«БАБАЛАР АМАНАТЫ»

      Сонау темір дәуірінен бері қарай ежелгі тарихымызға көз жүгіртер болсақ, біздің арғы тегіміз сақтар (скифтер), үйсіндер, қаңлылар, ғұндар, түркілер т.с.с. осы біздің қазіргі өмір сүріп отырған Қазақстанның жер аумағында тіршіліктің нәрін татқан ата-бабаларымыз. Бұларды ой-санадан алып тастау оң нәтиже бере қоймас. Өйткені, біздің өскелең ұрпақтарымыз түп-тамырынан хабарсыз болса, мәңгүрт болары ащы шындық. 1465 жылы Керей хан мен Жәнібек хан сол дәуірдегі тайпа елдердің басын біріктіріп, «Қазақ хандығын» құрып, «қазақ» деген ұлт болып қалыптаспадық па?. Дана халқымызда «Тегін білмеген – тексіз!» деген аталы сөз бар. Иә, олай болса сол «бабалардың аманаты» болған жерді, елді сырт жаулардан қорғау дәстүрге айналған және бола да бермек. Бұл атадан-балаға мирас болып қалып келе жатқан шексіз шара. Осы үрдісті біздің Нарынқол өңірінен шыққан баһадүр батыр бабаларымыз да жалғастырды емес пе? Тіпті, тарихымыздың тереңіне ой жүгіртіп бойламасақ та, соңғы 100 жыл, яғни, бір ғасырдың көлемінде еліне елеулі кімдер болды. Айталық, 1916 жылғы «Қарқара көтерілісінде» Ұзақ, Жәмеңке батыр бабаларымыздың қасында қаруларын қолына алып қол бастаған Мергенбай Жанболатұлы (Жаманкөз), Қожеке Жарылқасынұлы, Қазыбек Шорманұлы, Құдайберсін Жауғашев, Жазылбек Серібаев, Батталғазы, Монай, Мұқан және т.б. хас батырларымыздың тарихта болғаны баршамызға аян. Осы батыр аталарымыздың әрқайсысына тоқтам жасап, әрбір істеген ерлік-істері жайында болашақ ұрпаққа үлгі-өсиет ретінде жазып қалдыру қазіргі біздің міндетіміз деп білемін, ағайындар!

       Осы ниетпен, үлкен әкем Жанболатұлы Мергенбай батыр туралы Жамбыл ауылының тұрғындары, яғни «көнекөз қариялар біледі екен» дегенді естіп, 2021 жылы маусым айының соңына таман жеңіл автокөлі- гіммен Алматыдан сапар шегіп жолға шықтым. Жамбыл ауылына келіп ауылдың белсенді азаматтарының бірі Айыпжан Қаптағаев ағаны сұрастыра жүре, іздеп тауып, амандасып: «Үлкен қариялардан кімдерге жолықсам болады» деген сауалымды айтып едім: «Тұрсын қария, Мұқан қария, Нұрхан қария осы ауылдың көнекөз қариялары, сенің іздегеніңе осы аталар нақ жауабын беретін болар» деді. Рахметімді айтып, Тұрсын қарияның үйіне қарай бет алдым. Аулаға кіріп едім, дәу сары иттері абалап үріп мені ілгері қарай аяқ бастыртпады. Арғы жағынан: «Жат-ей, қайтеді мына кәрі төбет!» деген қарияның даусы шығып еді, ішкі жан-дүнием жып-жылы боп кете барды… Неге десеңіз, менің 350 километр ара қашықтықтан іздеп келген қариям үйінде екен. Далада, үйдің көлеңкесіндегі ұзын орындықта астына жұмсақ көрпесін төсеп алып отыр екен, жәйлап басып қасына келдім де: «Ассалаумағалейкум, ата!» дедім. «Уағалейкумассалам, шырағым! Әй жігітім, кімнің баласы боласың, біздің ауылдың балаларына ұқсамайсың ғой» деді ата сәл күлімдеп. Әрі қарай арғы тегімді, келген ниетімді айтып едім, ата: «Е-е-е, қалқам-ай! Сонша жерден темір атыңды терлетіп келген екенсің, сауалыңды қоя ғой. Сексеннің бесеуіне келдім, кәрілік жетті, ой-санамда қалған әңгімем болса айтып берейін» деп күлімдеп қана келісе кетті. Осы сәтте байланыс телефонымның диктофонын қосып алдым да:

        – Ата, олай болса, өзіңізді таныстырып, жастық шағыңызда Мергенбай батыр туралы әкелеріңізден естігеніңзді айтып беріңізші! – дедім.

