АЗИЯНЫҢ ҮЗДІК АКТЕРЫ – МҰҚАҒАЛИ ТОПЫРАҒЫНАН

       Отандық фильмдерде басты рөлдерді сомдап, өнердің өркенін өсіріп жүрген Дайыров Еркебұлан Мұратұлы 1986 жылы 12 тамызда қастерлі Қарасаз ауылында туған. Дарынды азаматтың Райымбек батыр ауданы, қасиетті Қарасаз жерінің тумасы екендігі жерлестері үшін үлкен мақтаныш. Олай болса, өнер жолында қабілетімен ерекшеленіп, миллиондаған халықтың көзайымына айналған актердың өмір жолына үңіліп көрейік.

        Бүгінгі дарынды біртуар азамат- ол шақта көңілі таза, аңғал ойын баласы. Бала кезінен батырлық дастандарды құлағының құрышы қана тыңдап өскен бала Еркебұланның арманы – батыр болу еді. Ерекше арман. Сипаты өзгеше болса да, сахна мен көгілдір экранда орындалған арман. Таланты бала кезінен байқалған өнерлі бала балабақша сахнасынан бастапақ өнерін өрлеткен. Уақыт өте келе армандар мақсаттарға айналып, қиялдар шынайылыққа бастады. Тасыған таланттың жетегімен 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, Есмұхан Обаевтың шеберханасына түскен.

        Актер өз сұхбаттарының біріндe: “Үйде тоғыз баланың кенжесі болдым. Бауырларымның әрқайсысы әр салаға кетті. Мен өнер жолын таңдадым. Қолымнан басқа кәсіп келмейтінін түсіндім. Әдебиетті, тарихты жақсы көрдім. Әкем таңдауыма түбегейлі қарсы болып, еркектің оқуын оқы дегенге келтірді. Бірақ мен өз көңіл қалауымды жүзеге асырып, еркеліктің, қырсық мінездің арқасында дегеніме жеттім”,- деген екен. Расымен де, өнер адамының мінезінің қырсық әрі бірбеткей болуы оның қиын жолға шыдас беріп шыңға шығуының басты көмекшісі.

        Өнер атты үлкен әлемге аяқ басқан Еркебұлан Мұратұлы 2006 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлық құрамына кірді. Театр сахнасында бірнеше жауапты рөлдерде ойнаумен қатар, тележүргізуші ретінде танылып, “Ел арна” арнасында “Бағдаршам ” бағдарламасын, “Хабар” арнасында “Дудар-ай” бағдарламасын, “ 31” арнада “Таланттар шоуы” бағдарламасын жүргізді. Жерлесіміздің театр сахнасындағы орны бір төбе де, кино әлеміндегі рөлі бір төбе.

        Кино-көрерменге ешқашан азық немесе баспана, дүкен секілді пайда келтірмейді. Осыған қарамастан, миллиондаған адамдар кинозалдардың табалдырығын тоздыратыны белгілі. Өйткені, кино көру адамға бақыт сыйлаумен қатар, көңілін көтеріп, сипатына қарай, таным көкжиегін кеңейтеді. Киноның адамға әсер етуі ондағы актерлар құрамына тікелей байланысты. Еркебұлан кино әлемінде өзін дарынды актер ретінде көрсете білді.

      Жоғары бағаға ие туындыларымен Отандық киноөндірісті ілгерілетіп жүрген Ақан Сатаевтың “Томирис” фильмінің халық көңілінен шыққаны белгілі, аталған фильмде Еркебұлан Дайыров Харасптің рөлін сомдады.

       Одан ілгеріде “Балуан Шолақ” толық метражды фильмінде басты рөлді сомдаған актердың айтуынша, дәл осы рөл үшін актер 10 кг салмақ қосқан болып шықты. Салмақ қосу мен салмақтан арылу өнер адамдары үшін әсте үйреншікті құбылыс.

       Сонымен қатар, І.Есенберлиннің “Алмас қылыш” романы лейтмотив етіп алынып түсірілген Рүстем Әбдіраштың тағылымды тарихымыздан хабар беретін “Қазақ хандығы”, “Алмас қылыш”, “Қазақ елі” тарихи фильмдерінде Жәнібек сұлтанның рөлін сомдаған жерлесіміз, өзінің мұндай рөлдерді сомдауының абыройлы іс екендігімен марқаяды. Қазақ хандығының құрылуына басты күш салушылардың бірі ретінде Жәнібек сұлтанның тарихымыздағы тұлғалық мәні ерекше. Осынау ұлы тұлғаны Мұқағали топырағынан шыққан актердың сомдауы аудан үшін зор мәртебе.

        Бала шағынан батыр болуды армандаған актердың батырлар рөлін сомдауы, арманның орындалғаны емес пе?! Еркебұлан — бүгінгінің батыры. Расымен де, актерларды таңдауда актер мен кейіпкер табиғатының жақын болуы тиімді. Еркебұлан Дайыровтың батырлар рөліне таңдалып алынуы — бойында біртекті қасиеттердің болуында. Жас актер қазақтың қаһарманы, соғыс ардагері, даңқты қолбасшы, батыр атамыз жайында белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген “Бауыржан Момышұлы” көркем фильміндегі басты рөлді сомдады. Рухты батыр рөлін сомдаған Еркебұлан Мұратұлына “Намыс” төсбелгісі табыс етілді.

