БАҚ өкілдері құрметтелді

        Қоғамның қозғаушы күшіне айналған журналистерді қалай құрметтесек те жарасады. Өйткені, қалам ұшынан өмір іздеген жауынгерлер күнмен де, түнмен де санаспайды. Мекен, медиен де таңдамайды. Мұқаң айтпақшы «…қалам, қағаз уақыт берсең аз ғана…» сөзден соқпақ салып, сарай тұрғызады.

       Дәл осындай мәтінде маусымның жиырма сегізі баспасөз қызметкерлерінің күні аталып өтті. Әкімдіктің кең залына жиналған зейнеттегі газет қызметкерлері мен «Хантәңірі» ұжымы құрмет құшағына бөленді.

       Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов мерекемен құттықтап, төртінші билік өкілдері еңбегін жоғары бағалады:

        – Ауданымыздан ақын -жазушылар көптеп шыққан. Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Баққожа Мұқай, Сағат Әшімбаев, Мұқатай Жылқайдаров сынды тұлғалардың ізін жалғаған республикаға танымал журналистер мен жазушылар аз емес. Солар салған соқпақпен жүріп келетін ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін!– деді аудан әкімі.

       Арқалы ақын Еркін Ібітановтың жолдасы, байырғы газет корректоры Алтынкүл Ысқақова, фототілші Асқарбек Керімбаев, Ысқақбек Шекіров, есепші Айша Әділбекова, «Хантәңірі редакциясы» ЖШС директор-бас редакторы Жұмабек Тұрдиев Құрмет Грамоталармен марапатталса, жауапты хатшы Дастан Жанасыл, бөлім меңгеруші Серікжан Мурасилов, тілші Ақерке Бижан, дизайнер Мақпал Тобажанова, веб-редактор Айгүл Тағаева, фототілші Елдос Ахметжан, корректор Ақмарал Тұрғанбекова, есепші Перизат Ізтелеу, жүргізуші Даурен Аталықовтар Алғыс хаттар алды.

       Сөз кезегінде бар өмірі газетпен өрілген Алтынкүл апамыз орынды ойларын білдіріп: «1966 жылдан еңбекке араластым. Аптасына үш рет жарық көретін басылымның таралымы жеті,сегіз мыңға жетті. Біз газеттің беделі үшін тер төктік. Қолмен қорғасын әріптер теріп, газет беттедік. Сол еңбегіміз сортаң болмады. Сын түзелмей мін түзелмейді. Газет – халықтың сөзін сөйлесе, халық – газеттің сөзін сөйлейді. Сондықтан, қарапайым жандар жайлы жазылса деймін. Қисабы жоқ жиналыстармен құлақ қырыққанша сыни мақалалар саны көбейсе екен. Бұдан баспасөздің беделі артпаса кемімейді» деді ағынан ақтарылып.

        Ақ бұрымды апамыздың сөзін Ы.Шекіров, А.Әділбекова, А.Керімбаевтай замандастары құптап, газет тарихына көңіл бөлінсе деген ниет білдірді. Соның ішінде аудандық басылымның 85 жылдығында тарихы терең газетке бір мұражай керектігі сөз болды.

Серікжан МУРАСИЛОВ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password