       – «Айтып берейін, балам! Менің атым Тұрсын, әкем Ерепбай, атамның аты Сапақ, сонда мен Сапақов Тұрсын Ерепбайұлы боламын. Бәйсейіт бабаның ұрпағымыз, Жамбыл ауылының тұрғынымын. 1936 жылы жарық дүниенің есігін ашыппын. Әкем Ерепбай осы Нарынқолдағы комендатурада 18 жыл қызмет істеген адам. Кейіннен «халық жауы» деп ұсталған ғой. Әкемнің уағында мен сөз тыңдайтындай емес едім, жас болдым. «Әй, әттеген-ай!» деп өз бармағыңды өзің шайнағанмен ешбір нәтиже бола қоймас. Есейе келе ауылдағы ірі қариялардан естігенімде, Мергенбай деген кісі осы Нарынқолдағы комендатурада жұмыс істепті. Сол қызметінде жүрген кезінде ел арасы бүлініп, қуғын-сүргінге ұшырап «халық жауы» деген бәлелері тағы шығып, сол аралықта бұл кісі комендатурадан кетеді. Неге десең: «Ел арасына іріткі салып, бүлдіріп жүрген сенсің» деп жала жапты емес пе? Ол кісінің артында адамдары болған екен, екі мемлекет арасында жүріп тұрыпты. Бақтораз деген кісі Мергенбай жағындағы топта болыпты. Сол Бақтораздың айтқанын, мен, өз құлағыммен естіп едім: «Мергенбай өте сауатты, сезімтал, құралайды көзден атқан мерген болған» дегенді. Ал Бақтораздың әкесі Күлембек деген кісі бұл жердің партиясында болған ғой, яғни, большевиктер жағында. Осы Қақпақта өмір сүрген адам.

       Бір жылы Мергенбайдың тобы Шұрбарталдың бергі жағы Қаратұмсықта біреулермен кездесу өткізбекші болған екен. Мұны әкесі Күлембек сезіп қалып, жолын торуылдатыпты. Межеленген жерге Мергенбайдың тобы келген кезде Күлембектің тобы қызылдар мылтықтан оқ атып, екі жақтың да адамдары қырылып қала жаздапты. Әйтеуір, Құдай сақтап бәрі дін аман қалыпты да, өзара келісімге келіп тарқасыпты. Осы оқиғадан кейін Бақтораз әкесі Күлембекке келіп: «Әй, Күлембек! Сен оңбайсың. Қарап отырып елді қырып ала жаздадық, бұл не деген сұмдық, неге маған ескертіп айтпадың, сен ба?, сен…?!» деген екен, әкесі Күлембек: «Сенің де оңып тұрғаның шамалы ғой» деп теріс айланып жүріп кетіпті. «Сөйтіп, Мергенбайдың тобы өз жолымен кетті, мен осында қалдым. Бірақ та, Мергенбай тобының осы жаққа келіп-кетуін басқарып жүрген мен болдым. Кейіннен, әкемнің қарғысы маған тиді ме, қайдам білем, әйтеуір, ұрпақсыз қалдым, артымда тұқымым жоқ» деген Бақтораздың өкінішті әңгімесі есімде сақталып қалыпты.

        Үлкен қариялардан Мергенбай батыр туралы тағы бір болған оқиғаны естіп едім, соны айтып берейін. Бұл оқиға Мергенбайдың Нарынқолдың комендатурасына келмес бұрын болған екен.

       Сол бір қилы заманда осы өңірде өмір сүрген: «Құйқабайдың мыңғыраған жылқыларын қалмақтар барымталап алып, Қытай жеріне айдап әкетіп бара жатыр» деген хабарды, дереу Мергенбайға жеткізген ғой. Сонда Мергенбай батыр Шұбарталдан қос атпен жолға шығып туысы Асаубекті, қасынан бір адым да қалмайтын Қисар деген кісіні және 2-3 жігіттерді ертіп, мына Байынқолдың өр жағындағы Ала айғыр деген асуға келіп, тасада тосып жатады. О бір мезетте, қаннен қаперсіз үйір-үйір жылқыларды айдап келе жатқан он шақты қалмақтар жақындай бере атыс басталып, екі жақтан да оқ атылып, қалмақтардың бірнешеуі оққа ұшады. Қалған қалмақтар қазақтарға төзіп бере алмасын сезді ма, қайдам, айдап келе жатқан жылқыларының біріне шалма лақтырып ұстап, жетегіне ала жан ұшыра қаша жөнеледі. Артынан Мергенбайлар оқ жаудырады, әлгілер, қашып құтылып бел асып көзден таса болады. Содан атыс-шабыс тоқтап, әйтеуір, Мергенбайдың адамдарына оқ дарымаған, дін аман. Айнала тамылжыған тыныштыққа ене қалады. Осы сәтте Мергенбай өз адамдарын түгендесе, Қисар жоқ! «Ойпырмай, бұл қайда кетті, оққа ұшты ма, жоқ әлде қалмақтардың қолына түсіп қалып, солар алып кетті ма…?» деген шытырман оймен, дауыстап; «Қисар, а, Қисар!» деп жабыла жан-жақтан іздеуге кіріседі. Бір мезетте: «Әй, жігіттер! Мен мұндамын» деп, бір күйген томаша қарағайдың діңінің ішінен күйе-күйе болып шыға келеді. Мұны көрген Мергенбай қатты ашуланып: «О, қорқақ ит неме! Осы тұрған жеріңде-ақ, табанда атып тастайын ба?» деп қаруына жармасқан екен, қасындағы жігіттер: «Меке, сабырлық сақтаңыз, бұл бейбақты бір жолға кешіріңіз!» деп айтып, арашаға түсіп аман алып қалыпты. Сөйтсе, Қисар қардай бораған оқтан жасқанып, әлгі қарағайдың қуысына «зып» етіп кіріп алып, бұғынып жатып алыпты. Ал қалмақтардан қорғап қалған жылқыларды, иесі Құйқабайдың өзіне айдап әкеліп тапсырып берген екен.

