АЖАЛСЫЗ АДАМ

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Даңқ ордені… Соғыс жылдарындағы оған ие болған аға ұрпақ өкілдері… Кезінде біз оларға қандай құрметпен қарадық десеңізші! Әсіресе аталмыш марапаттың І, ІІ, ІІІ дәрежесіне қол жеткізген әке-ағаларымызға деген сүйіспеншілігіміз ерекше еді. Өйткені мұндай жандар ол кезде Кеңес Одағының Батыры атты ең жоғарғы атақпен қатар теңестіріліп, бағаланатын. Бірақ, бұлар, яғни, Даңқ орденінің жоғарыдағыдай үш түрін қатар еншілеген қаһармандар елімізде онша көп емес-тін. КСРО деп аталатын 15 одақтас республикада олардың саны бар-жоғы 2671 ғана адам болатын. Бүгін біз, құрметті оқырман, солардың біреуі туралы сөз қозғамақшымыз. Ол жастайымыздан өзіміз көріп өскен, бір ауылда тұрған, мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткенімізше соғыстың сан қилы сәттері туралы әңгімелерін әлденеше рет тыңдаған қарапайым еңбек адамы Бейқұтбай аға Дембаев дер едік.

     Сонымен…

…1965 жыл. Маусым айы. Мектептегі оқу жылы аяқталып, каникулға шыққан біздің қуанышымызда шек жоқ. Бірақ бұл еркіндік ұзаққа созылмады. Келесі аптада: «Жұмыс күші жетіспей жатыр», – деген ауылдық кеңес төрағасы пәрменімен колхоз даласынан бір-ақ шықтық. Біздің көшеден тізімге алынған үш бала: Тұрбек, Нұрмерден және мен бір жерге түсіппіз. Ол Танақора қыстауы іргесіндегі көкөніс плантациясы еді. Міндетіміз – 1,5 гектардай жерге егілген қырыққабат пен сәбіздің арамшөбін жұлып, әр жеті сайын суару. Жүйек арасындағы топырақты қопсытып, оған тыңайтқыш ретінде қорадан қи әкеп шашу.

Төңіректегі осындай 4-5 топқа жөн-жоба көрсететін бригадиріміз Бейқұтбай аға болып шықты. Ол кісіні алғаш келген күні-ақ танып, құрметпен қарай бастағанбыз. Себебі, сол жылғы қыс, көктем айларында Жеңістің 20 жылдығы аталып өтілетін болды да Ұлы Отан соғысының қаһарманы ретінде Бекеңнің суреттері аудандық газетте жиі жарияланғаны бар. Ол уақытта баспасөз бетіне шыққан адамнан артық беделді ешкім жоқ. Керемет бағаланады. Айрықша ардақталады. Сондықтан да 6-7 сынып оқушылары біздер бұл ағамызға ілтипатпен қарап, берген тапсырмаларын екі етпей орындауға тырысамыз. Өз кезегінде ол кісі де солай. Бұта көлеңкесінде отырып ішетін түскі шай үстінде арқамыздан қаға мақтап, бізге деген өзінің риясыз көңілін жылы жүз, мейірімді көзқарасымен білдіргендей болады. Сондай кезде батылданып, соғыс кезіндегі өмірі туралы сұрайтынымыз бар. Ағамыз ондайда бәлсінбейді. Бастан кешкенін байыппен баяндап, бітпеген әңгімесін келесі күнгі үзілісте жалғастырады. Арада 45 жыл өтсе де ұмытқанымыз жоқ. Бекеңнің сондағы айтқаны төмендегі оқиғалар еді.

…Біздер, балалар білмей келіппіз. 30-жылдары сонау Алматыдан қиян түпкір, қиыр шет мына Нарынқолға тұңғыш тракторды айдап әкелген осы Бейқұтбай аға екен. Бар-жоғы бастауыш сыныптық қана білімі бар бозбаланы жергілікті мойынсерік белсенділері: «Оқығын. Адам боласың», – деп Талғардағы техникумға жібермей ме?! Міне, сонда ондағы механика бөліміне қабылданған ол аз уақыттың ішінде-ақ өзінің еңбекқорлығымен көзге түседі. Сөйтіп молотилка, лабогрейка және «ЧТЗ» атты шағын тракторды шырқ үйіреді. Бұған риза болған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының уәкілі оны Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, сондай-ақ Кеген мен Нарынқол аудандарына алғаш рет аттандырғалы жатқан техника керуеніне қосады. Сонда Талғар МТС-інен қозғалған 12 трактордың 1-еуі Байсейіт, 3-еуі Жалаңаш, 4-еуі Шонжы, 3-еуі Кеген ауылдарына қарай бұрылады да, 1-еуі жас механазитор Бейқұтбай Дембаевтың жүргізуімен 350 шақырымдық жолдың ең соңғы нүктесі Нарынқолға аман-есен жетеді. Әрине техниканың түр-түрі көбейген кейінгі заманда бұл соншалықты қызықты оқиға болып көрінбеуі мүмкін. Ал, бірақ сол 30-жылдардағы жұрт үшін тасбақа деп аталып кеткен қос темір доңғалақты «ЧТЗ» тракторын көру, жүргізу жер-көкте жоқ жетістік еді.

