БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНАДЫ, ТУЫНДАП ЖАТСА ЖАҚСЫ ӨЛЕҢ

         …Әкімің де емеспін, 4

         Болмадым тағы демеспін.

         Сыйласқанмен сыйласып,

         Егескенмен егестім.

         Төрағаң да болғам жоқ,

         Қарын өсіп, толғам жоқ.

         Көппен бірге күн кешіп,

        Қатардан да қалғам жоқ – деп жырлаған Мұса Жанәділовтің жыр жолдарына қарап мына жалған дүниеге пенделікпен бас шұлғып өту үшін келмегені анық екендігін байқайсыз. Өзі тұщынған, түйсінген дүниелерді жыр мұрасы ретінде қалдыруды әу бастан айқындап алған екен әз жолына. Шынында да, адам болып өмірге келген соң, Жаратқан ие табиғи талант берген соң ел есінде ескерілердей ісіңнің қалғаны абзал-ау.

        Биылғы мамыр айының 25-ші жұлдызында Жетісудың жампоз азаматтарының бірі, ақын, журналист, драматург, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Талғар, Райымбек аудандарының «Құрметті азаматы», бірнеше дүркін жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мұса Жанәділов 80 жасқа толады. 1941 жылы Алматы облысына қарасты Нарынқол ауданында дүниеге келіп, еңбек жолын туған ауылында клуб меңгерушісі болып бастаған Мұса атаның бойына біткен сол бір таланттың ұшқыны сезіміне қуат дарытып, маза бермесе керек-ті. Ол – Мәшһүр Жүсіп «адамға жастайынан жабысатын дертке» балаған өлең еді. Отандық поэзияның ордасына қадам басқан сонау 1962 жылдары алғашқы шумақтарынан-ақ шығармашылық жолда ерекше мақсаты, көзқарасы бар екендігін аңғартыпты. Оған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Дархан өміріміздің даңқын жыр етуге талаптанған бұл жастың өлеңдерінен біртүрлі жылылық сезінеміз. Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. «Қаракөл», «Атамекен», «Шатқалда» деген өлеңдерімен Мұса жыл сапарына еркін қадам басқаны абзал-ақ. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқылы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады. Жас талапкерге сәт сапар тілеймін» (Мұқағали. «Советтік шекара» (қазіргі «Қарқара» газеті. 1962 жыл) деген оймақтай болса да орынды пікірі дәлел. Еліктеу, солықтау кезеңінен әлдеқашан өтіп кеткен, қаламгерлігі қалыптасқан ақын екендігін айтпай түсіндірген ой еді бұл.

        «Советтік шекара» демекші, Мұса ата 1965 жылдан басталған журналистік жолында Нарынқол аудандық «Советтік шекара», Кеген аудандық «Қарқара», Талғар аудандық «Талғар» газеттерінде жұмыс істеген. Нағыз шығармашылықтың қазанына топ еткен бозбала көп оқып, көп тоқып, ысылады. Бала кезінен төңірегіне ойлы көзбен қарап, бәрін жүрек сүзгісінен өткізуге дағдылана өскен балаң жігіттің шикілі-пісілі бірдеңелерді жаза салуға дәті бармайды. Қайда барса да алдымен ақпаратын жинап-теріп, артынан екі шоқып, бір қарап, көкірек көзінен өткізіп барып оқырманға жөнелткен. Бұл мінезі поэзия атты киелі әлемнің табалдырығын шынайы, таза туындыларымен енуіне жол ашады. Ақ өлеңнің қасиетіне қара жағуға дәті бармай, әр өлеңіне, әр шумағына, әр жолына, әр теңеуіне ыждаһаттылықпен қарай біледі. Қызмет бабымен ел аралап, билік айналасының келеңсіз тұстарын көре жүре іштей күйзелетіні де сол еңбегіне деген адалдықтан туған арда мінез. Мұндай сәттерде бар сырын өлеңге ақтарады.

       Кермек татыр кезі бар, шекердің де, балдың да.

       Қателесер кезі бар, патшаның да ханның да.

       Гүлденетін кезі бар,теректің де, талдың да.

       Сілкінетін кезі бар,

       Жер-ананың, таудың да.

       Тарынатын кезі бар,еңіреген ердің де.

       Жалығатын кезі бар, мезі болған елдің де.

       Сәні кетер кезі бар, алтын, күміс, жездің де,

       Бәрін айт та, бірін айт, түсіндің бе, сездің бе?!