        Мінеки, біздің ата-бабаларымыз сол бір қилы заманда «елім, жерім» деп мал-жанға қорған бола жүріп, атаңа нәлет ит қалмақтармен мылтықпен атысып шайқасқандарын, осы бір оқиғадан-ақ аңғаруға болады. Араларында бірен-саран қоян жүрек қорқақтар да болды ғой, оны несіне жасырайық!

       Келесі айтар әңгімем, бұл енді Мергенбай батырдың Нарынқолдың комендатурасынан кеткеннен кейінгі болған оқиға екен, шамамен, 1928- 1930 жылдардың аралығында болса керек.

       Мергенбай батыр комендатураның басшысы Шальдиннің қарамағында бірнеше жыл қызметте болды емес пе? Кейіннен, сол кездегі Өкімет басына келген қызыл жағалылардың саясатына қарсы болып, комендатурадан мүлдем кетеді. Сол комендатурада Бесір деген қызыл әскер болған екен. Бірде осы Бесір маған жолыға қалып, шекарада болған бір оқиғаны айтып еді. Олай болса соның әңгімесіне құлақ түрелік!

       «Ел басына күн туып, тар жол тайғақ кешу заманда үріккен ел Қытай жеріне ауып, сол жақтан пана тауып жатқан кез. Бұл жақтағы Өкімет басына келгендердің саясаты, әйтеуір, қайткен күнде де елдің арғы бетке өтуіне қарсылық көрсету. «Ауған елді көшіріп апарып Қытай жеріне қоныстандырып жүрген Мергенбай екен, соны қамауға алуымыз керек» деген Шальдиннің бұйрығы бар еді.

        Бір күні қаннен-қаперсіз комендатурада отыр едік, дабыл қағылды. Дереу қаруымызды асынып, атымызға мініп алдық та он шақты қызыл әскерлер сап түзеп тұра қалдық. Атына мінген Шальдиннің өзі саптың алдына келді де: «Жолдас, қызыл әскерлер! Осы Ала айғыр асуының бір жерінде Мергенбай бекініп жатыр деген хабар келді, соны қолға түсіруіміз керек, бұйрық түсінікті ма?» деп еді: «Иә, жолдас командир, түсінкті!» дедік. Сөйтіп, Шальдиннің өзі бастап жолға шықтық. Соқпақ жол, таулардың арасындағы қой тасты ойлы-қырлы жерлер, мінген аттарымызды тер басып, алға қарай ышқына талай-талай бел-белестерді аса жүре отырып, Байынқол өзенінің өр жағы тақалмаға барып аялдадық. Атымыздан түсіп, көк майса шөпке бір жамбастап жатып қисая кеттік. Аттарымыз шөп жұлып жеп, басқаларымыз өзімізбен ала шыққан азын-аулақ азығымызды жеп-ішіп жайбарақат отырдық. Бір шетте командиріміз Шальдин қара бөлкені пышағымен кесіп жеп отырған. Осы мезетте мылтықтың «тарс» дей түскені… Қай тұстан атылғанын да байқамай қалдық. Қарасақ, Шальдиннің жеп отырған қолындағы бөлке нанын атып түсіріпті. Шальдин не істерін білмей, сасқалақтап, отырған орнында отырып қалды да: «Қызыл әскерлер, болды қайтыңдар! Мергенбай менің қолымдағы жеп отырған нанымды көргенде, басымды көрмей қалды ғой дейсіңдер ме? Ол екеуміз бірге жұмыс істедік, сондықтан мені өлімге қиғысы келмей, маған ескерту жасады. Іздестіру жұмысын тоқтаталық, жиналыңдар, кері қайттық!» деп бәріміз де барған ізімізбен кері қайтып, комендатураға аман есен оралып едік» деген әңгімесін қызыл әскер болған Бесірдің өз аузынан естіп едім.

        Сол аласапыран жылдары Мергенбай батырдың өзі айтқан екен: «Маған ту сыртымнан қаңғыған оқ тиеді» деп. «Япырмай, өзінің айтқан сөзі нақ келді» дегенді Әбдіхалық деген кісіден естіп едім.

       Жас кезімізде осындай әңгімелерді ақсақалдардан көп естуші едік. Бірі есте қалса енді бірі қалмапты. Сөйтіп жүріп Отанға, туылған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезіммен ер жеттік. Жарықтық Мекең, халықтың нағыз жанашыр адамы болған екен ғой. Адам басына да, малына да түскен қиыншылықтарға араша түсіп: «елім-жерім үшін жаным құрбан» деген хас батырлардың бірегейі екен. Топырағы торқа болып, мәңгілік мекен жайы жайлы да жарық болуына, бір Алла нәсіп етсін!

        – Ата, әңгімеңізге рахмет! Деніңіздің саулығын бір Алладан тілеймін, — дедім де, қош айтысып далаға шықтым да автокөлігіме мініп алып, келесі Мұқан атаның үйіне қарай бет алдым.

