БАЛАБАҚША-БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗГІ БАСПАЛДАҒЫ

       1 маусым – балаларды қорғау күніне орай, еліміздің ертеңі саналатын бүлдіршіндерді тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрген Текес ауылындағы“Қызғалдақ” балабақшасының меңгерушісі, тәжірибелі ұстаз Нұрқасымова Батихан Мұғалімқызымен тәлімді әңгіме өрбіттік.

        — Көгілдір көктемге хош айтып, жайдарлы жаз есік қаққан шақтағы бүлдіршіндер мейрамына тұспа-тұс келген керемет күндердің бірінде өзіңізбен сұхбаттасудың сәті түскен екен. Өте қуаныштымын, Батихан Мұғалімқызы! Мерекелік көңіл-күйіңіз қалай?

       -Қайырлы күн Ақерке! Біздің балабақшамызға қош келіпсіз! Менің де әріптестерімнің де көңіл-күйі көтеріңкі. Бүгінгі күн сәтімен басталуда. Мінекей, біздің бүгінгі жұмыс күніміз таңертеңгі сағат 7:30 дан балаларды қабылдаудан басталып та кетті. Осындай қарқынмен жұмыс күнін бастап, кешкі 18:30 да бүлдіршіндерді үйге қайтарумен жұмыс күнін аяқтаймыз.

        “Қызғалдақтай” тәтті үнді бүлдіршіндер мекемесінде неше уақыт жұмыс жасап келесіз?

        -Жалпы “Қызғалдақ” балабақшасына келгеніме биыл сегізінші жыл. Одан ілгеріде педагогика саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Ұстаздық қызметімді ескере кетсем, мектеп оқушыларына қарағанда, мектепке дейінгі мекеме болғандықтан, балдай тәтті балапандарымыздың үніне, күлкілерінің сыңғырына толы балабақшада жұмыс жасау ерекше қуантады. Кішкентай ғана бүлдіршіндерден әрқайссымыз қуат аламыз, олардың періштедей пәк қылықтары жанды ерекше жадыратады.

        Қазіргі таңда сіз басқарып отырған мекемеде жалпы бүлдіршіндер саны қанша? Сондай-ақ, балалардың тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлудесіздер?

       — “Қызғалдақ” балабақшасы негізінен 140 орынға арналған. Алайда, қазіргі пандемия жағдайына байланысты кезекші топтар жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда мекемеде 90-ға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде.

        Әр баланың тәрбиесі балабақшадан басталатыны белгілі. «Мемлекеттің болашағы жаһандық бәсекеге қабілетті жастардың қолында»-деп ҚР тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев айтқан болатын. Ел ертеңінің тұтқасын ұстайтын жастардың тәрбиесіне осы бастан көп көңіл бөлеміз. Ең алдымен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені басты ұстаным етеміз. Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз да соған бағытталады. Бүлдіршіндердің бойына қазірден бастап ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды еліне пайдалы азамат етіп тәрбиелеудің бастапқы сатысын берік қалыптастыруды көздейміз.

       Баланың үй тәрбиесінде белгілі бір режиммен күн өткізуі екіталай. Ал балабақшада әр бала ұйқыдан оянып келген соң арнайы ұйымдастырылған күн режиміне сай тәрбиеленеді. Тәрбиеленіп қана қоймай, олардың денсаулығына да аса мән береміз. Олардың 4 уақыт дұрыс тамақтануы мен жаттығу жасауы салауатты өмір салтына бастаса, білім алып, жан-жақты дамуы да қадағаланады. Сонымен қатар, түскі мезгілде 2 сағат көлемінде тәтті ұйқыға батып ми тынықтыруларын да қамтамасыз етеміз.

       Балалармен бірнеше жылдық тәжірибеңізді ескере отырып мынадай сұрақ туындап отыр. Уақыт ағымымен салыстыра қарасаңыз балалар психологиясындағы қандай да бір өзгерісті байқайсыз ба?

       — Өте орынды сұрақ, менің негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, мектепке дейінгі мекемедегі балалардың бастауыш сынып балаларымен аса алшақтығы жоқ. Бір-біріне жақын деуге болады. Ал осыдан 5-6 жыл бұрынғы бүлдіршіндер мен қазіргі бүлдіршіндерді салыстырмалы сипаттасам арасында үлкен өзгеріс байқалады. Себебі, ғылым мен техника дамып, барлығының электронды форматқа көшуі балалардың даму процесіне ерекше қарқындылық әкелді деп ойлаймын.

       Еліміздің ертеңі саналатын балалар тәрбиесіне балабақшаның тигізер ықпалы қандай?

       — Бала тәрбиесі қоғам үшін өте маңызды мәселе деп білемін. Сол себептен балабақшаның да маңыздылығы өз кезегінде аса жоғары. Балабақшаның бала тәрбиесі мен дамуына ықпалы зор. Себебі, дамып келе жатқан әрбір бала өз жасына сай мүмкіндіктерге ие болып, қабілеттері ашылып, тәрбиенің озық үлгісін ала алады деп санаймын. Бала балабақшаға келгеннен бастап, белгілі бір ортаға кіреді. Сол сәттен бастап ол орта баланың тәрбие ортасына айналады. Психолог, дефектолог мамандар, әдіскерлер, тәрбиешілер, мейірбикелер арнайы жұмыс жасағандықтан бүлдіршіндер қалыпты әрі пайдалы жүйемен дамып келе жатыр деуге толық негіз бар. Балабақша да өте жақсы жұмыс жасап, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Аудан көлеміндегі жетістіктеріміз де бар, ал облыс көлемінде арнайы шығармашылық топқа мүшелік етіп күш-жігердің басым бөлігін балабақша ертеңіне жұмсап келеміз.

       — Батихан Мұғалімқызы, сырлы сұхбат пен ашық әңгімеңізге шексіз алғыс айта отырып, еңбегіңізге жеміс тілеймін! Елдің ертеңгі ту көтерер азаматтарын тәрбиелеудегі қызмет жолыңыз нұрлы болсын!

Сұхбаттасқан Ақерке БИЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password