Бастан Бір өткен қасірет
1930 жылы мамыр айында КСРО ХКК Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру (ҚазЕТЛАГ) туралы қаулы қабылдады. 1931 жылы 19-желтоқсанда шешім шығарылып, «Гигант» совхозы ОГПУ-дің Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері болып қайта құрылды. Оны қысқаша «Карлаг ОГПУ» деп атаған. Бұл мекеменің Долинское селосында басқармасы орналасып, ГУЛАГ-қа (Мемлекеттік лагерь басқармасы) тікелей бағындырылды. 1937 жылдың 3 шілдесінде НКВД бастығы Ежовтың тапсырмасымен ГУЛАГ бастығы Берман қол қойған шифрограмма бойынша НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залин шұғыл тапсырма алды. Онда «26нүкте» деп аталатын орында тікенек сыммен қоршау орнатып, күшейтілген күзет қою тапсырылады. Ал 1937 жылы 3 желтоқсанда НКВДның нөмірі 00758 бұйрығы шыққан. Бұйрықта 26-нүктеде еңбекпен түзету орнын ашу туралы айтылды. Ол жерде ешқандай құжаттарда лагерь делінбей, тек «26-шы поселок »-деп көрсетілді. Бұл күн шын мәнінде АЛЖИР-дың ашылған күні. Соның негізінде НКВД-ның Ақмола арнайы бөлімінде ҚАРЛАГ-қа «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола Лагерьі» пайда болды. Тұтқындар бұл лагерді «АЛЖИР» деп атады. Оған сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған туыстары қамалды.
Осында қамалған 8000-дай әйелдердің бар айыбы «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді. Тұтқындар поездбен АЛЖИР-ге алғаш 1938 жылғы қаңтардан қырық градус суығанда әкелінді. Бұл келгендер Мәскеу, Иркутск, Калуга, Орынбор және Ростов қаласынан еді. Лагерьде сабан араластырылған шикі балшық кірпіштен тұрғызылған алты барақ болды. Әр бараққа 250-300 адамнан сиятын және екі-үш қатар ағаш нарлар қойылғанды. Нардың екінші қатарының тұсында терезенің орны бар , бірақ әйнек салынбаған бірнеше үйшік тұр. Барақтың шыға берісінде темірден жасалған ұзын қол жуғыш қойылған. Су аулаға жақын Жалаңаш көлінен шелекпен тасылады. Барақтар тікенді темір тормен қоршалған. Айнала ұшы-қиыры жоқ жазық дала.
Лагерьге алып келген әйелдердің көбі мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың, басшы қызметкерлер , сондай-ақ партия секретарларының әйелдері мен жақын туыстары еді. Олар атап айтқанда маршал М.Тухачевскийдің қарындасы Е.Тухачевская Блюхердің шешесі А. Енукидзенің әйелі мен қызы, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам, Б.Майлинннің әйелі Күлжамал,Т. Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Қожановтың әйелі Күландам, С.Мендешовтың әйелі Зүпнұн, З.Темірбековтың әйелі Сақыпжамал Назарова, Красногуланск обкомы секретарының әйелі Мария Анцис және Темур Гайдардың шешесі Лия Соломонскаяда болған. Сонымен қатар, жолдастары әр түрлі басшылық орындарда болған. Майнұр Сарымолдаева, Мария Есқараева, Мария Тоғжанова, Елизавета Садуақасова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Лагерьде атылған Кира Нұрмағанбетова, Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Әйіш Құлымбетова, Бижамал Сырғабекова, Сағадат Тәштитова, Өзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсима Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Кәлменова, Мәдина Оразова, Мәриям Есенгелдина тағы да басқа көптеген қазақтың зиялы азаматтарының әйелдері аяулы аналар «жазасын» өтеді. Лагерьге баласымен түскен аналардың балаларын 2-3 жасқа жеткен соң, аналарынан айырып балалар үйіне жіберетін.
