Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай…

Шыңы шашақты найзадай көкке шаншылған Хантәңірінің баурайында дүниеге келіп, қазақ поэзиясының «найзағай ақыны» аталған Мұқағали Мақатаевтың туған күні Қарасаз ауылында аталынып өтті. Ақынның туған күніне М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің білім редакторы, ақын Батырхан Сәрсенхан арнайы келіп, қасиетті мекенге қонақ болды. Аудан әкімі Ж.Омаров, мәслихат хатшысы Е.Құдабаев, аудан прокуроры Ш. Советұлы бастап, аудан қонақтарымен бірге ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естелік суреттерге түсті. Мұражайға бет алған қонақтарды мектеп оқушылары ақынның өлеңдерімен қарсы алып, мұражай жәдігерлерімен таныстырды.

Мінезі дара, ойы асқақ, поэзия әлемінің асқар шыңы Мұқағали Мақатаевтың 88 жылдығына арналған  әдеби — сазды кештің  шымылдығы аудан әкімі Ж.Омаровтың құттықтау сөзінен басталды. Тағылымға толы айтулы жиында өз лебізін жеткізген аудан әкімі, дарабоз ақынның 90 жылдық торқалы тойын дүбірлі етіп өткізу үшін дайындықтың әзірден басталып жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Аманхан Әлімұлы ақынның көзін көргенін, мақтауын естігенін бақытқа балап,  ақынның адами қасиеттері мен ұлтшылдығын, шыншылдығы мен қарапайымдылығын тілге тиек етіп,  алғысын білдірді.
Ақиық ақынның туған жеріне алғаш аяқ басқан Батырхан Сәрсенхан  болса, тұмса табиғатымен үйлесім тапқан әсем өлкеде ақын болып жаралмау мүмкін еместігін айта келе, Мұқағалиға өз арнауын жеткізді.

Аудан болғалы алғаш өткізіліп отырған еліндей ерке, халқындай қарапайым, басын аппақ қар көмкерген тауларындай биік, аяулы ақынның туған күнінде  аудан өнерпаздары «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісімен сахналық көрініс қойып, ақынның сөзіне жазылған әндермен көпшіліктің көңіл қылын тербеді. Театрландырылған қойылымның әсерінен  кейбірінің көңілі босап, көздеріне жас үйірілді.

Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда, мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өз құндағында тербетер ақынның құдіретті жырлары өз халқымен бірге, өзінің Ұлы тауларымен, Ұлы Даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері сөзсіз!

Айнаш Әлдибекова, Елдос Ахметжан (фото), «Хантәңірі»

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password