Сөйткен жас жігіт жоғарыдағы «жорықтан» соң көп ұзамай әскерге шақырылады. Бұл 1939 жыл болатын. Әп дегенде Брест маңына барып түскен қазақстандық ұландар ондағы артиллерия бөлімдерінде қызмет етеді. Содан кейін Маннергейм бекінісі маңайындағы ақ финдер шекарасында тұрады. Міне, осы кезде 1941 жылғы алапат соғыс басталған еді.

– Жаумен арадағы шайқасты мен зеңбірекке оқ тасушы болып бастадым, – дегені есімізде ағамыздың кезекті бір әңгіме үстінде. – Уақыт өте келе аталмыш қарудың көздеушісіне айналдым. Бір жылдан соң біздің 43-танк жойғыш дивизионымызды 8-гвардиялық армияның құрамынан бөліп алды да Сталинградтағы қан қасап соғысқа әкеліп салды. Осы жерде мен алғаш рет ажалмен бетпе-бет кездестім қарақтарым. Бірақ, Құдайдың құдіретімен одан аман қалдым. «Қалай?» – дейсіңдер ғой. Айтайын.

Кейіпкеріміздің сөзіне қарағанда біздің әскерлердің шағын тобы қаланың жұмысшылар кенті жағында ұрыс жүргізіп жатады. Сонда бір бронотранспортерді алдарына салған немістер бұларды тықсырып, қоршауға алуға ыңғайланады. Олар паналап келе жатқан анау темір тажалды тоқтатпайынша жағдайдың өзгермейтінін білген нысана көздеуші Бейқұтбай Дембаев оны зеңбірекпен екі рет атып, от-жалынға орайды. Осы қимылдан жау жағы сәл ошарыла тұрып қалғанда, бұл қасындағы көмекшілеріне зеңбіректі кейінгі шепке алып кетуді бұйырады да өзі снарядтан құлаған күзетші күркесінің ішіне кіріп, фашистерді беттетпеудің қамына кіріседі. Сол сәтте… иә, сол мезетте бірдеңе жер-көкті көшіре гүрс ете түседі де айналаны тастүнек қараңғылық жауып, тарсыл-гүрсілге толы төңірек тылсым тыныштыққа оранады. «Бұл не?» дейді жапырылған будканың ішінде денесі қысылып, есі кіресілі-шығасылы болып жатқан Бекең. Сөйтсе мұның үстіне іргедегі барак үйдің терезе жақ қабырғасы опырыла құлаған екен. Содан: «Төңіректе біреу бар ма? Құтқарыңдар!» – деп ал кеп айқайласын. Бірақ кірпіш басқан үйінді арасынан шыққан үнді кім тыңдасын. Құмыққан ол дауыс кімнің құлағына жетсін. Осылай күн батқан. Түн келіп, таң атқан. Ал Бекең болса айқайлаудан даусы бітіп, енді автоматының дүмімен күркенің қаңылтыр есігін тық-тық еткізіп ұрғылауға көшеді. Содан қанша уақыт өткенін білмейді. Әбден әлсіреген ол есі ауып барып көзін ашса, төбеде аспан көрінеді. Төңірегі толған топырақ пен бей-берекет шашылған кірпіш сынықтары. Ал жанында басын сүйеп, бұған үңіле қараған орыс әжей отыр. Кейін білді, бұл Шура Ниловна деген осы кенттің тұрғыны екен. Атыс тоқтағанда ол кісі шайқас алдында сыртта жүріп, жертөлеге қайта оралмаған шалын іздеп шықпай ма? Міне, сонда әжей құлаған қабырға арасынан тық-тық еткен дыбысты естиді. Үйілген кірпіштерді жанұшыра қопарып қараса…Адам… Иә, қаңылтыры қабысқан үйшік ішінде бүк түскен жауынгер жатыр. Қызыл әскер!