        Еркебұлан тек батырлар рөлін сомдаушы емес, ол түрлі рөлдерді тиісінше өз дәрежесінде ойнауға машықтанған. Хабар арнасының арнайы тапсырысымен түсірілген “Қарлығаш ұя салғанда” сериалында жұбайынан ерте айырылған Тасқын есімді қарапайым зергер жігіттің рөлін ойнады. Романтика мен драмаға толы сериалда қатал мінезді, мансап қуған, бірбеткей мінезді аруды қарапайымдылығымен-ақ өзіне ғашық еткен зергер жігіт жауапкершілікті әке әрі әйел затын лайықты құрметтей білетін азамат. Кәмшат Жолдыбаева мен Еркебұлан Дайыров басты рөлді сомдаған сериал — халық тарапынан ерекше қолдауға ие болды. Сериал сарыны өзгеше, мәселесі өзекті.

        «Театр мен кинодағы рөлдердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Кинода көбінесе сыртқы образ, кейіпкермен ұқсастық, тіпті «бірге-бір» дәл үйлесім табу басты орынға қойылады. Бірақ екеуіне де ортақ нәрсе – кейіпкердің ішіне үңілу керек. Маған қызығы – осы. Сценарийді бастап оқығанда-ақ кейіпкер сахна немесе экран арқылы не айтқысы келді? Оның ойөресі қандай, кім болған, өзіңше схемасын құрып, қиялмен кейіпкеріңнің өмірбаяндық портретін жасап аласың. Рөлге ену үшін ең алдымен кейіпкеріңнің жүрісін табу маңызды. Себебі, қозғалысы арқылы кейіпкердің психологиясын табу оңай. Яғни, адамның жүрісі оның психикасына байланысты қалыптасқан, сыртқы физикалық қозғалыс арқылы ішкі дүниені іздейсің. Көрерменді баурап алатын құдірет – актердің сыртқы сұлулығы емес, көзіндегі ой. Егер мен сахнадағы серіктесімнен «Сен бүгін ауылға жол жүресің бе?» деп сұрасам, ол сұрақ менің сөзімде емес, көзімде тұруы керек. Тереңірек үңілуді қажет ететін бұл шеберліктің сырын, әрине кітапты көбірек оқысаң, табасың”. Актердың бұл сөздерінен оның кәсібилігін және өнерді өзінше дара саралайтынын аңғарғандаймын.

         “Еңбегімен — Ер сыйлы, өнбегімен — Жер сыйлы,”-демекші, еліміздің өнеріне сіңірген еңбегі мен төккен тері үшін Еркебұландай Ерге, дарынды өнер иесіне ұсынылар марапат та, айтылар алғыс та зор. Еткен еңбегі еленіп, 2013 жылы Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері атанды. Кино саласындағы ең алғашқы жүлдесі, заманауи қоғамдағы өзекті мәселерді көтеретін “Шлагбаум” фильміндегі басты рөлі үшін Мәскеудегі Халықаралық кинофестивальде, “Үздік ер адам” бейнесін жеңіп алды. Аталмыш фильм 2016 жылы еліміздегі “Выбор критиков” киножүлдесіне ие болды. Қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктері қатар көрініс тапқан әлеуметтік драмадағы Еркебұлан Дайыровтың рөлі жас актерға алғашқы жүлдесін сыйлады. Сонымен Қазақстан Республикасының мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» Орденінің иегері атанса, 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталды. 2017 жылы Қазақстан Кинематографистер Одағының «Жыл таңдауы 2017» сыйлығының «Үздік Ер адам рөлі» (Тараз фильмі) аталымы бойынша марапатталды. Оған қоса, Театр көктемі фистивальінің бірнеше мәрте жүлдегері атанды. Эльмира Гильманның “Күнбағыс” фильмі бойынша, Канндағы World Film festival кинофестивалінде «Азияның үздік актері» марапатын жеңіп алды. Еркебұлан Дайыровтың әлемдік деңгейдегі бұл марапаты еліміздің өнер қоржынына салған алтын олжасы болды.

         Арманы — иманды, әдепті бір қазақ қызының қорғаны атану болған Жігіт қорғанының іргетасы бүгінде берік қаланған. Өнер қосқан аяулы жары-Ләйлә Тілеуова М. Әуезов атындағы ұлттық драмма театр актрисасы. 2014 жылы отау құрған қос өнер иелері бүгінде екі баланың ата-анасы. Жан дүниесімен қалайтын театр әлемі Еркебұландай перзентіне тек атақ пен абырой берумен шектелмей, өмірлік серігін де тауып берді. Өзінің кезекті бір сұхбатында, өнердің айтарлықтай шыңына өрлеген, өмірден орнын айшықтаған жан ретінде, “осы күнде жеткен басты жетістігімотбасым” деген екен. Барша атақ-даңқты жиыстырып қойып, отбасын алдыңғы орынға шығаруы әсте оң шешім. Отбасының тірегі, перзенттеріне үлгілі әке бейнесінде, жарына арқа тұтар азамат ретінде қажет екенін естен шығармайтын азаматтың барша мансабы мен мақсаты отбасының қамына ғана бағытталғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

         Өнер — оңай соқпақты жол емес. Шыдас бергендер мен қайсар мінезділер ғана мәрені бағындырады. Өнер мен өмір бәйгесінде қатар шауып жүрген Еркебұлан Мұратұлы Дайыровтың Мұқағали ата рухынан нәр алып, Райымбек батыр топырағына аунап өскені – жерлестері үшін үлкен мәртебе, зор құрмет!

Ақерке БИЖАН,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password