БАЛ ТӨГІЛГЕН ЖЫЛ БОЛДЫ ДЕЙДІ ОМАРТАШЫ ЕРДОС ХАМИТҰЛЫ

   Ел ішінен бал арасын өсірумен, омарташылықпен айналысып жүрген бірлі-жарым болса да қандастарымыздың барын көргенде қуанып қаламыз. Сирек те болса аса пайдалы, берері көп іспен шаұғылданып жүргеніне жұбанамыз. Сондай еңбекқор, бесаспап азамат Сарыжаз ауылында тұрады. Асанов Ердос Хамитұлы атты азамат шын мәнінде жан-жақты, бесаспап, бәрінен хабардар. Көлік те жүргізеді. Тракторды да меңгерген. Қыс мезгілінде шаңғысымен қыр асып кететіні бар. Шын мәнінде, шаңғыдан өтетін аудандық, облыстық жарыстарда 55 – 60 жас арасында жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүреді. Ал, жаз маусымындағы сүйікті ісі – омарташылық, таулы өңірдің сапалы, дәмді, таза ара балын өндіру болып табылады.

     — Шын мәнінде омарташылықпен айналысып келе жатқаныма 20 жыл болды. Баяғыда бұл өзге ұлт өкілдеріне тән кәсіп сияқты көрінетін. Жоқ, олай емес екен. Жүрек қалады. Талпындық, талаптандық. Оқыдық, іздендік, еңбектендік. Сөйтіп, нәтиже шығардық. Бұл күнде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз,-дейді омарташы Ердос Хамитұлы.

    Ердостың Сарыжаз ауылдық округіне қарасты «Батпақты» деп аталатын өңірге орналастырып қойған «Карпатқа» деп аталатын  33 бал арасының ұясы бар. Бұл өзі тамаша өңір. Таудың құшағы неше түрлы гүлдеріне толы. Ердостай омарташы азамат араның балын жинайтын бірінші кезеңде 50 литрліктен 10 ыдыс бал алыпты. Екінші және үшінші кезеңде 50 литрліктен 20-20 дан 40 ыдыс бал жинапты.

       — Әрине, бұл араларымның еңбегі. Еңбастысы, биыл араның балы төгілген қолайлы жыл болды. Биыл біз араның балын үш рет шайқап үлгірдік. Алла, қаласа, тағы бір шайқаймыз ба деп отырмыз. Жылда екі-ақ рет шайқайтынмыз. Биылғы жылға өкпеміз жоқ,-дейді Ердос күлімдей тіл қатып.

       «Бұл араларымның еңбегі»,-деп қояды Ердостай азамат. Әрине, балды жинаған аралар болса, осы кәсіпті серік етіп келе жатқан Ердостың да маңдай тері бар. Жанына серік еткен кәсібінің нәсібі. Қазірдің өзінде Ердостың үйіндегі қоймасында 60 литрлік ыдыспен 11 ыдыс таулы өлкенің сапалы, таза балы тұр. Сарғыш өңді мөп-мөлдір балды қасықпен іліп алып, жей бергің келеді. Әр литрін 3 мың теңгеден сатуда. Алматыдан, жан-жақтан арнайы келіп, алушылар аз емес. «Қолыңда болса, ауызға тиеді»,-демекші, Сарыжаз ауылының 50-60 пайыз тұрғындары Ердостай жерлестерінің тамаша балының тұрақты сұраныс иелері екен. Қандай жақсы. Осыны көргенде Ердостай азаматқа деген алғыс сезімің арта түседі.

        — Ара деген еңбекқор, жауынгер жарқанаттылар құрамының өкілі. Тұтас бір двизия деуге болады. Бір аналығы бар. Арасында командирлері болады. Егер бір ара бір жолы бос келсе, кешірім жасалады. Екінші рет бос келсе, өлтіріп тастайды. Тәртіптері қатал. Тағы бір байқағанымыз, аралар тамыз айының 15-не дейін тынымсыз бал жинайды. Жиырмасынан кейін шын мәнінде, өнім азаяды. Сол кезде алдына бал қойсаң алып кетеді. Ал, оған дейін балға қарамайды. Гүлден бал жинауға тырысады,-дейді Ердос төрт түлік малындай көріп бағып жүрген аралары туралы шешіле сыр тарқатып.

