БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

     Әлемдегі бар мамандық иелерін тәрбиелейтін ұстаздар екені белгілі. Сол себепті де ұстаздық бар мамандықтың төресі деп жоғары бағаланады. Еліміздің болашағы жаһандық бәсекеге қабілетті жастардың қолында екені анық. «Білімді жас – ұлт болашағы» дейтін болсақ сол жастарды білім нәрімен сусындатып отырған ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Демек, бұл мерекенің жөні бөлек десек қателеспейміз. Осыған орай, ағымдағы аптаның жұмасы күні аудандық мәдениет үйінде аудан ұстаздарына арналған салтанатты жиын өткізілді.

       Мерекелік шара көрініспен бастау алып, ерекше көңіл күй сыйлап қана қоймай, барша ұстаздарға раушан гүлдері тарту етілді. Жиынның басын аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы ұстаздарды құттықтау сөзімен бастады. Өз сөзінде «Алты алаштың баласы басқосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі, біз бәріміз ұстаздың алдынан өтеміз, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздарымыз қашанда сыйлы, қашанда құрметті»- деді. Сахна төрінде білім беру саласында шүмектеп тер төгіп, аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарды Алғыс хаттармен марапаттап, сыйлықтар тарту етті.

      Келесі сөз кезегін «Қамқор-2» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлықпан Әбеков алып, ұстаздарға ақ тілегін арнады. Және білім мекемелерінің ауласын абаттандыру, көгалдандыру және гүлзарлар отырғызу арқылы жас ұрпаққа эстетикалык тәрбие беруді жақсарту мақсатында жарияланған аудандық байқау бойынша жеңімпаздарды марапаттады.

      Жалпы білім беретін мектептер арасында: 1 — орынға ие болған Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп гимназиясы аудандық білім бөлімі мен «Қамқор-2» кәсіподағының құрмет грамотасымен және «Сарыағаш» шипажайына тегін жолдамамамен марапатталды. 2-орынды А.А. Барманбекұлы атындағы орта мектеп және Сарыжаз орта мектебі алып, Құрмет Грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды. 3 орынды Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектеп, Ш. Уалиханов атындағы орта мектеп және Қайнар орта мектебі иеленіп Құрмет Грамотасы және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, байқауда белсенділік танытқаны үшін Абай орта мектебі, Шәлкөде орта мектебі, Ақбейіт бастауыш мектебі марапатталды.

       Аудандық өнерпаздардың аталған мерекеге арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасына да кезек берілді. Бұл күнгі сый, бұл күнгі құрмет бәрі ұстаздарға арналды. «Ұстаздың бақыты шәкіртінің жетістігінде»-демекші еңбектің бағалануы, шәкірттерінің өмірден адаспай өз орындарын табуы ұстаз үшін баға жетпес сыйлық. Ауданымыздан шыққан шәкірттер Республикамыздың түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүр. Бұның бәрі аудан ұстаздарының еңбегінің жемісі деп білеміз.

Өз тілшіміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password