«Батырлық – әр қазақтың қанында», – дейді  алапат күш иесі Тимур Спатаев

                 Жақында Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай 5 рет әлемді тамсантып Кинэс рекордттар кітабына енген алапат күш иесі Тимур Спатаев Сарыбастау ауылының мектеп оқушылары және тұрғындарымен кездесу өткізді.

       Бүгінгінің толағайы Тимур Спатаев Сарыжаз ауылының тумасы, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов аталарымыздың ізін жалғап шойын темірді иіп баудай байлап, кір тасын ұршықша иіріп бойындағы бұла күшін ел және шет елдерге паш етуде.

        Алдымен Сұраншы Сауранбаев атындағы орта мектепте оқушылармен кездескен Тимур көптеген ұлағатты сөздерін айтып, өнегелі ойларын ортаға салды. Спортты жанына жасынан серік еткен Тимур бүгінгі дәрежеге оңайлықпен жетпеген. Оның айтуынша: «Алдына мақсат қойған, тынымсыз еңбек еткен адам қашанда арманына жетпек. Мен көтерген кір тасын сендер де көтере аласыңдар. Ол үшін темекі, арақ секілді зиянды әдеттерден аулақ болған абзал. Сонымен қатар, спортпен шұғылдану қажет. Сендер таза, табиғат аясында өмір сүріп отырсыңдар. Ауа, су саф таза. Айнала алып таулар. Күш пен қуатты алыстан іздемей-ақ, осы туып-өскен орталарыңнан ала берсеңдер болады. Ер жігіт ынжық болмауы керек. Қазақтың жігіттері арыстандай айбарлы болғаны абзал», – деп ақжарма тілегін жеткізді азамат.

       Тимур Спатаевпен бірге Италияның Червия қаласында триатлон спортынан өткен жарыста жүлделі орын алып, «Темір адам» атанған Берік Молдағалиев, мәдениет қайраткері, Қазақ цирк өнерінің негізін қалаушы, «Ақниет» корпорациясының президенті Керімбек Шатырхан да мектеп оқушыларына көптеген тілектері мен лебіздерін жеткізді.

       Осыдан кейін, Сарыбастау ауылдық мәдениет үйіне бет алған қонақтарды ауылдың ақ жаулықты әжелері шашу шашып қарсы алды. Сахна төрінде өз өнерін паш еткен Тимур Спатаев көпшілікті таң қалдырды. Алдымен салмағы 30 келі болатын қылышты оң қолымен көтеріп біршама уақыт ұстап тұрды. Бұл көрініс Тимурдың білек пен иық күшінің ерекше мол екендігін айқындаса, кір тасын тік көтеріп оны біршама уақыт ұстап, ұстаған күйі жерге жатып, қайта тұрған Тимурдың өнеріне қайран қалмаған жан болмады. Шегені иіп, бір-біріне байлаған Тимур жұртымыздың бірлігін айқындайтын символ жасағандай болды. Дәл осы алапат күштің ықпалымен иленіп, бір-біріне байланған шегелер іспетті біз де бірлікте болайық деген ниетте Тимур шегені сыйлық ретінде қарияларға ұсынды. Олар ақ батасын берді. Қалың журналдар мен күнтізбе қағазын қақ бөліп жыртқан Тимур Спатаев батырға оңы да, солы да бірдей дейтін түсінікті тағы бір дәлелдегендей. Яғни, ол көптеген көріністермен Қажымұқан бабамызды қайта көз алдымызға әкелгендей әсер қалдырды.

       Сонымен қатар жастарға, ауылға, елге, жерге деген ізгі тілектерін де айтып отырды.

       Ол осы өңірдің тумасы екендігін үнемі шет елдерде жүргенде мақтанышпен айтатынын жеткізді. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар батырға темірлерді еркін де еш қиындықсыз саз балшықтай илеуіне болысып, ұрандап отырды.

        Баһадүр бабаларымыз Райымбек, Саурық, Ұзақ бабаларымыздың өнегелі өмірі мен ел үшін еткен ерліктерін де ауыл бүлдіршіндеріне баяндап берген Тимур Спатаевқа ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.

       Сонымен қатар, Тимурдың үзеңгілес жолдастары «Темір адам» Берік Молдағалиев, Керімбек Шатырхан да сахна төріне көтеріліп, ізгі тілектері мен алғыстарын айтты. Ауыл әкімі Шалқар Әлдибеков батырдың және жолдастарының иығына ауыл тұрғындарының атынан шапан жапты. Әскери салада қызмет ететін Тимур Спатаев сегіз қырлы, бір сырлы екендігін тағы да дәлелдеп «Қазақстаным» әнін әуелете шырқап берді.

       Бұл кездесу жас жеткіншектерге кереметтей әсер етті. Олар келешекте дәл Тимур ағаларындай спортшы болуды армандайтыны хақ. Себебі, батырдың өзі айтпақшы, батырлық — әр қазақтың қанында. Тек оны дамыту қажет, еңбектену керек.

Әділет САРЫБАЙ,

Сарыбастау ауылы

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password