        Мұқан ата да үйінде екен. Құдай қосқан кемпірі екеуі есіктің алдындағы көлеңкедегі жұмсақ ұзын орындықта, әңгімелесіп отырған сәттерінің үстінен түстім. Амандасып, келген ниетімді айтып едім, ата, отырған орнынан қозғалақтап ілгері қарай ышқына сырғи жылжып, сұхбаттасуға дайын екендігін білдірді. Атаға жақындап отыра қалдым да:

         – Ата, Мергенбай батырды естіген де боларсыз. Өзіңіз өмірге қай жылы келіп едіңіз және батыр атам жайында не айтарыңыз бар еді? – деген сауалымды қойып едім, ата бірден әңгімесін өрбіте жөнелді. Мен байланыс телефонымның диктофонын қосып үлгеріп едім, Мұқан ата:

        – Мен, Сиқымбекұлы Мұқан 1928 жылы осы Жабыр тауында жарық дүниенің есігін ашыппын. Міне биыл тоқсанның үшеуіне келіп отырмын.

        Мына Текес ауылында Әшөк деген кісі сол аласапыран жылдары, қа- перімде, біреуді атып өлтіріп қойыпты. Сол жылдары ауылдың сельсоветі Бәкізе деген әйел адам болған екен. Әшөк, Бәкізеге қатты өшігіп «мен оны өлтіремін» деп айтып жүрсе керек. Бәкізені атамын деп жүріп, тәсілі басқа біреуді атып жіберген де болуы мүмкін.

       Әлгі Әшөк: «Мергенбай менің қылмысымды еститін болса, тірідей-ақ жон терімді сыпырып алатын болар!» деп қорқып, өз бармағын өзі шайнаумен жүреді екен. Сонда: «Әне, Мергенбай батыр келе жатыр!» дегенде батырдың айбынынан ел сескенеді екен ғой. Бір күні: «Мергенбай ауылға келіпті» дегенді естіген әлгі Әшөк, Шоқпарбайдың кемпірі Тәушен деген ападан көмек сұрайды (жарықтық, қасиетті кісі екен). Тәушен апа келіседі де, қазанды төңкеріп Әшөкті астына жасырып қояды.

        Содан не керек елден естігені бар Мергенбай, Әшөктің қазанның астында тығылып жатқанын біліп қояды. Осы арада Тәушен апа арашаға түсіп: «Әй, Меке! Сіз, арғы бетке үріккен елді көшіріп кетіп бара жатырсыз, жолыңыздан қалмаңыз! Бұл арамзаны атып тастап, қолыңыз қанға боялмай-ақ қойсын да, сабырға келіңіз!» деп айтып, Әшөкті Мергенбайдың жазасынан аман алып қалыпты.

       Сөйтіп, жүктерін белді аттар мен өгіздерге артып үдере ауған ел-жұрт Жабыр таулары арқылы көшіп, арғы беттегі Хасан сайын ылдилай жүре жүріп, Қытай жеріне аман-есен өтеді. Текес өзенінің бойындағы Құрманжанның көпірінен елді күншығысқа қарай өткізіп жатқан сәтте, ту сыртынан оқ атылып, Мекең мерт болады. Қалың елі жылап-сықтап, өзеннің арғы жағалауына сүйегін жер қойнауына тапсырған екен.

       Кейіннен естідік, мына «КГБ-ның адамдары артына адам салған екен және сол үшін әлгі адам омырауына медаль тағыпты» дегенді. Қилы заманда: «Көрнектіні көрге тық, жақсыларды жарға тық» деген сол кездегі өкіметінің ұстанған саясаты еді. Қазақ неге бола қашты ғой дейсің, біреуді тонап, біреуді жамандап қашқан жоқ, жанын, бала-шағасын өкіметтің зорлық-зомбылығынан қорғаштап жүріп қашты. Қызылдардың дегені болып, елдің бар малын қыстап жүріп ортаға алды, «колхоз құрамыз» деп. Одан қала берді «мал салығы», «ет салығы», «жүн салығы», тіпті «сүйек салығы» деген бәлелері тағы шығып, оны дер кезінде орындамағандар «халық жауы» атанып, қолдарына кісен сап қамап, соттап, атылып, арғысын шалғайдағы «итжеккенге» айдамады ма? Мінеки, осы түнерген түнек жылдары Мергенбай «ел-жұртым аман қалсын» деген ниетпен еліне қалқан бола жүріп, арғы бетке алып кеткені сол. Әйтпесе, сол жаққа апарып «шөп шаптырайын» деген жоқ. Қытай жеріне барған ел әр жерде қаңғып жүріп жанын бағып, күнін көріп, кейіннен бірін-бірі тауып қосылған. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қазақта мақал бар. Басқа мемлекет қай бір жетістіріп жарылқай қойсын. Құдай оңлап, 1958-1962 жылдар аралығында көпшілік ел атамекеніне қайта оралды. Мінеки балам, сондай қилы заманды біздің қазақ баласы басынан өткерді ғой. Енді заманымыз тыныш болса екен деп тілейміз, Жаратушы иемізден!

       Мергенбайдың жас кезінде болған бір оқиғаны айтып берейін.

       Мекең, Күнтубайдың басынан аң қарап келе жатса, бір аюдың апанын көреді. Қазір сол жер «Мергенбайдың үңгірі» деп аталады. Қасында бір інісі болған екен. Қырбақ қар жауып, аюдың апанына кіріп кеткен ізі анық көрініп жатады. Мекең інісіне қарайды да: «Мен, қайтсем де осы аюды алып шығамын» дейді. Сөйтеді де, сырт киімдерін шешіп тастап, қолына мылтығы мен арқанын алып, әлгі үңгірге кіріп кетеді. Орта тұсына барғанда, арқанның бір ұшынан басынан аяғына дейін орайды да, мылтығын қолына алып, шалқасынан жатқан қалпымен аяғын аюға беріп ілгері қарай арқасымен сырғи түседі. Аю, әуелі оратылған арқанды көріп азулы тісімен ары-бері жұлқылай тартып шайнап жатқан мезетте, дәл басынан дәлдеп тұрып мылтығының шүріппесін басып қалады, аю өкірген қалпымен «сылқ» ете түсіп, тыпырлап жатып жан тапсырады. Мінеки, осындай тәсілмен аюды атып алады.

