БАЙСЕЙІТ ТӨЛЕСҰЛЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ

    Жетісу өңірі іргелі батырлық дәстүрі бар және ол үзілмей, түрлі сындардан сүрінбей өтіп, сабақтасып, жалғасып келе жатқан өңір. Түрлі тарихи кезеңдер мен оқиғаларда елі мен жерін қорғаған Сырымбет, Хангелді, Райымбек, Төлес, Бөлек, Сатай, Малыбай, Қалыбек, Байсейіт, Биеке, Бәймен, Есенаман, Құсық, Сәлбен және басқа көптеген ірі тарихи тұлғалар осы батырлық дәстүрдің Жетісу өңіріндегі жарқын көрінісі. Ұлы Сүйінбай ақынның «Ер азамат жауда өлер» деген сөзі бар. Бұл сөзді заман тудырған, яғни сондай қатыгез заман болған. Халық тағдыр сынына өз арасынан ер-азаматтарын шығарып, лайықты жауап берген. Махамбет ақын ел қорғаған батыр азамат «Мұз үстіне от жағып, қу найзаға сүйеніп, құр далада зар қаққан» дейді.

Ұлы Дала төсінде орналасқан қазақ жері талай тарихи кезеңді басынан кешірді. Ертедегі дәуірлерді айтпағанда, жаңа заманға жатқызылатын ХVIII-ХХ ғғ. аралығында қазақ халқы жойқын сындардан өтті, екі ғасырға жуық уақытқа созылған қалмақ-жоңғар соғыстарынан аман өтсе, алда одан да қауіпті ресейлік отарлау саясаты күтіп тұрған еді. Осындай тарихи дәуірлерге созылған ұлы күрестер халық ішінен небір қаһарман тұлғаларды, батыр-көсемдерді шығарды. Осындай сын кезеңдер жауынгер тұлғаларды ғана емес, батырлығы, билігі үзілмеген тұтас бір әулеттерді де дүниеге әкелді.

Әрине, сан ғасырларға созылған Ұлы Дала тарихында батыр әулеттер аз болған жоқ, талай тұлғалар өтті, олардың көпшілігі сол белгісіз күйінде мәңгіге тарих қатпарында қалып кетті. Бірқатар тұлғалардың есімдері, еліне, жеріне істеген қызметтері халық жадында және сарғайған архив қағаздарында сақталып қалды. Дегенмен ел қорғап, қол бастаған, есімдері бір өңір батыры деңгейінен әлдеқайда асып, өз заманында бүкіл қазаққа ғана емес, көрші елдерге де мәлім болған бірқатар тұлғалар әлі де болса елес ішінен аршып алуды қажет етуде. Ел тағдыры шешілген ауыр заманда ерте есейген қазақ батырлары «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіретіне қарсы тұрып, айрықша болмысымен, ерен ерлігімен көзге түсті.

Қазіргі кезде «батыр» сөзінің этимологиясы туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Жалпы бұл мәселеге ең алғаш көңіл аударған Ш.Уәлиханов, В.В. Радлов, Л. Костенко сынды революцияға дейінгі оқымыстылар «батыр» сөзі түркі – моңғолдың «баһадүр» – batur, багадүр, деген сөзден шыққан, негізгі мағынасы ер жүрек, батыл дегенді білдіретінін көрсеткен. Революциядан кейінгі авторлар да осы тұжырымды толықтыра түседі. Кеңестік дәуірде жарық көрген кейбір сөздіктерде де «батыр» терминінің «batur» сөзінен шыққандығын және оның ел үшін жауымен сайысқан тарихи қаһарман, алып ер екендігі түсіндіріледі. В. М. Вяткин «батыр» сөзінің XVI ғасырға дейін, тіпті ертеден-ақ пайдаланып келе жатқанын, «егер ежелгі германдықтарда әскери көсем өзінің айналасына өзіне адал берілген жастарды жинаса, қазақтарда да батырлар ерекшеленіп, оның айналасында да адал берілген жігіттердің топтасатынын тілге тиек етеді. Сондай-ақ «Қадірғали би Қосымұлы және жылнамалар жинағы» атты тарихи құнды еңбек авторлары Р. Сыздықова мен М. Қойгелдиев «баһадүр» тұлғасы екі мағынада, біріншісі батыр, жүректі адам, екіншісі сол батыр адамға берілген атақты білдіреді. Сонымен қатар баһадүр сөзі моңғол билігі тұсында феодалдық қоғамдағы әскери иерархияның титулы болған деп жазады. Батырлар көшпелі қоғамының әскери тәжірибесін, дәстүрін сақтаушы және оны келешекке дәріптеуші. Батырлар өздерінің әскери өнері арқылы келешек ұрпақты патриоттық сезімге, Отан сүйгіштікке тәрбиелейді.

