Бақыт балалы үйге қонады
Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде «оның бәрін қалай асырайды» деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар. Баланы дүниеге әкелу бір бөлек, оны бағып-қағу, тәрбиелеу-жеткізу бір бөлек. Қазіргі кезде бала туу көрсеткішін азайтып отырған жайт осы.
Аудан орталығы Нарынқол ауылында тұратын 36 жасар Тамара Тұрғанова 8 қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Өмірлік жолдасы Бақыт Исаұлымен 2000 жылы шаңырақ көтеріп, осы күнде бақытты жанұяның ұйытқысы болып отыр.
- Небәрі 18 жасымда тұрмыс құрып, 19 жасында алғашқы сәбидің анасы атанғанда, сегіз қыз баланы өмірге әкелем деп ойламадым, аяғым ауырлаған сайын ұл күттім, — деп ағынан жарылды батыр ана. Бүгінде 19 жасар тұңғышымыз орта кәсіптік білімін тәмәмдап, тәжірибелік сынақтан өтуге дайындық үстінде. Екінші қызымыз – ауданнан ашылған мед колледжде ақылы білім алуда. Қалғандары мектеп қабырғасында. Ал кенже қызымыз 4 жарым жаста балабақшаға барады. Сегіз қызды өсіріп, жеткізу оңайға соққан жоқ әрине. Жолдасым жұмыс істемейді, бала тәрбиесінде көмегін беріп, жанымызда болды. Есіктің алдынан кішігірім дүкен ашып, ішіп-жейтін азық түлігімізді ажыратып отырғанымызға 5-6 жыл болды. Қуанышпен қатар, қиындықтар да қатар жүретіні белгілі ғой. Бірақ әрқайсысының өз несібесі бар дегендей құдай несібемізден айырған емес. Алтын алқа үшін ай сайын сегіз балаға 16 мың теңге жәрдемақы аламыз. Мектепте тегін тамақ берілетіндердің тізіміне бір қызымызды әрең іліндірдік, өкіметтен де ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз. Оқу жылының басында балаларымның киім кешегін түгендеуге қаражатымыз жетпей, несие алып, оны жыл бойы төлеп шығамыз. Дүкеннен түсетін табыс жырттыққа жамау болып жарытпайды дейді, — деп мұңын шақты алтын алқа иегері.
«Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» деп жатамыз. Жөн-ақ сөз! Дегенмен ең әуелі сол бесіктің ішінде сіз бен біздің тәрбиемізге мұқтаж ұрпақ тербелуі тиіс қой. Демек, елімізде балалардың көптеп дүниеге келуіне жағдай жасау жалпыұлттық жауапты іске айналып отыр. Және ол ұрпақтың саны бар да сапасы жоқ, жай бір тіршілік иелері боп өспеуін қадағалау — мемлекеттік дәрежеде, жоғарғы ресми билік деңгейінде қолға алынуы тиіс жауапты іс. Олай болмаған жағдайда бүгінгі күні жасалып жатқан елдегі материалдық нығметтеріміз — ертеңгі күні кімдердің қолында кетері белгісіз байлық. Яғни, демография саласында сан мен сапа — өзара бірлікте қаралуы тиіс мәселелер.
«Бір қозы туса, бір түп түп жусан артық шығатыны» туралы байлам баяғыдан-ақ айтылып келеді. Қазақ даласы қозы азайып, жусан шөлдеген шақтың да талайын бастан кешті. Бірақ, шүкір, қозы тіпті де таусылған жоқ, жусан әлі шығып жатыр. Қазақ баланы әдетте сол қозыға теңейтін, баланың ертеңгі нәпақасын құба жонда тегін өсетін сол жусанмен теңестіретін.
Осы күні бір немесе екі баламен шектеліп, жұмысбасты болып жүрген жастарымыздың қатары қаншама. Оған «көкек» әкелер мен аналарды тағы қосыңыз, жауапкершіліктен безініп, отбасының ойранын шығаратындардан қандай болашақ күтеміз.
Ендеше, дәл қазір бір қолын екі ете алмай, біріне жетсе, біріне жеткізе алмай, шарасыздықтан шырылдап, ел азаматтарының есігін қаттырақ қағып жүрген аналарымыздың жағдайына жанашырлық танытқан жөн болар. Бәлкім, осы күні бала үшін байбалам салып жүрген сол көп балалы аналардың бірінің жетегінде, не бесігінде, не құрсағында Қазақ елінің «көшбасшысы» жүрмесіне кім кепіл? Олардың арасынан келешекте тамаша ақындар, дарынды сәулетшілер, музыканттар мен мықты ғалымдар шығарына күмәніңіз болмасын!
«Қыз – өріс, ұл – қоныс» деген нақыл сөздер де бекерден айтылмаса керек, кей ер азаматтарымыз ұлды аңсап, қыз туа беретін келіншектеріне қырын қарап, отбасының берекесін алатынын да көзіміз көріп ақ жүр. Ал Тамараның жолдасы үшін әр қызының орны ерекше екені көрініп тұр. Анасының бір жағына шығып, үй шаруасын шыр айналдырып жүрген ұлға бергісіз қыздары кәдімгідей қолғанат.
Осынау айтулы күнде батыр анамыздың шаңырағына шаттық, баянды бақыт, денінің саулығын тілейміз. Өрістеріңіз кеңейіп, қылықты қыздарыңыздың қуаныштарына куә болып, үлгілі отбасының қатарынан көрніңіздер дейміз. Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты аналарымыз аман болсын!
Айнаш Әлдибекова,
Нарынқол ауылы.
0 Пікір