Зарап Темірбековтың әйелі Сақыпжамал небәрі 29 жаста екен «Өзім Ақмола тұрғыны болып, сол кезде Ақмола лагерінің тұтқыны боламын деп ойладың ба?» деп еске алады Сақыпжамал. 8 жыл отырып 1946 жылы лагерьден шыққан соң жұмыс іздеп Көкшетауға, Шымкентке, Ақмолаға барады. Алматыға баруға рұқсат жоқ. Барса пәлеге ұшырайды, өйткені төл құжатында «№39» деген белгі бар. Ол Совет мемлекетіне қауіпті элемент деген ұғымды білдіреді. Лагерьден шыққан соң, балалар үйіне сұрау салып қызын табады. Ал ұлы Жанатты 34 жыл өткен соң ғана тапқан. Темірбек Жүргеновтың жолдасы Дәмешті де тұтқындап, 58-бабтың 17-ші тармағымен 8 жылға соттаған. 1937 жылы мамырда Тұрар Рысқұловты Кисловодскіде кезекті демалыста жүрген жерінен тұтқындаған. Әйелі Әзизаны да курорттан қуып шыққан, сол жылы Әзизаны шешесі Әрипамен қоса 58- ші бабпен соттап, Карлагқа әкелген. Қыздары Сәуле мен Риданы жетімдер үйіне алып кеткен. Риданы Осакаровтағы балалар үйіне әкелген күні әпкесі Сәуле танып, бауырына басқан. Сөйтіп екеуін тағдыр Ресейдегі балалар үйінде жолықтырған. Сталиннің солақай саясатының кесірінен Әзиза Карлагта 10 жыл отырған. Кейін ақталып 1988 жылы 10 маусымда дүние салған.
НКВД әйелдердің аяғының ауырлығына да қарамаған. Қаншама сәби жарық дүниеге келмей жатып құрсақта темір тордың дәмін татқан. Өздері ауыр жұмыстың астында жүрсе де, баласын емізіп, оларды күтуді аналар ауырсынбаған. Аналық мейірімдері одан сайын күшейе түскен олар үшін ең ауыры омырауындағы баласын тартып алып, жетімдер үйіне алып кетуі еді. Сәбиі 3 жасқа толған күні ботадай боздатып, құлындай шыңғыртып, ана мен баланы екі жаққа айырып жіберуден өткен қасірет барма екен?! Тіпті балаларын қайда алып кеткенін де айтпаған. Ондағы саясат – ана баласын, ал бірге туған бауырлар бірін-бірі таба алмасын деген ой екен. Қазақстандағы түрмелерде туған балалардың есебі жүргізілмеген. Алайда Долинка, Семейдегі лагерьлерде барлығы 1507 бала дүниеге келген деген дерек бар. Ал 15 жасар баланы «халық жауы » деп соттағанды естігендеріңіз бар ма? Бар екен, ондай жағдай дүние жүзінде Кеңес өкіметінде ғана кездесіпті. 15 жасар Николай Булка деген оқушы мектепте ойнап жүріп байқамай Михайл Калининнің суретін жыртып алған. Сол үшін Коляны 58-бабпен «халық жауы» деп соттап түрмеге қамаған. Осындай жауыздықты фашистер ғана істейді деуші еді. Сөйтсек ондай фашистер социализімді апарып коммунизмге апаратын, өзіміздің құдайдай сеніп жүрген коммунистік қоғамда да болған екен.
