БАТЫР АНА, МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК
Рас, Кеңес Одағы тұсында көп балалы аналарды «Батыр ана» деп дәріптейтінбіз. Бұл теңеу артық та, кем де емес. Оннан аса ұрпақты дүниеге әкеліп, оларды бағыпқағып, қанаттандыру — батырлыққа пара-пар үлкен еңбек, өміршең ұлағат.
Қарасаз деп аталатын қастерлі де қасиетті ауылдан Жұмахан Манкеева есімді Батыр ананы жүздестірдік. Бір емес екі дүркін қара шаңырағындағы абзал ананың даладай көңілі мен пейіліндей кеңінен жайылған ақ дастарханынан дәм таттық. Сексенге таяп қалған анаға ғасырлық бақытты ғұмыр тіледік.
Қарасаз ауылының тұрғындары Тұрдақын Манкеевтей еңбекқор жанды ұмытқан жоқ. Бір шаңырақтың, бір әулеттің дәнекері, ырысы мен берекесі болған Тұрдақын ата мен Жұмахан ана 1950 жылдары шаңырақ көтеріпті. Бар ғұмырын шаруашылықтың қара жұмысына арнаған , ата кәсіпке арнаған Тұрдақын ата туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Жас отаулары бірінен кейін бірі дүние есігін ашқан 6 ұл мен 5 қыздың үніне, базарына, қуанышына толған Тұрдақындай еңбекқор әке «Ұрпағым үшін бір емес, төрт адамның жұмысын істеуім керек» деп тынбай әрекет жасап, бейнетті кешіп өмірін өткізіпті. Соның арқасында күндері мен гүлдерін ешкімнен кем қылмай өсірген, қанаттандырған. Қара жұмыстан қайыспас қара нардай болып шыңдала өскен Тұрдақын ата тіптік басып жүрген қалпы, сағын сындырмай, еңсесін түсірмей, сыр бермей 85 жасында өмірден өтіпті. Онда да ауырмай-сырқамай, тіп-тік басып күнделікті шаруаларымен айналысып жүріп, үйіне кіріп жарты сағат мызғып алғандай ғана болып, жарық дүниеден ғайып болыпты. Жетпіс жасына дейін көкпарды қолынан бермей, көз жұмар сәтіне дейін аттан түспей кеткен қайсар қарт сөйтіп ауырмай, ешкімге салмағын түсірмей әп-сәтте өмірден өтіп кеткен екен. Шаңырақтың бір биік бәйтерегі жайлы ұрпағы әлі күнге әңгімелеп, естеріне түсіріп отырады.
Ең бастысы, біз айналасын алды зейнет демалысына шыққан алтындай ұлдары мен күндей келіндері, айдай немерелері қаумалай қоршап, айналып-толғанып жүрген «Алтын алқалы» Жұмахандай асыл анаға, батыр анаға қызыға қарадық. Алжан – Сырымбет – Бәйіт атадан тарайтын бір қызы. Асыл ана барлығы 15 құрсақ көтерсе, соның 11 аман-есен, бір-бір шаңырақ. Ұрпағымен шағын бір ауылға айналғандай ананың ақ батасына, ақ тілеуіне, кең көңілі мен ыстық пейіліне шомылғандай күй кештік. Ұл мен қыздарының алды Күмісхан атты қыз болса, одан бөлек Гүлбақыт, Гүлбану, Бибігүл, Алмагүл атты қыздары бар. Ұлдарының алды Ораз болса, одан бөлек Оразхан, Оразбай, Рамазан, Ғалымжан, Бауыржан атты ұлдары бар. Бәрі бір-бір шаңырақ. Абзал ананың іздеп барар бір-бір үйі, бір-бір ыстық ордасындай. Оразхан мен Ғалымжандай ұлы Алматы қаласында тұрады. Ораз, Оразбай, Рамазан мен кенже ұлы Бауыржан Қарасазда, айналасында жүр. Өмірдің бақыты деген осы. Әкелеріне тартқан ұлдары да еңбекқор болып өсті. Қатарластарының алды. Ешкімнен кем емес. Бұл әулеттің әкелері негізін қалаған «Жас қанат» атты шаруа қожалықтары бар. Рамазандай ұлдары мен Бақытгүлдей келіндері сол қожалықтың төрт түлік малын бағып жүр.
Еңбекпен шыңдалып, еңбекпен нұрланып, еңбекпен өсіп-өнген әулеттің қара шаңырағындағы Жұмахандай ананың қолында Бауыржандай кенже ұлы мен Майгүлдей мамандығы ұстаз келіні бар. Аяжан, Сая, Ақнұрдай немерелері өсіп келеді. Ардақты да асыл ана Жұмахан ана Жаркент өңірінен шыққан. Ақындығы, әншілігі бар. Қазақтың қара өлеңіне қамшы салдырмайды. Отырған жерін думанға бөлейтіні бар.
— Балаларым-бақытым! Немере-шөберелерім базарым! Мынау өмірге, жаратқан Аллаға еш өкпем жоқ. Енді осы көзіме көрінген қара-құраларымның келешегі жақсы болса екен, бейбіт те берекелі заман ұзағынан сүйіндіре берсе екен деген тілеуіммен таңдарды қарсы алып, күндерді шығарып салып жүрмін,-дейді әз ана.
Айтса-айтқандай, жүрегі жұмсақ, көңілі мейіріне толы, жаны жайдары, биыл сексеннің бесеуіне толатын асыл ананың бүгінде ұлдары мен қыздарынан жалпы 38 немересі, 50 шөбересі бар. Атқан таңдармен ажарланып, күндермен көркейе түсіп келе жатқан батыр ана, мәуелі бәйтерек әз анаға ұзақ ғұмыр тіледік!
Қанат БІРЖАНСАЛ,
Қарасаз ауылы.
0 Пікір