БАЛ  АРАСЫН  МАЛЫНДАЙ  БАҚҚАН АЗАМАТ

    Сарыжаз ауылында Асанов Ердос Хамитұлы атты азамат тұрады. Осынау қастерлі өңірде өсіп-өнген жан. Ақпан айының соңғы күндерінде елеулі де мерейлі 60 жасқа келетін азамат сегіз қырлы, бір сырлы десек, жаңылысып жатпаймыз. Бойына қажыр мен қайрат, табанды еңбек жарасқан Ердостың ел сүйсінер жақсы дүниелері көп. Спортпен де, оның ішінде қыс маусымында шаңғымен айналысады. Жүгіруден марафонға қатысады. Өз қатарластары бойынша ауылдық, аудандық жарыстардың алдын беріп жүрген жоқ. Жақында ғана Сарыжазда өткен облыстық шаңғышылар жарысында 60 жастан жоғары ерлер арасында жүлделі 3 орынды иемденіпті. Бұл жақсы нәтиже. Техниканың қыры мен сырына қанық. Көлік жүргізеді. Тракторды да меңгеріп алған. Ең бастысы, жаз маусымы бітті Ерекеңді ауыл ішінен шам мен іздеп табу қиын. Табиғаты керемет, гүлді-гүлді алқаптардың арасынан табасың. Ерекең шын мәнінде, бесаспап омарташы. Оның жазғы тірлігін көріп, араларымен бірге өзі де дәмі тіл үйіретін бал жинап жүргендей сезінесің.  Демек, Ердостай азаматтың омарташылық еңбегі туралы айтқанның, жазғанның жөні бөлек. Өйткені, Райымбек, Кеген аудандарында бал арасын өсіріп, оның бар машақатын арқалап, ақ тер, көк тер боп жүрген жанды табудың өзі қиын. Қыр жайлаған ағайын, өзіміздің қандастарымыз бұл басқа кіріп шықпайтын шаруаны көбнесе  қала жақтан келетін ұлты бөлек жандарға ғана тән деп бағалайды. Олай емес. Оны үйренсем, білсем, айналыссам деген жандар үшін түк қиындығы жоқ екен. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Сарыжазда тұратын Ердостай азаматты тауып алып, жөнін сұрап, шұғылдана бер. Тек оның бар ауыртпалығын бір кісідей көтеру керек. Қиындығына төзу қажет. Сосын байқамасаң оңдырмай шағып алатын ызыңдағаннан басқа тілі де жоқ ара деген жәндік төрт түлік малың секілді айтқаныңа көніп, бергеніңді жеп, қазаныңа ас салғандай тамаша балын төгіп-төгіп береді.

    Облыс орталығынан шалғай таулы өлкеге орналасқан, теңіз деңгейінен 2 мың метрден жоғары жатқан Райымбек ауданындағы барлық өндірілген дүние, ет пен сүт, қымыз бәрі-бәрі өте жоғары сапаға ие. Ал, бұған көк құрағы келісіп, сан түрлі гүлдері көз жауын алған өңірден дайындалатын араның балын қосыңыз. Бал арасы жарғаққанаттылар құрамының өкілі болып саналады. Ара топталып  үлкен ұя болып тіршілік етеді. Бір ұяда бір ұрғашы аналық ара, бірнеше жүз еркек ара және жүз мыңға тарта «жұмысшы» аралар болады. Рас, бал арасы табиғаттың таңғажайып сыйы болып табылады. Ғылыми зерттеулер бойынша, араның балын ұзақ өмір сүрудің диетасы деп бағалаған. Оның емдік қасиеті өте жоғары. Бір сөзбен айтқанда, неше түрлі ауруға ем араның балы – табиғи дәрі-дәрмектің қайнар көзі.