– «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» – деді осы араға келгенде әңгіме иесі. – Мұны айтып отырғаным, соғыста адамдар тек оққа ұшып, снаряд жарықшағы тиіп қаза таппайды екен. Суға кетіп, өрт ішінде қалып, топыраққа да көміліп өлетін болып шықты. Оның дәлелі менің өз басымнан өткен жоғарыдағы жағдай. Егер сонда иманды болғыр орыс әжей кездеспегенде… Иә, кірпіш астындағы болар-болмас дыбысты сол Шура Ниловна естімегенде… Онда менің, содан былай жер басып жүруім, Жеңіс күнін көріп, елге аман-есен жетуім тіпті де мүмкін емес еді.

– Ал, Даңқ ордені ше, аға! Оның біреуін ғана емес, үшеуін де алуыңыз қалай болып еді? – дейміз әңгімеге еліткен біз Бекеңді қаумалай түсіп.

– 1944 жылы, – деп бастады бұл тақырыптағы әңгімесін ол кісі, – біздің 39-гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлері Польша шекарасынан өтіп, Скурча-Вильчковице воеводосы маңындағы Висла өзеніне жетіп тоқтады. Жаз айы еді. Айдынды су жағалауы сыңсыған орман. Немістер арғы бетте. Біз бер жақтамыз. Өтейік десек, жаңбырша жауған оқ маңайлатпайды. Әсіресе солардың ішінде темір бетон жиегіндегі төбешіктен ыңғайлы орын тапқан артиллериялық қондырғының қимылы ерен. Қылт еткенді қағып тастап тұр. Соның салдарынан бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде біздің жақтағы 76 миллиметрлік 4 зеңбірек істен шығып, адамдары түгел опат болды. Бір уақытта:

– Сержант Дембаев, – деген дауыс естілді блиндаж жақтан. – Қарсы беттегі дзотқа жапсарлас жау расчетін жоюды саған тапсырамын!

– Құп болады, жолдас командир!

…Қолымда дүрбі. Аңысын аңдып жатырмын. Ажал аузы бізге қарап тұр. Көз жазбайды пәтшағыр! Кенет өзенді бойлай жүзген бір қайық көрінді. Үстінде екі адамы бар. Жаудікі ме, біздікі ме, әлде жергілікті тұрғындар ма, білмеймін. Менің көзім қарсыластардың артиллериялық қондырғысында. Міне, оның оқпаны бірте-бірте су үстіндегі қайыққа қарай бұрылды. Иә, сәт! Көмекшім екеуміз зеңбірегімізді жанымыздағы еңіске қарай итеріп жібердік. Ол сырғып барып қалың бұтаның ішіне тоқтады. Жау ресчеті мұны байқаған жоқ. Қуанып кеттім. Бұршақтаған маңдай терімді сүртіп тастап, бауырыммен жылжыған күйі зеңбірегіме жеттім-ау. Жүрек атша тулайды. Қарсы беттегілер көрсе өлемін. «Қош бол, туған жер, қош бол, майдандас достарым!…», «Жо-жоқ, тапсырманы орындамай жан қиюға болмайды. Жауды қалайда құрту керек!». Осы оймен бойымды тез жиып, бұта арасынан қарсы жаққа дүрбі салып қарамаймын ба?! Сөйтсем, жау әлі де қайық қимылын қалт жібермей аңдуда екен. Дереу нысанаға алдым. Снаряд артынан снаряд жіберіп, ес жиғызбауға көштім дейсің!.. Содан іле-шала орын ауыстырып, жау расчеті жаққа қарасам, төңірегі астаң-кестең болған оның күлі көкке ұшыпты. Осыны күтіп отырған біздің әскерлер: «Ура! Ура!» – деп қалқымалы көпірге керек резеңке понтондарды көтере өзенге жанұшыра беттеп бара жатты. Сонымен, сөздің қысқасына келсек, қарақтарым, ІІІ дәрежелі Даңқ орденін мен міне, сонда алған едім.

