БӘЙДІБЕК БИ

        Бәйдібек Қарашұлы 1356-1419 жылдары ғұмыр кешкен қазақтың атақты биі, әрі батыры. Кейбір деректерде Хан деп аталады. Әкесі Қарашада, бабалары Бабыралы, Майқы, Төбей, Кейкі, Бақтияр-бәрі өз заманында би, әулие, абыз, хан, батыр болып өткен. Бәйдібек би аты шулы Ақсақ Темірмен (1336-1405ж) замандас, тұстас, қызметтес болған. Өзінің жақын туысы қазақтың дала философы Асанқайғы аталып кеткен дана жырау Асан Сәбитұлымен (1361- 1470 ж) сырласатын, мұңдасатын. Ол осыдан 673 жыл бұрын Ташкент шаһарында туған. Жаугершілік кезінде үш жасынан әке-шешеден жетім қалады. Ағайындардың қолында жүріп, есейе келе үйсін Шынтас деген байдың жылқысын бағады. Тәжірибелі жылқышы ат бапкері, мерген, сайыскер, көкпаршы додапаздардан әбжілдік, батырлық дәстүрін үйренген.

        Бір күні өзі бағып жүрген үйір-үйір жылқыдан қырық шақты қысырақ ауа жайылып жоғалып кетеді. Шынтас қаһарланып: Сол жоғалған жылқыны таппай қайтпа!-дейді. Жылқышы бала сонымен қырық қысырақтың үйірін іздеп кетеді. Қаратау шатқалдарын шолады. Ешкім көрдім, білдім демейді. Мойынқұм жағына өтіп, шөл даланы кезеді. Күндер өте береді. Бала шөліркейді, аты болдырады. Бір сексеуілдің түбіне түсіп, атын шалдырады. Өзі жан қалтасында қалған бес малта құртты қаужайды. Сөйтіп отырып бала сексеуілдің түбінде қалғып кетеді. Түс көреді. Түсінде ақ киімді, ақ сақалды қария оған келіп, «Балам тарықпа, Алатауға бет алып жүре берсең, жылқыңды табасың. Ал, жолың болсын, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен шылауыңнан демесін! Тілеген мұратыңа жет! Әумин!» дегенде балада Әумин деп қолын жоғары көтере бергенде оянып кетеді. Түсі екен. Қарияларша «Я, әруақ, қолдай гөр!» деп орнынан ұшып тұра келеді. Жайылып жүрген атына барып, ауыздығын салып мінеді де күншығысқа қарай жүре береді. Ат үстінде ойланып келеді. Көрген түсін өзінше жориды. Кешке Қаратаудың теріскей жотасындағы Жылыбұлақ басына жетіп, қарт қойшының үйіне қонғанда, әлгі қойшы:- Анау тұрған Жылыбұлақ басындағы сағанада Бабай түкті Шашты Әзиз әулие жатыр. Өзің жетім бала екенсің, басына барып, дұға қылып, садақаңды беріп қайт. Жүр, мен ертіп барайын,-деген. Екеуі сағанаға барып тізе бүккен. Қарт қойшы «Құлқуалланы» үш қайырып бата қылған. Бәйдібек бала орамалының шетіне түйіп, бой тұмардай сақтап жүрген жеті теңгесін құдайы садақа етіп, сағананың есігіне тастаған. Сөйтіп, екеуі «Бабай түкті Шашты Әзіз әулие қолдай гөр» деді де ол атын қамшылай түсті. Күн жүрді, түн жүрді ертесіне ол Шу бойына жетті. Қалың қамыс арасынан жылқысын тауып айдап шықты. Еліне жетті. Жылқысын көргенде Шынтас би әйелі ұл тапқандай қуанды. Бәйдібек баланың арқасынан қағып: — Жарайсың балам, жоғалған табылды, етек жабылды. Біз сенен қорқып отыр едік, қолды болдыма деп. Әйтеуір, жылқы да, өзің де аман келдің, — деп оған риза болыпты.

        Қоян жылы қыс қатты болып, мал жұтай бастайды. Шынтас бай не істерін білмей сасады. Бұл кезде он бес жасқа толған еді. Ол күн-түн жылқы ішінде жүреді. Шынтас жылқышыларына барады. Жылқысын аралап көреді. Үйір-үйір жылқылары Қаратаудың бөктерінде қалың қардытебіндеп,қара жусанға жайылып жатады. Қартаңдарды арықтап, жылқысының мазасы кетіп қалғанын көреді. Әлі алда үш ай қыс бар. Қалай болар екен? Мыңғырған жылқыдан жұрдай болып, құрық ұстап қаламыз ба? Кәне, не ақылдарың бар?-деп жылқышыларына сөз салады.

