БИБІГҮЛДЕН АУМАЙТЫН БҰЛБҰЛ ӘНШІ
Гүлшат Оспанқызы туралы сыр
Үлкен сахна төрінде композитор Жоламан Тұрсынбаевтың әйгілі «Қыз Қарағай» әні орындалып жатыр. Жұрттың назары әні мен сәні жарасқан бұлбұл әншіге ғана ауған. Баяулап басталған ән бірте-бірте шырқай көтерілген тұста әнге елтіп отырған көрермен қауым дүркірете қол соғып жіберді. Алдарында шын мәнінде КСРО және Қазақстанның Халық Әртісі Бибігүл Төлегенованың өзі тұрғандай. Жүзі де, үні де, келісті келбеті де Бибігүлден бір аусашы?! Жүректерін сырлы да нұрлы ән баураған халық әншіні оңайлықпен жібере қойған жоқ. Бұдан кейін сахна төрінен халық әні «Гауһартас», Л.Хамидидің «Бұлбұлы», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» кезек-кезек шырқалып, көрермен қауым ел ішіндегі қарапайым әншінің биік өнеріне лайықты бағаларын берді. Әншінің тау суындай тұнық, асқақ үні бір желпінтіп тастаған еді.
Біз сөз етіп отырған әнші Гүлшат Базарбекова Райымбек ауданындағы Қайнар деп аталатын қастерлі ауылда тұрады. Қарапайым ұстаз. Ең негізі, халқымыздың аялап ұстар әншілік өнерін де серік еткен жан. Аспантаулар өлкесінің мерейлі қуаныштарында, іргелі тойларында «Гәккудей» әнімен, аққудай сәнімен, Жібектей келбетімен жұрт назарын аудара, сахана төрін нұрландырып жатады. Өңір тұрғындарының бәрі Гүлшатты жақсы таниды. Ешкімге жалын ұстата бермес дара өнерін орнымен бағалайды. Ұлтымыздың әншілік өнерін жоғары қоятын халқымыз Гүлшаттың әніне ғашық, үніне ықылас-пейілді. Сондай бір жайдары шақтарда алыстан ат арылтып келіп үлкен қуанышқа ортақтасып жатқан қадірменді қонақтар қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүлден аумайтын Гүлшаттай әншінің хас өнеріне тәнті болып, риза болып аттанып жатады. Бұл әннің құдыреті, әншілік өнердің шапағаты.
Гүлшат Жамбыл ауданының бір тумасы. Асқар таудай әкесі Оспан мен сүйікті анасы Мейрамхан қарапайым малшы болған. Құлдыраңдаған балалық шағы киелі топырақта өтті. Интернаттың дәмін татты. Кейін ата-анасы Райымбек ауданындағы Қызылшекара ауылына қоныс аударған. Кішкентай кезінен ән айтуға ықыласты болды. Мектептегі тәрбие сағаттарында балғын дауысымен ән айтатын. Е. Хасанғалиевтің «Мұңайма» атты әнін айтатыны ойында қалыпты. Содан болар әнші болуды армандады. Жүрегі асқақ арманына толы қызға ауыл клубында қойылған «Гауһартас» атты кино үлкен әсер еткен. Сүмбе ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 10 сыныбын бітіргеннен кейін бір жылдан соң «Жас таланттарды іздейміз» атты байқау болды. Байқау туралы естіген Гүлшаттың мазасы болмады. Қайткен күнде де сол байқауға қатысуды жанымен қалады. Бұл іргелі шара Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының жанына құрылған ән-хор студиясында өтті. Өндірдей жастармен бірге Гүлшат та өнерін ортаға салды. Алғаш рет үлкен додаға түсуі-ғой. Ақша жүзі албырай,толқи, тебірене әндерін орындады. Байқаудың қорытындысымен жүрегі ән деп соққан, көңілі ән деп алып-ұшқан бойжеткен аталған студиядағы Бибігүл Төлегенованың класына қабылданды. Сол сәттегі қуанышы тілмен айтып-жеткізгісіз еді. Балғын көңілі асқар Алатаудан асқақ Хантәңіріні шарлап кеткен. Ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың біртуар, атақты әрі сүйікті әншісі Бибігүл Төлегенованың класында 2 жыл оқыды. Әйгілі әншінің жүрекке жылы тиіп, құлаққа майдай жағатын жылы да жайдары үнін естіп, қолынан дәрісін алды. Студияны бітіргеннен кейін Қызылшекара орта мектебінде ән-музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Дегенмен, көкейінде әнші болсам деген бір ғана арманы бар қыз қарап жатпады. Алматы қаласындағы қазіргі Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына құжаттарын өткізді. Жұмыс іздеп Жамбыл атындағы композитор Нұрғиса Тілендиевтің басшылығындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестріне барды. Әйгілі композитордың сүйемелдеуімен «Гауһартасты» орындағанын ешқашан ұмытқан емес. Таланттарды тап басып танитын ұлы композитор Бибігүлдің тәлімін алған, әншілік өнерге талабы таудай қызды бір айдан кейін жұмысқа кел деп әкелік қамқорлығын көрсетті.