Бекең осылай деп үнсіз қалды. Сөйтті де әңгімесін қайтадан жалғастырды. Одан ұққанымыз, ол кісі тарапынан жасалған келесі бір батыл қадам сол жылдың күзінде болған екен. Кейіпкеріміз қызмет ететін І Беларусь майданының жауынгерлері жоғарыда сөз еткен Польша жеріне дендей еніп, оның Радомское воеводасына иек артқанда, немістердің қатты қарсылығына ұшырайды. Жау бұларды алдымен артиллерия арқылы атқылайды. Содан соң көкке көтерілген «Юнкерс» пен «Фокке фульф» төбелерінен оқ себелеп бас көтертпейді. Осыдан соң барып Утинки елді мекені жақтан өз әскерлерін қолдаған неміс танкілерінің қарасы көрінеді. Солардың ішінде өзгелерінен озыңқырап келе жатқан темір тажалды Бекең асықпай бақылап оның қимыл-қозғалысын қалт жібермей қадағалаумен болады. Ақыры зеңбірек оғы жетер жерге келгенде жүргізуші отыратын терезе маңайын нысанаға ала атпай ма?! Бірақ броны мықты екен, былқ етпейді. «Катокты… Иә, катокты көздеу керек», – дейді бұл кісі осыдан кейін өзіне өзі күбірлей сөйлеп. Сөйтеді де зеңбірегіндегі оптикалық пульт параметрлерін танктің темір дөңгелектері тұсына түйістіре бере оқпандағы оқты жіберіп кеп қалады. Ойы – жүріс қозғалысын қамтамасыз етіп келе жатқан шынжырды үзу. «Сонда не болды?» – дейсіздер ғой. Сұсты жүзі, қорқынышты үнімен жер-көкті көшіріп келе жатқан темір тажал төбеге ұрғандай солқ етіп тоқтайды да бір орнында шыр айнала бастайды. Бірақ, экипажы аман. Оның көзін құртпаса жау көздеушісі люк кабинасындағы оқпанды бұрып, бұларды оқ астына алмақ. Осыны сезіп үлгерген Бекең шыр айналған танктің бүйір тұсы өздеріне көлденеңдей бергенде: «Иә, сәт!» – дейді. Сөйтеді де оның артындағы жанармай бөктерген бөшкені нысанаға алған бойда жеделдете екі рет атып жібереді. Сол мезетте бактан қарақошқыл түтін көтеріліп, артынша тарс етіп жарылған танктің күлі көкке ұшады.

Осы ерлігі үшін «Даңқ» орденінің ІІ дәрежесіне ие болған Бейқұтбай аға арада жылға жуық уақыт өткенде аталмыш марапаттың ең жоғарғы І басқышына да қол жеткізеді. Бұл 1945 жылғы сәуір айының соңғы күндеріндегі Берлин үшін болған шайқастағы жанқиярлық ерлік еді. «Басқаша теңеумен айтуға келмейтін бұл батыл әрекеттің басы Ратуша маңайындағы шабуылда бастау алыпты. Көше өте тар екен. Әр 50-100 метр қашықтық аралығындағы көлденеңінен қойылған кедергілерге бекінген немістер ешкімді беттетпейді. Танкіні алдыға салып жылжуға мүмкіндік жоқ. Ол тротуар секілді етіп салынған жіңішке жолға сыймайды. Амалы таусылған батальон командирі сержант Бейқұтбай Дембаевтың расчетін шабуылдаушы рота алдына шығарады. Бұйрық бойынша зеңбірек баррикадаға ұқсас кедергілерден пулемет ұяларын снарядпен жойып отыруы тиіс. Ал жаяу әскерлер сол мезетте атакаға көтеріліп, бекіністі басып алуға үлгеруі қажет. Осы әдіспен бұлар өздеріне қалқа болады-ау деген әр мүйісті паналай отырып, немістердің 8 пулемет ұясын жояды. Ең соңында көшені тұйықтап тұрған өрт сөндіру мекемесі үйіне жақындағанда, оның өте берік бекініске айналғанын байқайды. Айналасы тола темір тікенді «кірпілер» мен құмқапшықтан тұрғызылған кедергілер. Ал ғимараттың есік, терезелері болса, олардан оқ дамылсыз борап тұр.

– Қирату қажет! – дейді зеңбірегін көшедегі баррикада тасасына орналастырып жатқан Бекеңе рота командирі. – Иә, құрту керек мына үйді. Әйтпесе бұл жерден алға жылжуымыз қиын. Өте қиын!..