       Апаннан аюды сыртқа алып шығып, терісін сыпырып, етін бөлшектеп, қоржынына бөліп салып иығына асып алған күйі еңіске қарай ылдилап түсіп келе жатса, қарсы алдынан он шақты адам, өзінің туыстары келе жатыр… Сөйтсе, үңгірден аюдың өкірген даусы шығып, мылтықтық «тарс» дегенін естіген інісі ауылға қарай тұра шауыпты. Ауылға барып: «Мергенбайды аю жеп қойды» дегенді айтып ағайын-туыстарын жинап келе жатқан беті екен. Мұны естіген Мергенбай: «Әй, інім! Менің өлгенімді қайдан білесің. Мен аюдың апанында онымен арпалысып жатсам. Ой, тірі пендем-ай! Бүйтіп жүріп сен, дені дұрыс адам бола қоймассың. Осы тұрған жеріңде-ақ мерт қылайын ба?» деп мылтығына жармасқан екен, туыстары араша түсіпті» деген бір аңыз әңгіме бар.

       Үлкен қариялардан естіген тағы бір әңгіме есіме түсіп отыр, соны баяндап берейін.

       Мына Байынқол өзенін өрлей жүргенде таулар екіге бөлінеді. Екіашаның бірі Жарқұлатқа кетеді, бірі Асутөрге кетеді. Сол аралықта «үңгір бейіт» бар. Аласапыран жылдардың бірінде қырғыз елінің бір болған байы оң мың қойымен және бірнеше жүздеген ірі қара, үйір-үйір жылқыларымен Қытай жеріне осы Асутөрден асып өтпекші болған екен. Бұл хабар бергі жақтағы жарқұлақ қызылдардың құлағына жетеді. Қызылдар тасада тосып жатады да, қырғыздар жақындай бере мылтықтың оғының астына алады. Олар да қаруланған бірнеше адамдарымен келе жатыр емес пе? Араларында Мергенбай танитын бір қырғыздың батыры болған екен. Әлгімен Мекең жақсы таныс, дос болыпты. Қырғыздар сол «үңгір бейітке» бекініп алып, атысып жатқан ғой. Осы сәтте қызыл әскерлер айлаға салады да, үңгірді айналып келіп дәл төбесінен оқ жаудырған кезде, жаңағы батыр кісі оққа ұшыпты. Сөйте тұра қырғыздар да: «Өліспей, беріспейміз» деп бар мал-жандарын Асутөрдегі қиян құздан, тұяқтарының астына киіз төсеп арғы бетке бір-бірлеп өткізіп жатыпты. Атыс-шабыс 2-3 күнге созылса керек. Содан бұл оқиға Мергенбайға жетеді. Мергенбай қарулы деген бірнеше адамдарымен қырғыздарға көмекке барады. Атысып жатқан сәтте қызылдардың командирінің бас киімін оқ жұлып әкетеді. Әлгі командирі: «Ой, Мергенбай көмекке келген екен ғой. «Орыстың оғы тасқа тиеді, Мергенбайдың оғы дәл басқа тиеді» деуші еді қазақтар, ол маған «кейін қайтыңдар» деген белгі беріп жатыр. Қырылып қалмай тұрғанда кері қайталық» деп бар әскерлерін жинап, алдыларына оң мың қойды салып айдап төменге түсіп кетіпті. Қырғыздар қойларды асудан өткізіп үлгере алмаса керек. Бұл оқиға ауылға жетіп, осы жақтан Шәріпбай деген кісі қасында адамдары бар: «Асутөрде қалған мал-жан болса алып келеміз» деп барған екен, жүк артқан 3-4 өгіздің құздан құлап өліп жатқан өліктерінің үстінен түсіпті. Әлгі он мың бас қойларды қызыл әскерлер Байынқол арқылы айдап әкеліп, Нарынқолдағы қызылдардың өкіметіне өткізіп беріпті.

       Сол қилы заманда әкем Сиқымбек түн жамылып, мені аттың ерінің алдына алып Қытай жеріне өтіпті. Ол кезде 2-3 жастағы баламын. Сол жақтағы Аттың тауы, Қызыл күре деген елді мекендерде болдық. Кейіннен Мұңғұл Күреге көшіп келдік. Осы күреде «сақшы» болып қызмет істедім. Атамекенге 1960 жылы оралдым. Сондықтан да осы жақтан өтіп барғандардың өмір-тарихтарын жақсы білемін.

        Мергенбайдың жалғыз ұлы Құдайберген менімен түйдей жасты еді, 1928 жылғы, арғы бетте бірге өніпөстік, жақсы танимын. Оны да әкесі ағайын-туыстарымен Қытай жеріне көшіріп апарған екен. Былтырғы жылы, яғни, 2020 жылы «қайтыс болыпты» дегенді айтып хабар келді. Иманы қойнында болсын. Оның да денесі мығым, самдағай, батыр тұлғалы жан еді, жарықтық!

