алғыс айтатын шығар деп ойлағам. Бірақ ол көрінбеді. Күндердің бір күнінде Жазушылар одағында екеуміз ұшырасып қалдық. Ағалық жолмен бас салдым. «Әй, бала, сен неғып қашып жүрсің?» Баққожа ұялып төмен қарады. «Қашып жүрген жоқпын. Маңайыңызға баруға сескеніп жүрмін! Өзіме-өзім сенбей жүрмін! Мен кім едім сонша деп… Сіз мақтайтындай деп…»

       Кіл мықтының ортасына түскен жазушы жұтылып кеткен жоқ. Өндіріп жазды. Бұл кезең туралы кезінде газетте редакторы болған Әлнұр Мейірбекұлы: «Баққожа журналистика факультетінің алғашқы курсында оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетіне оның «Жаңбыр жауып тұр» деген шағын новелласы шықты. Сүйсініп оқыдым. Көз алдыңа адамдар арасындағы бір сәттік сыйластыққа байланысты сурет келеді. Қала… Ауыл баласы… Адамдар арасындағы біз күнде көріп жүрсек те байқай бермейтін пендеуи қимыл-әрекет, қиғаш мінез-құлық, бәрі бар. Таңғалдым. Қаламының төселе бастағанына қуандым. Міне, содан бастап ол көп дүниелер жазды. Өндіріп жазды және жақсы жазды», – деп еске алады.

      Ия, жазушыны ағалары мақтайтындай, өйткені жазушының романдарында «Өмірзая», «Жалғыз жаяу» тағы басқа шынайы болған оқиғалар суреттеледі. Осындай шығармаларына арқау болып, сын-пікір айтылған сәттерден естелік болуы мүмкін бұл сурет. Ал, бұл сурет ақын Мұқағали Мақатаевтың әдеби- мемориалды музейінің құнды жәдігерлерінің бірі болып қала береді.

А.ЖҰМАҒҰЛОВА,

М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды

музейінің қор сақтаушысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password