Ел аузындағы әңгімелерде, дастандарда, жыраулардың шығармаларында ұлықталатын ұлттық ұлы батырлар ХV-ХVІІ ғасырлардағы Отан тарихына өз есімдерін қапысыз жазғанменен, толық мағынасындағы миссияларын атқарғаны 1723-1756 жылдар еншісінде. Бұл – жоңғарлардан ойсырай жеңілген қазақтардың жер бетінен жоғалуға шақ қалған, Қабанбай, Бөгенбай, Ақтамберді, Баймұрат Байбөріұлы, Райымбек, Байсейіттей батырлар мен ақыл иелерінің қайратымен бас біріктіріп, қатерлі дұшпанды кері қуған, Ресей мен Қытай империяларының Қазақстанға сұғына кіруіне барынша қарсыласқан жылдар. Батырдың батырлығы басқаларды жаулаумен емес, елін, жерін дұшпаннан қорғаумен, азаттық үшін күресумен паш етілсе керек. Әрине, Жоңғар мемлекеті жойылғаннан кейін негізгі дені ердің жасы елуге енді шыққан ұлы батырлар қарақан басының қамын күйттеумен шектелмегені сөзсіз. Ортасының сөз ұстаған топбасына, Қытаймен, Ресеймен келіссөздер жүргізген мәмілегерлерге айналғандары бар.

Тарихтағы әрбір тұлға – ең алдымен, өзі өмір сүрген дәуірінің не заманының тұлғасы. Ол уақыт пен кеңістік шеңберінде өмір сүре отыра жеке басының қасиеттері арқасында тұлға боп қалыптасады. Басқаша айтсақ, тұлғаны заман туғызады.  Сол себепті де тұлғаны танып-білу үшін, оның тарихта алатын орны мен рөлін анықтау үшін тұлға өмір сүрген заманды, сол замандағы қоғамдық өмірдің ішкі ағымдарын  терең білу қажет.  Бұны тұлғатанудағы заң, ереже, қағида деуге болады.

Әр рудың өз батыры, сыйлы биі, ақылгөй данасы бар. Қазақ халқы батырын ерекше құрмет көрсетіп, қадір тұтқан. Жау келсе қорған, қалқан болған батырдың ерлік істерін аңыздай айтып, жырға қосқан. Елдің амандығын тілеген батырларға ел билеткен. Осы талаптарға сай біз төменде  Байсейіт батырдың тұлғалық болмысын білу үшін оның өмір сүрген заманы – XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси жағдайларына тоқталалық.  XVIII ғасыр – қазақ-жоңғар қатынастарының шиеленіскен ғасыры,   XVIII ғасыр – жоңғарларға қарсы күресте қазақ халқы өзінің бостандығын, елінің азаттығын, жерінің  тұтастығын сақтап қалған ғасыры, сондай-ақ  XVIII ғасыр – қазақ  батырлары мен билерінің ғасыры деуге болады.  Міне, осы ғасырдың бірінші жартысында біз қарастырып отырған тарихи тұлға – Байсейіт батырдың саналы ғұмыры өтеді.

Байсейіт батырдың  қазақ тарихында із қалдырған саналы ғұмыры XVIII ғасырдың бірінші жартысына, дәлірек айтсақ, осы ғасырдың 20-40-шы жылдарына  сай келеді. Қазақ тарихында Тәуке ханның билігі тұсындағы кезең «алтын ғасыр» немесе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деген атауға ие болса, ол қайтыс болғаннан кейін қазақ қоғамы үшін ол кезең қол жетпес сағымға айналады. Тәуке ханнан соң  көп ұзамай айналасы 3 жыл ішінде  қазақ жүздеріндегі ең беделді қазақ хандары бірінен соң бірі қайтыс болады.

Қазақ Елінің осы тұстағы ішкі саяси жағдайы оның сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізеді. Ол жөнінде  Ш.Ш.Уәлиханов былайша сипаттап жазады: «XVIII ғасырдың алғашқы онжылдықтары қазақ халқы үшін өте қиын уақыт  болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары және башқұрттар қазақтардың ұлыстарын жан-жақтан талап, малдарын айдап әкетіп, адамдарын отбасыларымен бірге тұтқынға әкетіп отырды. Қыстың аяздары мен аштық құдайдың жіберген сынағы тәрізді, халықтың қасіретін одан әрі қиындатып жіберді. Орынборда болған қазақтың бір рубасы халқының жағдайын тазыдан қашып келе жатқан бір топ қоянға теңеген».

Енді осы кезеңдегі батыр Байсейіттей тұлғаның қазақ қоғамындағы тарихи болмысы мен іс-әрекеттеріне тоқталсақ. Ел аузындағы ауызша аңыз-әңгімелердің материалдарына жүгінсек, Байсейіт батыр XVIII ғасырдың басынан бері жоңғарларға қарсы күресте ерлік жасап, батырлығымен көзге түскен екен. «Заман тұлғаны тудырады» деген қағидаға сай ауыз әдебиеті материалдарының мәліметтері тарихи тұлғаның қалыптасу жолын көрсетіп тұр. Ешкімнің де бірден батыр, не би болып тумайтыны белгілі. Мұндай атаққа, дәрежеге жету үшін тұлғаның халық алдындағы еңбегі адал, таза болуы шарт.  Байсейіт Төлесұлы да осы жолдан өтіп, жас кезінде жауға қарсы күресте ерлік жасап, батыр атанса,  кейін келе қол бастап, қолбасшы атанады.

