БАБАЛАР ЕРЛІГІ ЕЛГЕ-МҰРА, ҰРПАҚҚА-ҰРАН

        Елі мен жерін найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған батыр бабалардың ерлік істері, сөзімен де, ісімен де бүкіл елге тірек болған ақылы дәрия әулиелердің өнегеге толы өмірлері бүгінгі ұрпақ үшін ұран әрі мұра болып қалыптасары белгілі. Солай болып келеді де. Бұл ойымызға батыр бабалардың рухын асқақтату мақсатында әр жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп келе жатқан тарихи маңызы зор, танымдық шаралар толық дәлел бола алады. Әсіресе, Хангелді, Райымбек сияқты баһадүрлердің сайланып келген жауға қарсы ұрыс салып, атақоныс жерімізді азат етудегі ерліктері бүгінде аңызға айналды.Шоған абыз, Әлмерек бабалардың данагөй тұжырымдары, Мұқағалидай ақиық ақынның өміршең жырлары келер ұрпаққа тура жол сілтейтін бағдаршам ретінде халықтың жүрегіне мәңгі тұрақтады. Тау алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты елі мен жері үшін қасық қанын аямаған, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқты пайым-парасатқа толы сөздерімен дәлелдеп өткен ұлы бабалардың есімі жылдар алға озып, ғасыр ауысса да ұмытылмайтыны, жаңарып, жаңғыра беретіні анық.

        Қасиетті Тәңіртау етегіндегі Жамбыл ауылында күні кешегі қасиетті Жұмада қасиетті Мешіт үйінен бастау алып, бүгін жарасымды жалғасын тапқан Байсейіт батыр Төлесұлының туғанына — 340 жыл толуына арналып өткізілген шарапатты шара да көңілімізді көркейтіп, мерейімізді асқақтатқаны анық. Асылымызды ардақтау, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді қайта тірілту бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы болса, Байсейіттей баһадүрдің рухын қайта түлетуге арналған бүгінгі дүбірлі думан сол асыл парыздың жүзеге асқанын көрсетті. Мәні мен маңызы артып, танымдық қыр-сыры жан-жақты ашылды. Батыр бабаның ерлікке толы өмірін ұрпақтар жадында қайта жаңғыртты. Ерліктің елге-мұра, ұрпаққа – ұран болатынын тағы да бір дәлелдеді.

        Бәйсейіт батырдың туғанына -340 жыл толуына арналып Жамбыл ауылында өткен шараның барысы туралы газеттің келесі нөмірінде толық баяндайтын боламыз.

(Жалғасы бар.)

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password