БАБАЛАРЫМЫЗ АҢСАҒАН БАҚЫТ

            Биылғы жылдың орны бөлек. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы! Мерейлі жыл, мерекелі жыл! Маңдайымызға біткен, басымызға қонған бағымыз бен бақытымызға 30 жыл толып отыр. Ұлы Даламыздағы Мәңгілік Ел көшіндегі бақытымыз баянды, қуанышымыз ғұмырлы бола берсін, лайым!
Жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жүрекжарды мақаласын жариялап, жылдың ерекшелігіне егжей-тегжейлі тоқталды. Аталған мақаласында «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табысты және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу»,-деп атап айтты. Мемлекет басшысының осы сөзі ойымнан шықты. Бәріміз Тәуелсіздігіміздің тұғырлы да ғұмырлы болуы үшін еңбек етіп, өмір сүруіміз қажет. Мемлекетімізге тірек болар, соғып тұрған жүрек болар жас ұрпақ қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана ойымыз орындалады, болашағымыз мығым бола түседі. «Отан – от басынан басталады»,-деген жақсы сөз бекер айтылмаған. Біздің кең байтақ респуликамыз шалғай орналасқан ауылдардан, әрбір от басынан құралады. Солардың тілегі, білегі, жүрегімен отын жағып, экономикасын нығайтып, қуаттана түседі, шуақтана түседі. Мемлекетіміздің басшысы «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі»,-деп орынды сөз қозғады. Жаңа ғасыр шын мәнінде білімді жастардың ғасыры. Өскен, өркендеген, жылдамдықпен дамып бара жатқан ұшқыр кезеңге лайықты жастар керек. Бүгінгі заманның озық технологияларын меңгерген, ағылшын тілін білген жастарымыз баянды болашағымыз, кемел келешегіміз болады. Мен бүгінгі жастарға сенемін әрі үлкен үміт артамын. Жүректеріне иман ұялатқан, жаман әдеттерден аулақ жастарымыз көптеп өсіп келеді. Сол жас өрендеріміз аман болсын! Биыл 30 жылдығы атап өтілгелі отырған Тәуелсіз Отанымыздың тілеуі мен тірегіне айнала берсін!
Ата бабаларымыз сан ғасыр аңсаған Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болғанын қаламайтын, тілемейтін жан жоқ деп білемін. Еркін елге айналып белесті кезеңдерін басынан өткерген мемлекетіміз үшін Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев лайықты еңбегін сіңірді. Оның бәрі тарихымызға жазылып қалды. Бүгінгі мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоланы алған шаруаларын да шын жүрегімізбен қолдап келеміз. Күннің ауыры артта қалсын! Жақсы күндеріміз алда. Ең бастысы, бақытымыз баянды бола берсін!
Кеңесбай БАЙҚАНОВ,
облыстың және Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password