       Жылқышы шал айтады:

       — Жылқыңызды Ташкент, Түркістан базарына айдатып сатыңыз. Ақшасын жамбасқа басыңыз. Келесі жылы қайтадан жылқы сатып алып, орнын толтыра саласыз. Әлсейіт деген ортаншы жылқышы айтады:

       — Жылқыңызды әр үйге бестен, оннан бөліп беріңіз. Олар өз малындай қарап, аман алып шығар, — дейді.

       — Байеке, егер маған сеніп тапсырсаңыз,- дейді бала жылқышы Бәйдібек, — жылқыңызды түгелдей Мойынқұмға қыстатып шығар едім. Ана жолы жоғалған қырық қысырақты іздеп, Мойынқұм жайлауын түгелдей аралап шықтым. Сонда малын қыстатып жүрген жылқышы, түйеші, қойшылар: «Өзге жерде мал жұтаса да бұл Мойынқұмда мал жұтамайды, жел деген болмайды, Қар жұқа түседі. Мойынқұмның жусаны, изені, шеттігі, жыңғылы, сексеуілі, шеңгелі қанша мал жайылса да жетеді» деп отырған.

        Шынтас бай Бәйдібек сөзін қабылдап былай депті: — Бәйдібек балам, мен саған сенемін, сенің тегін емес екеніңді білемін, жылқымды талай рет барымташыдан, бораннан аман сақтап жүргеніңді қалай ұмытайын. Ал, ықтияр өзіңде, саған ерік бердім, — дейді. Сонымен Шынтас байдың бір мың бес жүз жылқысын үшке бөліп, он шақты жігіт Мойынқұм жайлауына қарай айдайды. Сөйтіп, құмның ең ұйықты, шұрайлы жерін жайлайды. Бірер күннен кейін сол өңірде отырған Арыстан би оларға бір жігітті жұмсапты. Барып біліп келші, қара құрымдай қаптап жатқан кімнің жылқысы екен? Жігіт барып Шынтастың жылқышыларына жолықса, Бәйдібек:

        — Ол биге мен барып сәлем берейін. Ауа келген жағдайымызды түсіндірейін, — дейді. Арыстан бидің қыстауы Қаратаудың күнгей бетіндегі Қызыл арық бойында екен. Бәйдібек кештетіп Арыстан бидің үйіне барады. Төрде отырған жасы сексендерге жетіп қалған ақ сақалды биге барып сәлем береді.

        — Қай ауылдың баласысың?

        — Үйсін Қараша бидің баласымын.

    — Е,е, жарықтық Қараша бидің де, онда бізге туысқан болдың ғой. Әкеңді білемін. Жас кезімізде алдына барып қолынан талай дәм татқанмын., талай ақыл – кеңесін тыңдағанмын. Ал, бұл жылқы кімдікі балам ?

        — Шынтас байдікі. Мен сол байдың жылқышысымын. Биыл елімізде қыс қатты болып жұт болатын түрі бар. Содан ығып Мойынқұмды паналап, қыстап шығуға келдік.

        — Е,е, шырағым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі-ел кәсібі, ел-нәсібі – ер нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір деген. Ары тұр демей-ақ қояйын. Жер менікі емес, Құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді. Еркін жайлап қыстап шығыңдар. Ауыл мынау, келіп-кетіп тұрарсың. Арыстан атаның бұл сөзі Бәйдібек баланың көңілін жадыратты. Ел әбден жатар уақытта басында ақ кимешегі бар, бес биенің сабасындай би ағаның бәйбішесі қасында шәй құйып отырған қызына:

        — Мына қонақ балаға төргі үйге төсек салып қойдағы, өзің менің қасыма жат. Мына белі құрғырымды ұқалап бер,-дейді. Бәйдібек әңгімеге есі шығып, келгелі бері бәйбіше қызын байқамапты. Енді назарын салып еді. Екі көзі танадай жалт-жұлт еткен, сұлуша бүйрек мұрын, сары қыз келбетті-ақ екен. Тесіле қарап қалған жігітке тана көзін бір жарқ еткізді де, күлімсіреген күйі орнынан тұрып, шешесінің айтқанын орындауға кетті. Бәйдібек ішінен «келгелі бері бұл қызға неге көңіл аудармадым екен» деді.