Содан не керек, жаяу әскерлер алдындағы жалғыз расчет қарсы беттегі

бір қабат кірпіш үй шетін ала бере қос снарядты жеделдете жіберіп қалсын. Жау жағы у-шу. Осыны пайдаланып орын ауыстырған Бекеңнің тобы енді өрт сөндіру мекемесінің екінші жағын атқылауға көшсін. Ол тұс шаң-тозаңға оранып жатқанда, расчеттегі үш жігіт зеңбіректі қайта сүйретіп әкеліп, ғимараттың ортаңғы тұсына ойран салсын. Қолдарында автомат пен пулемет және ара-тұра тық-тық еткізіп ататын минометтен басқа қуатты қаруы жоқ, тек бекіністерінің мықтылығына сенген немістер енді не істерлерін білмей аласұрсын. Осы кезде бастапқыдағы ғаламат оқ нөсерінен бас көтере алмай, жерге жабыса жатып қалған біздің жаяу әскерлер жағдайдың өзгергенін біліп: «Алға!» – деп атакаға ұмтылсын!…

Сол жазда біз мектеп оқушылары Бекеңді өте жақсы көріп кеттік. Оған себеп болған ол кісінің соғыс туралы жоғарыдағыдай ғажап әңгімелері ғана емес, керемет кішіпейілділігі де еді. Қарапайым, момын адам-тын. Жас айырмашылығы бізден өте үлкен бола тұра бала мінез ақкөңілділігін айтсаңызшы! Қателігімізге қабақ шытпайтын. Не бітіп, не қоймайтын сансыз сұрақтарымызға да ренжімейтін. Бәріне төзімділік танытатын асыл адам еді жарықтық.

Келесі жылғы жазғы каникулда басқа бригадада жұмыс істедік. Одан арада екі жыл өткен соң, орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға аттандық. Содан қыс түссе сессия, жаз шықса студенттік құрылыс отряды… Оның соңы мамандық алып, жұмысқа орналасуға ұласты да ауылға көп бармайтын, Бекең сияқты ақсақалдарды жиі көрмейтін болдық.

Бірақ… иә, бірақ, ол кісімен соңғы рет жүздескенім есімде. Әлі ұмытқаным жоқ. 1985 жыл еді. Алматы іргесіндегі Қапшағайда мектеп оқушыларының республикалық «Орленок» және «Зарница» ойындары өтті. Жеңістің 40 жылдығы құрметіне арналған бұл шарада соғыс ардагерлерімен бірге Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде қарапайым 4-5 басылымның тілшілері біздер де болдық. Сонда кеудесіне І, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері жарқыраған Бейқұтбай аға Дембаевты көріп қалмасым бар ма?! Бұрылып барып сәлем бердім. Ақсақал алғашында: «Бұл кім?» – дегендей бетіме аңтарыла қарады. Қарияны ыңғайсыздандырмайын деп: «Сіз біздің ауылдансыз», – дедім жазушы Баққожа Мұқаев ағам сияқты әзілдеп. Сол кезде барып шырамытты-ау деймін. «Жоқ, бала! Сен біздің ауылдікісің», – деді ол кісі жымиып. Сөйтті де: «Ұста Әлекең – Әлихан қарттың ұлысың ғой. Бәрекелді! Өсіп, ержетіпсің. Ризамын, айналайын! Танып,сәлем бергеніңе рахмет!» – деді шын көңілден.

…Соңғы кездері елордадан ауылым Нарынқолға барған сайын оны көп аралайтын болдым. Іргедегі өзен жағасынан сонау 60-жылдардағы бақытты балалық шағым қол бұлғайды. Жол жиегіндегі алып ағаштардың әрқайсысы өмірден бір-бір бәйтерек болып өткен қарттарды есіме түсіреді. Мұндағы көшелер ше?! Иә, көшелер… Олардың да өз айтар сыры, шертер шежіресі бар. Мәселен бұрынғы Красноармейская орамынан өткенімде, ондағы 68-үйде тұрып, өмір сүріп, бақилыққа аттанған Бейқұтбай аға бейнесі алдыма келіп тұра қалғандай болады. Содан жоғары көтеріліп, келесі көшедегі өзімнің туып-өскен үйіме, әкемнің қалдырған қарашаңырағы 42-үйге жақындаймын. Міне, осы кезде көңілім көтеріліп сала береді. Себебі бұрын Мир делінетін бұл көше қазір Даңқ орденінің толық иегері Бейқұтбай аға Дембаев атын иеленген. Осыны көргенде: «Тәубе! Батырдың аты атаусыз қалмағанына шүкір», – деймін іштей күбірлеп.

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password