Ұлына Досалының жағаладық,

Бірімбет сол кісінің баласы екен,

Болмасын сөзім қаяу шалып.

Аяңдап Құлсадыққа енді келдік,

Түгендеп бас-аяғын санап алып.

Албанға аты шыққан батыр Төлес,

Ұлы деп Құлсадықтың шамаладық, – деп Көдек ақын жырлайды. Көдектің өлеңіне кірген Төлес батырдың қандай шайқастарға қатысқандығы туралы мəлімет таба алмадық. Әйткенмен де Көдек оны «Албанға аты шыққан батыр» деп жырлайды. Ақын қалып айтпайды. Яғни Төлес – батыр. Төлестің ағасы Шақа Дулат еліндегі Қарабидің қызы Нұрлыбикеге үйленіпті. Шақа Шыршық өзеніне қой тоғытып жүріп, абайсызда ағыны қатты суға ағып кетеді. Шақаның жылынан соң көптеген жігіттер Нұрлыбикеге сөз салып, ақылына көркі сай келіншекті айттырып, маза бермейді. Нұрлыбике Төлесті ертіп, төркіні Қарабидің ауылына келеді. Қараби қызының қалауы бойынша оны Төлеске қосады. Жыл уағы өткенде Нұрлыбике Байсейітті дүниеге əкеледі. Досалы атадан төрт буын уақыт араға салып дүниеге келген Байсейіт ел шежіресінің дерегіне қарағанда 1680 жылы туып, 1785 жылы 105 жасқа келіп қайтыс болған. Батыр жайлы ел аузында әр түрлі аңыз бар. Байсейіт Төлесұлының есею жылдары Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қаратауға келіп қоныстанған Қаракерей Қабанбай батырдың Ергенекті ауылымен қоныстас отырғанға ұқсайды. Ауызекі əңгімеде Байсейіт нағашы атасы Дулат Қарабидің тəрбиесін көрген екен. Әкесі Төлес батыр үлкен соғыстарға араласып, аты шыққан адам болғандықтан əке көрген оқ жонар демекші өз кезегінде елі мен жерін жаудан қорғап ұрпақтарына батыр аты қалған. Аңыз-әңгімелерде Байсейіт батыр он жеті жасынан көзге түсіп, батыр атанған. Ондағы мәліметтерде батырдың жоңғарлармен шайқастарға қатысуы, талай жекпе-жектерде қарсыластарын жер жастандыруы туралы баяндалады. Қазақтың басқа да батырларымен бірге дәл осы кезеңде Байсейіт батыр да ел мен жерді қорғауды ұйымдастыруға, оған басшылық жасауға белсене араласады. Батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі кейінгі ұрпаққа жыр-дастандар түрінде жеткен.

ХVІІІ ғасыр батырларын  қазақ халқының ұлы перзентіне айналдырған құдірет олардың бар тағдырының азаттықты, төл мемлекетін, ұрпақтың болашағын аянбай қорғауға арналғанында. Ерлігі мен жүректілігі, намысқойлығы мен мәрттігі, ұлылығы мен қарапайымдығы, қайраты мен ақылы ұлт мүддесіне, ұлттық идея мен идеологияға қалтқысыз бағышталғандықтан сын сағатында буырқанып сыртқа шықпай тұрмады.

Ең бастысы ел тағдырындағы, ұлттық тарихымыздағы әрбір есімі белгілі, халық жадында биік тұғырға көтерілген, халықтық ұғымдағы ел махаббатына, ел сүйіспеншілігіне бөленген батыр – тарихи тұлға ретінде бүгінгі күнде де, қазіргі заманымызда да еш маңызын жоймайды. Әсіресе қазіргі тұста, қолымыз ұлттық тәуелсіздікке жетіп, еліміз ғасырлар бойы аңсаған, армандаған егемендігін алған тұста қазақ батырларының баға жетпес еңбегі, ерлік жорықтары, ең бастысы бір сүйем қазақ жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен жаға жыртысып тағдыр кешкені – тарихи танымның, рухани тағылымның баға жетпес биігі осы.

Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, өз халқына қиын-қыстау заманда адал еңбек жасаған, қазақ қоғамындағы бірлікті ту еткен батыр Байсейіт Төлесұлы секілді тұлғалар қашанда құрмет тұтуға лайықты тұлға, оның есімі қазақ халқымен бірге жасай береді дегіміз келеді.

Рашид ОРАЗОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих

және этнология институтының

аға ғылыми қызметкері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password