    Сонымен қыс күні біртіндеп өтіп жатыр. Бәйдібек өзінің жылқышы ағаларымен бай жылқысын бағып, Мойынқұмды жайлап жүре береді. Көңілінде тана көз сары қызға деген махаббат құштарлығы тұтанады. Енді ауа жайылған жылқыны іздеген болып, кейде қашқан қасқыр, түлкіні індеткен болып, Арыстан би ауылына барғыштайды. Түстеніп, қона жатып би айтқан қызықты аңыз, шежіре әңгімелерді тыңдайды. Оңашасын тауып сары қызбен сырласады. Қыздың аты Гүлжамал еді. Оны әке-шешесі, жеңгелері еркелетіп «Сары қыз» дейді екен. Бәйдібектің Сары қызбен көңілдес, бірбірін ұнатып, сырласып жүргенін шешесі де, әкесі де сезеді, бірақ шекті көрмейді. Қайта жиірек кездесіп, бір-біріне үйір бола бергенін қалайды. Әсіресе жеңгелері көп дәнекерші болады. Бір күні Арыстан би :

        — Балам, саған ықыласым түсті. Еліңде құда түсіп, сөз сөйлерің бар ма?

        — Ондай жанашыр әке-шеше менде жоқ. Өзіммен-ақ сөйлесе беріңіз.

        — Ендеше, Сары қыз екеуіңе отау тігіп берейін, осында қалсаң қайтеді.

   — Ақсақал, отау дегеніңіз жөн, бірақ мұнда қала алмаймын ғой. Жетім болғаныммен менде де ел бар, жұрт бар, ағайын-туыспен ақылдасайын. Көп кешікпей айналып соғайын.

        — Жарайды, мұның да жөн екен. Арыстан би мен Бәйдібек баланың алғашқы келісімі осы болады.

    Наурыз айы жақындап, қыстың ызғары қайта бастайды. Жылқышылар Мойынқұм жайлауын қыстап шыққанын, тіптен Бәйдібекке жалғыз қызын бермек болғанын жырдай қылып баян етеді. Сонда Шынтас байдың Бәйдібекке шын мейірімі түсіпті.

        — Бәйдібек балам, түсіндім, бәрі сенің арқаң. Жайлы өріс тауып, жылқымның тай-тұяғына дейін сондай қаһарлы қыстан аман алып қалғаның тек сенің ақылың. Сен есік алдында жүрген құлым едің енді ақылды ұлым болдың. Қасыңа бір қария, он жігіт қосып, алдыңа жүз жылқы салып берейін. Арыстан биге бардағы қалыңдығыңды алып қайт.

     Осылайша Бәйдібек Арыстан бидің еліне барады. Би тайлы – таяғымен жиылып Сары қыздың ұзату тойын жасайды. Ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, күрес, жамбы ату дейсің бе, барлық салтдәстүр өтеді. Сөйтіп, Сары қыз жасау-жабдығы, бәсіре төлімен келін болып түседі.

        Гүлжамалдан әуелі Байтоқты деген ұл, Алтын деген қыз туады. Байтоқты он сегіз жасында Керей жұртының Ұшан деген қызына үйленеді. Келесі жылдың көктемінде таудың қуысында отырған бес-алты үйді мал-жанымен бір түнде таудың тасқын суы алып кетеді. Солармен бірге, Байтоқты да үй-мүлкімен опат болады. Соның алдында ғана төркініне кеткен Ұшан аман қалады. Жас нәрестені Байтоқтының қарындасы Алтын ақ ешкінің сүтін беріп асырап алады. «Құдайдың берген сыйлығы» деп, оны Сыйлық сары деп қояды. Келе-келе оны «Сары үйсін» деп атап кетеді. Сары Үйсіннен – Қалша, Жақып туады. Гүлжамал (Сары бәйбіше) Байтоқты мен Алтыннан кейін тоғыз ұл туыпты. Олардың барлығы әкесі Бәйдібекке ұқсап шетінен батыр, палуан болып өседі.

        Қалша, Жақыптан Танай, Жанай, Жаулан (Тоқаш Бокиннің арғы аталары), Есім, Малай, Баба, Сүргінкел, Көпсерке, Қайқы, Софы, Сұлтанқұл ұрпақтары тарайды. Қазірде Бәйдібек бидің Сары бәйбішесінен өрбіген Сары үйсін әулетінің дені Алматы облысының Балқаш, Күрті, Жамбыл аудандарында тұрады.