       Бұл жолдар ақынның сұңғыла ойымен, жүрегімен халқын, елін құлай сүйген адам ғана осылай асқақ сөйлей алады деген түйінге жетелейді.

       Ақын үшін атамекен біртұтас ұғым. Түтіні де тәтті туған жерін жырлау арқылы даланың бар бояуын көре аласыз.

       Табиғаты Кегеннің бөлек екен,

       Көк шалғыны өрілген өлең екен.

       Ән сап тұр ғой дүние, ән сап тұр ғой,

       Естімеген құлақтар керең екен.

       …Аспаны ашық Кегеннің түні жарық,

       Жұлдыздары жатады тіліп, ағып.

       Табиғаттың қойсаңшы сұлулығын,

       Адам біткен тамсанып, қызығарлық.

       Көк аспаны Кегеннің шатыр екен,

       Бақыт, байлық бастау ап жатыр екен.

       Бәрінен де айтсаңшы адамдары,

       Тау тұлғалы, тау мінез, батыр екен!

       Қараңыз, кәдімгі кемпірқосақтың әсем әріндей әдемі суреттермен көз алдыңа бар дүниені дөңгелентіп әкеле салады. Ұйқастарды ұйыстыра, теңеулерді қиыстыра салмаған, айтарына салмақ қосып, оқырманын шырайлы жырмен табыстыра салған.

       Текесім ыстықсың-ау, басқалардан,

       Сен бейне күліп тұрған аспан алдан.

       Өзіңде өтті-дағы балалығым,

       Өзіңнен алып ұшты асқақ арман.

       Жас орман жағаңдағы сырласымдай,

       Көшелер сап түзеген құрдасымдай.

       Өзіңді көрген сайын көңіл шалқып,

       Кетеді арман алға бір ғасырдай.

       Айналдым нұр жамылған келбетіңнен,

       Көгіңде әнің болып тербетілем.

       Туған жер ыстықсың-ау бәрінен де,

       Еш жерді тең көрмеймін жер бетінен.

       Мұндай туған жердің туын тіктеп, тілеуін арттырған өлеңдер топтамасының ішінен «Хантәңірі», «Албандар», «Атамекен», «Қарқара» ерекше атап кетуге тұрарлық.

       Мұса атаның енді бір өлеңдер шоғыры сүйіспеншілікке, іңкәр сезім – махаббатқа арналған. Мұнда да алдыңнан жаздың жанға шуақ самалындай сезімге бөленген алғаусыз сезім шығады, жүрек қылын шертіп қалар өлең қарсы алады.

       Махаббаттар таң болып таралмаса,

       Бақыт, нұрға бөленбес дала мына.

       Махаббаттар паң болып жаралмаса,

       Болмас еді, қадірлі, бағалы да.

       Махаббаттар күн болып ашылмаса,

       Сезбес едік жылылық, ызғарыңды.

       Махаббаттар өзен боп тасынбаса,

       Білмес едік сағынып, қызғануды.

       Қарапайым қайырылса да әсері қандай! Албырттық пен жастықты жамылып келіп, қосақтар арасындағы адалдықты, тұрақтылықты үндейді. Бұл бір ғана өлеңінде ғана емес. Ақынның махаббат туралы өлеңдерін оқып отырып, жанының кіршіксіз тазалығы жырына арқау болған-ау деп томшылайсың.

       Иә, Өлең атты ұлы таудың бір биігіне қона алған Мұса Жанәділовтің жыр шырағын санама шамам жеткенше сіңіруге тырысып бақтым. Бұл ол кісінің толағай теңіз жырларының ішінен қасықтап алған бір парасы ғана. Атамның аппақ күлшесін қолтығына қыса ара-тұра редакцияға бас сұғып, кем-кетігімізді түзеп кететіні және бар. Есімде, алғаш жұмысқа тұрғанда жас деп қарамай, келіп, танысып, жылы сөздерін арнаған еді. Сол сөзі арқылы маған артылған сенімнің екі есе ұлғайғанын сезініп едім. Сол күннен бастап мен Мұса атаны рухани атам ретінде меншіктеп алдым. Сексеннің сеңгіріне шыққан рухани атамның жүрегі тілеуіне жеткізгей. Торқалы тоқсан, ғасырлық жүз жасында да өлең сүйер оқырманымен аман-есен жүздесе берсін!

Меруерт Мәулет,

Талғар ауданы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password