Лагерьдегі тұтқындардың тоқсан пайызы жоғары білімді мамандар, сонымен қатар ғалым да, инженер де,әртіс те болған. Солардың бірі атақты орыс балеринасы Майя Плисецкаяның анасы Рахиль Плисецкая да қамауда болған. Рахиль 8 жылға сотталып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде қамалғаннан кейін «халық жауының» әйелі ретінде қайта үкім шығарылған соң сегіз айлық баласы Азариймен бірге АЛЖИР-ге айдалған. Сондай-ақ, лагерь өмірі туралы жазған жазушы Михайл Зельцердің анасы Браин Лурье де осы лагерьдің тұтқыны болған. Алжир тұтқыны Мария Даниленко өз естелігінде: Біздің арамызда Ленинградтық профессорлар мен Харьков опера театрының группасы түгелге жуық болды. Инженер, дәрігер, кәсіби суретші,геолог,мұғалім, құрылысшы бас аяғы 100- ден аса мамандық иелері бар еді. Лагерьдің қиын өмірін бастан бірге өткіздік. Қиындыққа шыдамай естері ауысқандар және өліп кеткендер де болған. Ленинградтық кәсіби суретшілер асхана ішін суретпен әшекейлеу үшін әйелдердің іш киімдерін қайнатып, бояу алу тәсілін тапты. Сөйтіп суретшілер асханаға әдемі сурет салып шықты. Олар А.Васильева, Л.Борхман және М.Мыслиналар еді. Лагерьде өзінің не үшін отырғанын білмейтін әйел де болған. Тергеуші: «Сенің күйеуің тракторист» деп айқайлаған. Ол «Жоқ ол ешқашан тракторист болған емес, бригадир болған» деген. Сөйтсе ол әйел «троцкист» деген сөзді тракторист деп түсініпті.
Тұтқын әйелдерге қамыс жинатып, бақша отырғызған. Олар отырғызған таңқурай өте көп және қалың шыққан. Кенттің кейін Малиновка аталуының негізгі себебі осы болатын. Гертруд Платайс өзінің естелігінде: Бірде тұтқын әйелдер Жалаңаш көлде қамыс арқалап келе жатқанда жолдағы жергілікті қазақтар оларға тас лақтырған. Сонда қарауылдар, «Сендерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретіндерін байқадыңдар ма?» деп күлген екен. Сонда бір әйел алдына түскен ақ тастан сүт пен ірімшіктің иісін сезіп калады. Әлгі ақ тасты тістеп көрсе керемет дәмді, сүт татитынын байқап, әйелдерге жинап алыңдар дейді. Бараққа келген соң оның тас емес, құрт екенін қазақ әйелдері түсіндіріпті. Осы «ақ тас» кейін «Құрт-қымбат тас» деген өлеңге арқау болған. Өлеңнің авторы Голубаева Раиса.
Лагерьлердің жақсысы жоқ, бірақ Қазақстандық лагерьлерде қазақтардың көмегінің арқасында бізде тірі қалғандар көп болды. Алғашында әлсіз әйелдер жан тапсырды. Қамауда отырғандар негізінен интеллигенция ғой. Олар жер қазып, қамыс жинап, трактор жүргізді дейді, Раиса Жақсыбаева «Азаттық» радиосында берген сұхбатында. Кейін лагерь өз алдында ауыл шаруашылық өндірісі шеберханасы мен тігін фабрикасы бар сан-саналы шаруашылыққа айналды. Оларға жоспар беретін болды. Кейін соғыс басталған жылдары майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге жәрдемші болған осы тұтқын әйелдер. 1953 жылы Сталин өлген соң лагерь жабылды. Кейбір әйелдер Лагерь жабылған соң да кетпей сол жерде қалып қойды. Олардың бірі украиндық Ефросия Яковленко. Ол босаған соң Серікбай Тайғаринге тұрмысқа шығып сонда қалған.
Болашаққа жол салып өркендеу үшін өткенді еске алып отыру өркениетті қоғамда қалыптасқан дәстүр. Ел басының жарлығымен 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды. Биыл сол қуғын-сүргінге 82 жыл толып отыр. Сондықтан жазықсыз қаза болған арыстарымызбен түрмеде азап көрген аналарымызды халық болып еске алып, марқұм болғандарға Құран бағыштау азаматтық парызымыз болар еді.
Алтай БАЙБОСЫНОВ,
Текес ауылы.
0 Пікір