БЕРІК ҚОР ЖАСАЛУДА

       Несін айтасыз?! Қазақшалап айтқанда, биыл тасқа шөп шықты. Сөйтіп, өткен жылғы тапшылықтың орны есесімен толтырылып жатқан жайы бар. Қазір шабындық алқаптарындағы қым-қуыт тіршілік, әр үйдің қора-қопсысына, ұңғыл-шұңғылдағы қыстауларға тынымсыз жеткізіліп жатқан мал азығы соны аңғартады. Аудан бойынша бүгінге дейін жоспардағы 187 мың тоннаның 146 мың тоннасы дайындалыпты. Мал азығын дайындаумен айналысатын 22 бригада құрылып, 120 бірлік трактор, 85 бірлік шөп шапқыш, 80 бірлік пресс-подборщик тартылыпты. Маңызды науқанда іркіліс жоқ. Шөптің бағасы да базардағыдай аспандап тұрған жоқ. Бір рулонның құны 6-8 мыңның айналасында. Сатушы да, алушы да разы. Көңіл тоқ, уайым жоқ.

     Сөзіміздің дәлеліне жуырда маңызды науқанды көзімізбен көріп қайту мақсатында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Жанат Дүкенбаймен серіктесе, Сүмбе ауылдық округі әкімінің бас маманы Қасым Баратовтың бастап алып баруымен болғанымызда анық көз жеткіздік. Шекара ішіндегі шабындық алқаптарындағы толассыз еңбек дүбірі адамдардың көңіл күйімен ұласып, молшылықтың қазанын қайнатуда. Қай жағыңызға қарасаңыз да жаздың бір күнін жылдық азыққа балайтын шаруа қауымының қыстық мал азығының берік қорын қамдап алуға деген ұмтылысы. Дырылдаған мотор үніне шалғының сырылы мен шегірткенің шырылы қосылып, айнала бейне май шыжғырып жатқандай күйге түскен. Алғашқы табан тірегеніміз округтің «Қырман» аталатын өңіріндегі «Нұрбосын» атты шаруа қожалығының шабындық алқабы болды. Алатаңнан басталған қызу еңбек сәл ғана тыныс тауып, науқан иелерінің ертеңгі шайларын ішуге енді ғана мұршалары жеткен шағы екен. Берген саламымызды ризашылықпен алып, жадыраған қабақ танытып жатыр. Ертеңгі дәмнің үстінен түскенімізді де жақсы ырымға жорып, ізгі тілектерін білдіруде.

       — Бітер істің басына, жақсы келер қасына, демекші, келгендеріңізге көңіліміз қуанып тұр. Құдай қаласа ісіміз сәтімен аяқталады екен,-дейді өзін осы шаруа қожалығының иесімін деп таныстырған жігіт ағасы дейтін жастағы Бекзат Нұрбеков (бірінші суретте ортада). Бекзаттың айтуынша, шаруашылықпен айналысқанына 30 жылдың жүзі болыпты. Баптай білгенге жер де жомарттық танытады емес пе. Еңбекқор азаматтың еңбегі биыл да желге ұшпапты. Жаз бойы бір рет судан өткізген. Қазіргі шауып жатқан 10 гектар шабындығының әрқайсысынан 12-13 рулоннан алып жатыр екен. Бүгінге дейін 180 рулон дайындалыпты. Өзі айтқандай, бір рулонды 300 килограммнан есептегенде, түсімнің жалпақ жұртқа ұялмай айтатындай дәрежеде екендігін аңғаруға болады.

       — Биыл Құдай беріп тұр ғой! Осынау өнім молшылығы өткен жылғы желге ұшып зая кеткен еңбектің есесін қайтаруға септігін тигізетіні анық. Шыққан шығынның да орны толатынына бүгінгі өнім септігін тигізетініне сеніміміз мол,- дейді өзінің меншігіндегі «МТЗ-80» тракторына «ПР-ф-145» рулондағыш агрегатын тіркеп, дестелерді бір арнаға түсіріп жүрген Нұржан Сәрсенбаев дейтін азамат сөзге араласып (екінші сурет).

       — Биылғы меже 21 565 тонна еді. Соның қазір 16 811 тоннасы дайындалды. Маңызды науқанға әртүрлі маркадағы 75 техника қатыстырылуда. Жұмыс мұнымен тоқталмақ емес. Қазіргі іске асырылған жобаға қарағанда межеміз артығымен орындалатын шығар. Оған сеніміміз кәміл,-дейді ауылдық округ әкімінің бас маманы Қасым Досанұлы.

        Жүргізіліп жатқан жұмысқа, алынып жатқан өнімге көңілімізді тойдыра отырып, келесі алқапқа бет бұрдық. Бұл – Дәурен Әбітаев деген азаматтың алқабы екен (үшінші сурет). Шөбі толығымен шабылып бітіпті. Шабылған алқапты өзінің меншігіндегі «МТЗ-80» тракторына тіркелген «RAKER – 8» тырмағымен дестелеп, рулондауға көшкен. Өзіне көмектесуге «МТЗ-80» тракторымен келген Еркебұлан Сұлтанғазиевпен серіктесе ортақ іске кірісіп жатқан жайы бар. Иелігіндегі 12 гектар алқаптың 5 гектары таза «Эспарцет», өткен жылы ғана себіліпті. 1,5 гектар дәнді дақыл, 5,5 гектары табиғи шөп. Қазір шабылған шөп әр гектарына 10 рулоннан айналуда. Жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға куә бола отырып, Еркебұланды да сөзге тарттық (төртінші сурет).

        — Шаруашылығымда 7 гектар шабындық жер бар. Биыл осы жерден 100 рулон шөп алдым. Өткен жылғы құрғақшылықтың кесірінен мал азығының қиындығын тартып едім. Биыл, соның есесі қайтатын шығар,-дейді шаруақор жігіт. Алқап иелеріне жұмыстарына табыс тілеп жолға шыққан бойда Бердібек Көктеубаев деген азаматпен ұшырастық (бесінші сурет). Шөп тасымалдап жүр екен. Көлігі бабында. Осыған дейін ауыл тұрғындарының шөбін тасымалдап, ризашылығын алыпты. Жұмысын жалғастырып жатқан жүргізушіні суретке түсіріп алдық.

        Иә, ауданымызда биыл мал азығын дайындау науқаны қызу жүргізілуде. Жер-ана да баптай білгеннің еңбегін жоққа шығармай төсін иітуде. Демек, төрт түлік мал алдағы қыстың қатал сынынан сыр бермей өтетіні анық. Оған Сүмбе ауылдық округінің шабындық алқабына барған сапарымызда көз жеткіздік. Іске сәт!

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

журналист.

Суреттерді түсірген Жанат ДҮКЕНБАЙ,

Сүмбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password