Суретте: 1. Әнші әрі ұстаз Гүлшат Базарбекова. 2. Гүлшаттың ұстазы Бибігүл Төлегеновамен бірге түскен суреті.
Қайтейік, көп ұзамай Қайнардай қасиетті ауылға келін болып түсіп, отау көтерген Гүлшат асқақ армандарынан көз жазып қалды. Дегенмен, өткен өміріне өкінбейді. 1984 жылдан Қайнар орта мектебінде ән-музыка пәнінен дәріс берді. Еңбектен қол үзбей жүріп Қазақтың Абай атындағы педогогикалық институтының филология факультетін бітірді. Аталған білім ордасында балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келе жатқанына 35 жыл болды. Біздің кейіпкеріміз өз ісінің білгірі, майталманы. ҚР Білім беру саласының үздігі. Екі дүркін Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Жылдың үздік мұғалімі атанған. Облыстық үздік педогог байқауында 2 орынды иеленген. Облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі, талантты жас ақын Мақпал Мысадай шәкірті бар. Жаңыл Ермұхатова, Жансая Сабаншиева, Маржан Базарқұлова, Бекбол Көшкінов, Ақнұр Алтай, Айғаныш Меліс секілді шәкірттері Мақпалдың жолын жалғап Қарасаз ауылында өтетін республикалық Мұқағали оқулары байқауында жұлдыздарын жарқыратты.
Ұстаздық ұлағатты ісімен қатар әншілік өнерін аялай ұстап келе жатқан Гүлшаттың реперутарында көптеген халық әндері бар. «Гауһартас», «Ақ дәриға», «Бір бала» секілді халық әндерін, Л.Хамидидің «Бұлбұлын», «Қазақ вальсін», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін», Н. Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыма» атты әнін сүйіп орындайды. Кейіпкеріміз жай ұстаз әрі әнші емес. Қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздарының шығармашылығынан орын алған жан. Бір жылдары Нарынқол өңіріне әйгілі Ғафу Қайырбеков, Бек Тоғысбаев, Аманжол Шамкенов қонаққа келген екен. Сонда құрметті қонақтардың алдында Гүлшат халық әні «Гауһартасты» орындаған. Кейін Ғ. Қайырбеков сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне «Нарынқол – Байынқол» атты поэмасын жариялады. Ел мен жер туралы сол туындыда Гүлшаттың аты, жүрекке ұялаған әні орын алып қалды.
Аялар сол әуеннің нұр-шапағы,
Тамылжып Тәңіртаудың тұрса таңы.
Жарықты жанымдағы жарқыратқан,
Қалыпты құлағымда Гүлшат әні,-дейді белгілі ақын Ғалым Жайлыбай шын көңілімен. Мұның бәрі өткен күндерінің ұмытылмас сәттері.
Шәкірттерінің қымбатты ұстазына, Аспантаулар өлкесінің, жерлестерінің мақтанышына айналған Гүлшат жұбайы Алтаймен 3 қыз 1 ұлын дүниеге әкелген, тәрбиелеген, қанаттандырған асыл ана. Келін түсіріп немересін сүйген ардақты әже. Бақыт деген осы. Өмірдің шаттығы деген осы. Ұстаздық ісіңмен, жүректі тербетіп, көңілді өрлеткен әсем де шуақты әндеріңмен жүре бер, Гүлшат!
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Қайнар ауылы.
0 Пікір