   Бұрнағы жылдары біз жұмыс бабындағы  сапарымызмен Сарыжаз ауылдық округіндегі екі омарташының жұмысымен танысқанымыз есімізде қалып қалды. Соның бірі Ердос Асановтай азамат болатын. Тау етегін жағалай табиғаты көз тартар жерге келдік. Шөбі қалың. Неше түрлі гүлдері самал желмен тербетіле түседі. «Батпақты» деп аталатын көркем өңір болып шықты. Жанында ғана жасыл шыршалы әсем таулар менмұндалап тұр. Ердос бастаған бірнеше адам қаз-қатар тізілген ұялардың жанында өз істерімен алаңсыз айналысуда. «УАЗ» көлігінің ішіне орналастырылған арнайы қондырғының жанында бір адам араның балын шайқаумен айналысып тұр. Бір жерде от жағылып, түстік ас әзірленуде. Міне, араның балын жинаушылар ауылының біз көрген тірлігі осындай. Ары-бері заулаған мыңдаған араның арасынан ептеп Ердостай омарташы суретке түсіріп үлгердік. Тәп-тәтті сап-сары балдан дәм таттық. Тілімізді үйіріп әкетті.

-Араның балын  жинаумен айналысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Былтыр 40 литрлік ыдыспен 18 ыдыс бал жинадым. Биылғы жағдайымыз да жаман емес. Алғашқы маусымда 40 литрлік ыдыспен 14 ыдыс бал жинап үлгердік. Балаларым, жақындарым белді көмекшілерім,-дейді омарташы Ердос жылы жымиып қойып.

   Омарташының 38 ұясы бар болып шықты. «Карпатка» деп аталатын бал аралары бал жинауда. Жас кезінде әкесі Хамит Асанов омарташылықпен айналысқан екен. Жалпы, бұл игілікті істі ауылдасы, көп жылдардан омарташылықпен айналысып келе жатқан Нұрдәулет Мәнжуовтан үйреніпті. Ердос бүгінде 57 жасына келген. Шаруашылықтар тұсында жүргізуші болған, түрлі іспен айналысқан. Дәл қазіргі уақытта тауып алған кәсібіне көңілі тола түседі.

-Бал араның күзгі тамағын жұбайым Жүндібаева  Жаңыл Аңламасқызы дайындап береді. Ол негізі қанттан, түрлі қоспалардан әзірленеді. Құры жүргем жоқ. Араның балын жинауды ұрпағыма үйретіп келемін. Келешекте қолымдағы ауырлықты солар көтеретін болады,-дейді Ердос тағы да бір әңгімені алға тартып. Бәрекелді дестік. Бағасы жоғары, емдік қасиеті мол істі өмірлік нәсіп еткеннен артық не бар?!

    Осы сапарымыздан кейін Ердостың ісі, еңбегі туралы облыстық «Жетісу» және республикалық «Егемен Қазақстан» газеттеріне мақала жаздық. Жазғанымыз жатып қалған жоқ. Екі басылымға да жарқ ете қалды. Фейсбук желісіне де салып жібердік. Риза болған толағай лебіздің астында қалдық.

-Содан қызық болды. Балымды қалаға барып сатып әуре болмадым. Сенің жазбаларың арқылы іздеп келіп, үлкен ыдыстарымен қотара бірақ алып кетті. Әрине, өз бағасына. Біздің азғантай еңбегімізді бағалап, көрсеткеніңіз үшін сізге жанұямның атынан алғысымды білдіремін,-дейді Ерекең жылы жымиып қойып.

  Ердос пен Жаңыл Сарыжаз ауылындағы өнегелі отбасының иелері. Бекболаттай үлкен ұлдары Тұзкөл ауылындағы электр орталығында жұмыс істейді. Нұрболаттай ұлы Алматы қаласындағы Ішкі істер бөлімінде қызмет атқарып жүр. Әрсендей кенже ұлы Талғар қаласындағы спорт колледжінде білім алып келеді. Әсемдей қызы отбасылы. 3 ұл, 1 қыз өсірген жайлары бар. Олардан бүгінде 4 немере, 3 жиен сүйіп отыр. Не дейік, ара деген жәндікті өсіріп, бал арасын ел игілігіне ұсынып, халқының алғысын арқалап келе жатқан Ердостай еңбекқор азамат та байқамай жүріп алпысына келіп қалыпты. Жаны аман болса, әлі де талай өңірдің тамаша сапалы тәтті балымен тамсандыра берері хақ. Біз оған сенеміз.

                                                 Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                   Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password