        Кезінде әкесі Мергенбай Қытай жеріндегі қалмақтардың Мұқырды және Бегей деген қонтайшыларымен: «Советтен қашып келіп жатқан қазақ еліне қалмақтар тарапынан тонаушылық жасалмасын, атыс-шабыс болмасын!» деген келісім шартқа қол жеткізген екен. Оғанға дейін қазақтан Құйқабайдың, қырғыздан Сарыбай деген байдың және де басқа кісілердің жылқыларын барымталап әкелген қалмақтар, осы Мұқырды мен Бегейге тапсырады екен. Олар жылқыларды өзінің қол астындығы қалмақтарына бөліп-бөліп беретін болған. Содан 1932 жылы Мергенбай батыр, кісі қолынан қаза тапқанын әлгі екі қалмақтың қонтайшылары естиді де, іштей күйініп қалады. Кейіннен, Мергенбайдың ұлы Құдайберген ат жалын ұстап атқа мінген шағында, екі қонтайшы «бас жылқышы» етіп жұмысқа алады. Он мыңдай жылқыны, жылқышыларымен, Құдайберген уысында ұстады. Кімге қанша береді, қанша алады өзі біледі. Әлгі екі қонтайшы Мергенбайдың ұлы Құдайбергенді қатты сыйлап өтті. Мінеки, шырағым! Қазақта сөз бар: «Жақсының, қайда барса да орны бар» деген. Мен осы орайда «қалмақтар жағына шығайын» деп отырғаным жоқ! Мекеңнің жаумен де тіл табысып «қазағым аман болсын» деген ниетпен оқ шығармай-ақ істеген ерлік істерін, «болашақ ұрпаққа үлгі болсын» деген оймен айтып отырмын. Арғы бетке өтіп жатқан қорғансыз қалың елді алдынан тосып алып қалмақтар оқ жаудырса, күндері не болар еді, баудай сұлап түсетіндері хақ еді. Мінеки, Мекеңнің «қалың елі-қазағы» үшін істеген ерлік істері ұлан-ғайыр. Сол ел аузындағы әңгімелерді іздеп жүріп тауып, Мекеңнің қандай адам болғанын ел-жұртына жария етіп жазып жүрген өзіңе «Алланың нұры жаусын» демекпін. Менің бар айтарым осы, қалқам!-деді.

       – Ата, әңгімеңізге рахмет! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын! — дедім де, далаға шығып автокөлігіме отырып алдым да, келесі Нұрхан атаның үй-жайына келдім. Рұқсат сұрап, үйлеріне кіріп едім үстөл басында Нұрхан ата, қызы және немере қызы үшеуі астарын ішіп отыр екен. Амандасып едім, Нұрхан атаның құлағы нашар еститінін ұқтым. Қызына келген ниетімді айтып беріп едім, менің айтқанымды әкесіне даусын шығарып тұрып айтып берді. Осы сәтте «бекер әуреге салмайыншы» деген ой келіп еді, қызы «тамақ ішіңіз» деп болмаған соң, теріс айланып шығып кетуге дәтім бармады, астан дәм татуыма тура келді. Асымды жеп-іше отырып атаның аты-жөнін, қай жылғы екенін қызынан сұрадым. Сөйтсем, Арғынов Нұрхан 1928 жылы дүниеге келіпті. Ата дауыстап сөйлеп жөнімді сұраған соң, келген ниетімді айтайын деп:

        – Ата, Мергенбай батыр жайында көнекөз қариялардан деректер жинап жүрген едім, маған айтар әңгімеңіз бар ма еді? – деп даусымды көтере сөйледім де байланыс телефонымның диктофонын қосып үлгердім.

        – Е-е-е, шырағым-ай …ә! Жасым тоқсаннан асты, құлағым естуден қалды, менде ненің миы қалды ғой дейсің…

        Мына Қаратоғанда Шоған бабаның ұрпағы боп келетін мен секілді бір қария бар еді, аты-жөнін ұмытып отырмын, сол айтып еді: «Мен, Мергенбайдың қазаншысы болдым, тамақ  жасайтын!» деп. Егерде уақытың болса сол қарияға жолықшы. Мергенбайдың қасында бірге жүрген болса, өмірбаянын толығымен айтып беретін шығар!- деді де, сәл ойланып алып:

       Үлкен қариялардан естіп едім «Мергенбай батыр 2 әйел алған екен» дегенді. Бірі — қырғыз елінің қызы, екіншісі-өзіміздің қазақтың қызы (есімдерін ұмытып қалыппын). Соның бірі өте мерген әйел болыпты. Мекең өзімен бірге ертіп алып жүреді екен. Атпен шауып келе жатып әлгі әйел мылтығымен атқанда, көздегенін мүлт жібермейді екен ғой. Біздің қазақ әйелдерінің арасында да өжет, елі-жері үшін кеудесін оққа қарсы төсеп бере алатын қыз-келіншектер де болды емес пе? Аласапыран жылдары қаруын асынып алып үріккен елді арғы бетке өткізіп, ерлерше қимылдап, солардың жат елде бейбіт өмір сүруіне өз үлесін қосқан, ол да ерлік емес пе? Сөйтіп, сол әйелдерімен мына Үлкен Қақпақ, Кіші Қақпақ, Шұбартал тауларының сілемдерінде Мекең өмір сүріпті, дегенді естіп едім! — деді ата, алдындағы кесе ыдыстағы сорпа тамағын сораптап іше отырып.