        Облыс орталығынан шалғай таулы өлкеге орналасқан, теңіз деңгейінен 2 мың метрден жоғары жатқан Райымбек ауданындағы барлық өндірілген дүние, ет пен сүт, қымыз бәрі-бәрі өте жоғары сапаға ие. Ал, бұған көк құрағы келісіп, сан түрлі гүлдері көз жауын алған өңірден дайындалатын араның балын қосыңыз. Оның емдік қасиеті өте жоғары. Бір сөзбен айтқанда, неше түрлі ауруға ем араның балы – табиғи дәрі-дәрмектің қайнар көзі болып табылады.

        — Ара тынымсыз ұшып жүріп бал жинау үшін неше түрлі гүлге қонады. Содан аяғына ілесіп келетін түрлі шөп, заттардың өзі тұнып тұрған дәрумен. Ферга деп аталатын бұл қалдықтар дертке шипа. Асқазан ауруларына бірден-бір таптырмас ем. Таң ертең аш қарында кішкентай қасықпен ферганы, араның аяғына ілесіп келген қалдықтарды балға қосып жеп аламыз. Тамаша. Өзіңді жақсы сезініп жүресің. Бал арасының емдік қасиеті мол балын айтпағанның өзінде осындай шапағаты, жақсылығы бар,-дейді Ердос тағы да бір әдемі әңгіменің шетін шығарып.

        — Бал араның күзгі тамағын жұбайым Жүндібаева Жаңыл Аңламасқызы дайындап береді. Ол негізі қанттан, түрлі қоспалардан әзірленеді. Құры жүргем жоқ. Омарташылықты кенже ұлым Арсенге үйретіп жүрмін. Қазір ол Талғар қаласындағы спорт колледжінде оқып жүр. Келешекте қолымдағы ауыртпалықты солар көтеретін болады. Күзде араның ұяларын Алматы қаласының маңындағы сенімді жерге апарып қоям. Өйткені, қаланың ауа-райы жылы, қолайлы. Ерте көктемнен бастап алма, өрік, басқа да жеміс ағаштары гүлдей бастайды. Менің араларымның бал жинайтын алғашқы кезеңі осы кезден басталып кетеді. Одан соң тау құшағына әкелем,-дейді Ердос тағы да бір әңгімені алға тартып. Бәрекелді дестік. Бағасы жоғары, емдік қасиеті мол істі өмірлік нәсіп еткеннен артық не бар?! Биыл Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов арнайы келіп Ердостай омарташының игілікті шаруасын көріпті. Батпақты өңіріндегі аралар дивизиясының бал жинау науқанын көзімен көріп, Ердостың ісіне ризашылығын білдіріп аттаныпты.

       Ердос пен Жаңыл Сарыжаз ауылындағы өнегелі отбасының иелері. Бекболаттай үлкен ұлдары Тұзкөл ауылындағы электр орталығында жұмыс істейді. Нұрболаттай ұлы Алматы қаласындағы ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүр. Әрсендей кенже ұлы Талғар қаласындағы спорт колледжінде білім алып келеді. Әсемдей қызы отбасылы, шәкірттеріне алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс береді. 3 ұл, 1 қыз өсірген жайлары бар. Олардан бүгінде 7 немере, 3 жиен сүйіп отыр. Не дейік, ара деген жәндікті өсіріп, бал арасын ел игілігіне ұсынып, халқының алғысын арқалап келе жатқан Ердостай еңбекқор азамат та байқамай жүріп биыл алпысына келді. Жаны аман болса, әлі де талай өңірді тамаша сапалы тәтті балымен тамсандыра берері хақ. Біз оған сенеміз.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password