        Бәйдібек бидің екінші әйелі Зеріптен Жалмамбет туады. Ол да әкесі сияқты Насат батыр болып өседі. Жалмамбеттің бірінші әйелі Қызылбидің (шын аты Мәлде би) қарындасы Жұпар еді. Ол да жасында еркек шора болып өскен ер мінезді ана екен. Тұңғышы Шапыраштыға жүкті боларында жолбарыстың жүрегіне жүкті болыпты.

        Жұпар жолбарыс мінезді, өзі белді, мықты келін болып өседі. Ел оны алапаш жолбарысқа ұқсаған келін деп, кейін Мапрашты атап кетеді. Мапрашты Бәйдібек батыр үйіне келе сала еңсеріп игеріп кетеді. Қысы-жазы малға да қарайды. Боранды күндері кәдімгі қарулы палуан жігіттермен бірдей қимылдап, атасының ойынан шығып жүреді. Кешікпей Мапрашты Досымбет деген ұл туады. Оның көзі бір-біріне атысып, шапыраштанып туған соң ел Шапырашты атап кетеді. Шапырашты да өсе келе әкесі Жалмамбет, атасы Бәйдібек, анасы Мапраштыға ұқсап батыр боп ер жетеді.

        Қазақ шежіресінде Шапыраштыдан Есқожа, Асыл, Айқым, Екей, Есмбіл, Шыбыл ұрпақтарын таратады. Жазушы Балғабек Қыдырбекұлы «Алатау» (1987) романында Шапыраштыдан Ыстық, Асыл, Ыстықтан Малды, Желді, Қалды, Малдыдан Екей, Еміл, Екейдің бәйбішесінен Жәрімбет, Бейімбек, тоқалынан Әнет, Жиет, Емілден Жайық, Алсай, Қойшыман. Жайықтан Құл, Тайторы. Алсайдан Көшек батыр. Қойшыманнан Есқожа одан Қарасай батыр, Желдіден Шыбыл, Асылдан Әжіке, Орымбет, Теке, Төлеміс, Төлемістен Құттымбет одан Наурызбай батыр болып келеді. Жалмамбет батырдың екінші әйелі Қарашаш сұлу Мапрашты ананың сіңілісі екен. Мапрашты қайтыс боларының алдында күйеуі Жалмамбетті шақырып алып айтыпты:

    — Түсімде отағасым қасыма келді де шақырды. Мені елге көшіріңдер — Жарықшақ, Дулатты шақырады. Бәрі ақылдасып анасын Боралдайға көшірмек болады. Дулат екі күймесін әзірлейді. Біріне анасы мен әйелі Күлзейнепті отырғызады. Екінші күймеге жолазық, сусын артып, өзі 20 жігітпен қасына ереді. Үш күн дегенде олар Бала бөгенге жетеді. Аттарын отқа қойып, өздері өзен жағасында сусындап отырады.

        Домалақ ана балаларына :

    — Мен елге жеткен соң, олайбұлай болып кетсем, аталардың Бәйдекеңнің қасына қойыңдар. Ал жолда өлсем ары бері сүйремеңдер, сол жерге қойып басыма белгі қоярсыңдар,- дейді. Балалары: — Ойбай, апа ондай сөз айтпаңыз, сіз әлі шөберелеріңізді көресіз., — деп көңілін жұбатқан болады. Домалақ ана өзенге беті-қолын жуып дәрет алады. Жан – жағына қарайды. Түркістан жаққа құбылаға қарап күбірлейді. Сөйтіп, көк майса балауса шөпті кешіп ары-бері жүреді. Тыныс алып, көк аспанға тамсана қарайды. Күлзейнеп келіні жайнамазын жаяды. Ана кіші бесін намазын оқып дұға қылады. Бетін сипап, енді ұмтыла бергенде, орнынан тұра алмай қалады. Келіні тамырын ұстайды да анадай жерде жігіттермен бірге отырған Қожа Әзіс Хусейн имамды шақырады. Ол ананың иманын үйіреді. Қасына ерген бала шағасы жігіттері үрпиісіп шоғырланып қалады. Сөйтіп 1456 жылдың 28 мамыр айында 78-ге қараған жасында қасиетті әулие ана Нұрила (Домалақ ана) дүниеден өтеді. Дулат бастаған үрім бұтағы басына сағана тұрғызды.

 Алтай БАЙБОСЫНОВ,

тарихшы,

Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password