        Осы орайда Нұрхан атаның ой-санасындағыны мен оқырман қауымға толықтырып айта кетуді жөн көрдім.

       Мергенбай атаның екі әйелі болғаны рас! Бәйбішесі — Жәмилә апа. Жәмиләдан тулған тұңғыш қызы Зағипа әкпенің бала-шағасы Сарыбастау ауылында өмір сүруде. Екінші қызы Әйімхан 13 жасында сырқатына шипа қонбай қайтыс болыпты. Сүйегі Қаракөлге барар жолдағы сайдың аузында, сол қол жақтағы дөңнің үстінде. Ал Сейілхан апа («Ақ апа» дейтінбіз) қырғыздың қызы, 1976 жылы Құдайберген атамның қолында дүниеден өтті. Текестегі бейітіне қойылған «ескерткіш» тастағы жазуды атам маған жаздырып еді. Ал енді қолына мылтық ұстаған кім болды екен, соның анық-қанығына көз жеткізу үшін Мұратбек есімді көріпкелдің «руханияттан» түскен мәліметіне назар аударып көрелік.

       Менің досым Сатов Мұратбек Асанұлы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сарыбай би ауылының тумасы. Алладан берілетін емшілік, көріпкелділік қасиеті «өте жоғарғы деңгейде» дегенді айтқым келеді. Менің ағайын-туыстарым жақсы таниды, ем-домын қабылдып, өздеріне керекті деген деректерін «руханияттан» түскен мәлімет бойынша естіп еді. Сол Мұратбек екеуміз 2017 жылы шілде айының бір күні, Алматыдан сапар шегіп ауылға келдік. Құдайберген атаға «сәлем берелік» деген ниетпен, үйіне келдік те амандасып, дастархан басында Зағира апамыздың шыны ыдысқа құйып берген сүт қатқан шайын ішіп отырған сәтімізде, Мұратбекке «руханияттан» көп мәліметтер келіп түсті. Сол мәлімет бойынша «Аршалы сай», «Ат өлген сай» және т.б. осы өңірде бар ма еді?» деген сауалына, Құдайберген ата күлімдеп отырып жауабын айтты. (Толығымен менің «Тылсым танымы» деген кітабымда жазылған).

        Содан асымызды ішіп-жеп болған соң, рахметімізді айтып, қош айтысып далаға шықтық. Менің автокөлігіме отырып алып, Есқожаев көшесін бойлай өрлеп жүріп келе жатыр едік, Мұратбек маған бұрыла қарап: «Бөке, атаңның үйінде отырған сәтімізде «руханияттан» бір мәлімет келіп түсті, соны саған айтып берейін» деді. «Ойбай-ау, ондай мәліметтің барлығын да тергіштеп жазып жүрміз ғой, тезірек айтсаңшы!» дедім шыдамым таусыла жаздап. «Иә, айтып берейін!» деді де әңгімесін бастады.

        – «Мергенбай атаңның қасында атына мініп, қаруын асынған бір әйел адам болған екен. Қайда барса да өзімен бірге ертіп ала жүріпті. Сол әйелдің жүкті болғанын Мергенбай атаң біліпті. Бірақ та кенеттен қайтыс болып, баласын көре алмай кеткен. Әлгі әйел қырғыз еліне барып,1933 жылы босанып, ер бала туыпты. Баласы аман есен ер жетіп, үйленіп, одан екі бала бар екен. Әйел 1947 жылы дүниеден озыпты, ал баласы 1996 жылы қайтыс болған. Екі немерелері балалы-шағалы болып, қазіргі таңда қырғыз жерінде өмір сүріп жатыр. Маған Алла тағала көз алдыма нені көрсетті, мен бұлжытпай соны саған айтып бердім. Сенесің бе, сенбейсің бе?, оны өзіңнің түйсігің білсің… Атаның үйінде отырғанда «осыны айтайын» деп оқталып едім, Зағира апаң ашуға булығып: «Әй, шырағым! Сондай мықты көріпкел болсаң, ана Қаратоғанның асты толған алтын дейді ғой, соны іздеп тапшы, көрейін мен сенің мықтылығыңды» деп еді, әрі қарай сөзімді доғара қойдым» деп айтып Мұратбек досым маған қарады, тәп бір кінәлі адамдай боп. Мінеки, менің айтайын дегенім осы еді. Әрі қарай Нұрхан атаның әңгімесіне құлақ түрелік…

       – «Сол заманда Құйқабай деген кісінің мыңға жуық жылқысы болған екен. Жайлауы осы Байынқолдың өр жағы Асутөрде болса керек.Оның да жылқыларын әркез қалмақтар күншығыс жағынан, күнбатыс жағынан қырғыздар келіп жылқышыларын соққыға жығып, барымталап алып кетіп жүріпті. Сол Құйқабайға да Мергенбай батырдың жасаған жақсылықтарын қариялар көп айтып отыратынды. Әлгі Құйқабай соншама жылқылары бола тұра, өз малынан алып соймайды екен. Малын басқа біреуге апарып айырбастап әкеліп, қанын шығарады екен. «Құйқабай-ау, мұның қалай!» деген адамға: «Қыдырым кетіп қалады» деп жауап қайырады екен. Аяғына кигені шоқай, бұтында тақыр шалбары, мінгені өгіз болыпты. Әй, жарықтық-ай, десеңші! Кейіннен осы өңірде Совет өкіметі орнаған жылдардың бірінде, «Құйқабайдың жылқыларын ортаға аламыз» деп кәмпескелеп, түгін қалтырмай тартып алыпты. Әуелі, қайтыс болғанда қонағасына соярға мал таппай, қызының бір жылқысын әкеліп сойған екен.

       Мінеки, Совет өкіметінің қарапайым елге көрсеткен зорлық-зомбылығының бірі осы.

       Келесі айтарым, бұрынғыдан қалған бір сөзі бар : «Батыр адам, бір оқтық» деген. Мергенбай шекара бастығы Шальдиннің қарамағында жұмыс істеп жүріп: «Өй, сендердің бүйткен өкіметтеріңнің…» деп айтып, қолын бір сілтеген күйі неге бола кетті ғой дейсің. Ол сол кездегі ел арасында болып жатқан келеңсіз оқиғаларды өз көзімен көріп жүрді, соған бола кетті.

       Бір жылы Мергенбай, бірнеше үйді мына Асутөрден Қытай жеріне өткізіп жатқан кезінде, Шальдиннің өзі 12 әскерімен келіп, дүрбісін салып қарап тұрыпты. Осы мезетте Мергенбай да қаруланған адамдарымен көшті қорғаштап, дүрбісін салып тұрып, қолындағы бесатар мылтығымен Шальдиннің басындағы бас киімін атып түсіріпті. Үрей басқан Шальдин: «Ойбай, бұл болмайды екен. Мергенбайдың мергендігі соншалықты, босқа қырылып қаламыз» деп айтып, әскерлерін ертіп төменгі сайға түсіп кетіпті.

       Міне, елі үшін, жері үшін мұз жастанып, қар жамылған сондай батыр адамды, қарғыс атқыр бір қанішер неме, Қытай жерінде артынан мылтықтан оқ атып, «жоқ» қылды. Әнеки, көнелердің айтқаны нақ келді емес пе?.

       Бұдан да басқа ел арасындағы қариялардан сұрастыра жүріп тауып, Мекеңнің істеген ерлік-істерін жинақтап, кітап етіп шығарып қойсаң, ол келешек ұрпаққа тарихи-мұра боп қалар еді деген ниетімді айтып отырмын. Басқа айтарым жоқ, қалқам!» деді тоқсанның тоңқылдағына шыққан Нұрхан қария.

        – Ата, әңгімеңізге рахмет! Бала-шағаңыз аман болсын, лайым жақсылық болсын! деп айтып, үйден далаға шықтым. Автокөлігіме отырып алып үлкен жолға шығып едім, сол бір сұрапыл жылдары өмір сүрген ата-бабаларымыздың қайғы-қасірет көрген бейнелері көз алдымнан елес боп өтіп жатты… Не деген сұрапыл заман еді! Заман емес-ау, өкімет басына келген қызыл жағалылардың бейбіт елге қолданған саясаты солай болды. Осыны ой-елегімнен өткізе отырып, сәлден кейін автокөлігіммен ауылым Текеске оралдым.

       Сөйтіп, Жамбыл ауылын аралай жүріп, ауыл тұрғындары көнекөз қариялар Тұрсын ата, Мұқан ата, Нұрхан атадан осы жоғарыда айтылған деректерді жазып алдым. Шағын болса да үлкен әкем Мергенбай батырдың істеген ерлік-істерін ақ қағаз бетіне түсіріп, оны аудан жұртшылығына газет беттері арқылы жария ету алға қойған мақсатым еді.

        Жалпы, осы өңірді біздің ата-бабаларымыз күншығыс жағынан жоңғар қалмақтарынан және ХVIII – ХІХ ғасырлар аралығында Ресейден жер аударылып ел арасына қоныс тепкен қанішер казак-орыстардан, батысындағы қырғыз барымташыларынан, қолына қаруын алып, атамекенді, қалың елі-қазағын қызғыш құстай қорғай білген ата-бабалар рухына, тағзым етелік!

       Алла тағала, біздерге мемлекетіміздің төрі болған Хантәңірдің баурайында өмір сүруді нәсіп етіпті. Олай болса, осы өңірдің тамылжыған табиғаты: қар жамылған тау-тастарын, орман-тоғайын, аң-құстарын, өзен-көлдерін, асау тайдай тулаған балықтарын, көк майсалы шөпті жайлаулары мен бетіңді үскірік аязы шалған қыстауларын, сан алуан түрлі жәндіктерін т.с.с. көзіміздің қарашығындай сақтай білейік. Біздің келешегіміз-жастардың қолында. Соларды қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауды, патриоттық сезіммен Отанды қорғауға тәрбиелеп, осы тұрғыдан арғы тегімізден келе жатқан «БАБАЛАР АМАНАТЫ» ғасырдан, ғасырларға жетуіне өз үлесімізді қосалық, ағайындар!!!

Болатхан НҮСІПБЕКОВ,

«Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық  Қазақ  

творчестволық бірлестігі,

БҰҰ «Адам құқығын қорғау комитетінің»

Қазақстан Республикасындағы Бас сәулетшісі,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

Мергенбай батырдың немересі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password