ҚАЗАҚТЫҢ БІРЛІГІ -ЕЛДІГІМІЗДІҢ КІЛТІ

           Бейбіт күннің баға жетпес байлығы екендігін ұғындырған қасіретті қаңтар оқиғасына да бір айға жуық уақыт өтті. Туған еліміздің тұтастығы мен Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген күрделі кезеңді еліміз басынан өткерді. Бейбіт түрде басталған шеру ниеті қара, пиғылы арам содырлардың лаңкестік әрекетіне ұласып, еліміздің бірнеше облыс орталықтарында, ару қаламыз, ең ірі мегаполис саналатын Алматы қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік салдарынан мемлекеттік маңызы бар ғимараттар мен сауда орындары қиратылып, өртеніп, ең қиыны: бейбіт күнде азаматтар жазықсыз қаза болды.

       Орны толмас қайғы дүниені дүр сілкіндіріп, дүйім халықты есеңгіретіп, бір тарының қауызына сыйғызды.  Осындай сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына жолдаған Үндеуі жабырқаған көңілге үміт сыйлап, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтты.  Ел Президентінің нақты қадамдарынан кейін елімізде қалыпты жағдай орнады, ең бірінші қауіпсіздікті қамтамасыз етіп ,жағдайды тұрақтандыру бойынша жасаған күрделі шешімдер мемлекетіміздің егемендігін сақтап қалу жолындағы табандылық, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап қалуға ықпал етті.

          Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев Үкімет алдында бірқатар маңызды тапсырмаларды жүктеді.

         Елде жасалатын жаңа реформалар мен алдағы мақсат — міндеттерді анықтап берді.Өзім ұстаз болғандықтан президенттің білім саласы бойынша айтқан түйткілді мәселелеріне тоқталайын.

          ЖОО әлемдік бәсекеде орын алатындай бәсекеге қабілетті болатындай даму керектігін айтып, білім мен техника дамыған заманда гуманитарлық білім бағытын техникалық бағытқа қарай бұруға ұсыныс берді.

      Ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсыновтың болашақтың кілті мектептен бастау алатындығына тоқталып, жаңа заман талабына сай техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.

   Жалпы әрбір бала алдымен тәрбиені отбасынан , туған ұясы мен өскен ортасынан алады.  Аталар мен әжелер әр үйдің ақылшысы, мәуелі бәйтерегі, жас ұрпаққа жөн сілтеп, ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандар.

      Осындай қиын — қыстау күнде отбасындағы ұрпақтарының басын қосып, елді бірлікке ұйымдастыруда үлкендердің тәрбиесінің орны ерекше. Тыныштық болған жерде береке де болады. Халқымыздың болашағы ұрпақ тәрбиесінде екендігін әр ата-ана естен шығармауы керек. Қазақта, «Үйде бір күн ұрыс болса керегеден қырық күн қырсық арылмайды», деген аталы сөз бар.

    Отбасындағы дәстүрдің құндылығы  Ж. Аймауытовтың «Баланы бұзуға, не түзетуге себеп болатын бір шарт — жас кезіңде көрген үлгі — өнегесі» деген сөзінен анық көнінеді. Сонымен қатар, ұлы ағартушының «Баланы іспен емес — сөзбен, үлгімен емес — ақылмен үйреткен адам сорлы» деген тұжырымы отбасылық тәрбие мәселесінің мәнін терең ашып көрсетеді.

    Ұлттық салт — дәстүр, ұлттық сана, ұлттық тәрбие туралы айтқанда отбасындағы тәрбиенің қуаты өте жоғары. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы адамгершілік  және басқа да көптеген қасиеттер отбасында қалыптасады, туған үйдің жылуы — әр адамның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Адам баласы сапар шегетін болса, ең алдымен               ата — анасы мен бауырларын, ағайын — туыстарын сағынатыны шындық. Олардың қаншалықты ыстық, жақын жандар екеніне көзі жетеді. Ал өз өлкеңнен бөтен жаққа жол   түскенде туған туыс емес өз ауылың, өлкең,атамекеніңнің әр адамы, тіпті суы, тасына дейін сағыныш кеудеңе ұялайды. Демек туған отбасыңмен қатар, өз еліңнің де отбасылық мәні бар екеніне әркімнің көзі жете түседі. Халқымызда ежелден келе жатқан ұлағатты сөз бар «Үш байлығыңды, елің мен жеріңді және тіліңді құрметте: Еліңді жамандасаң — көмусіз қаласың, жеріңді қорғамасаң — кебінсіз қаларсың, тіліңді қорласаң — қадірсіз боларсың»,  Бабалар сөзінің тәрбиелік мәні зор.

     Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі мақсат, міндетіміз болашақта мұндай қайғы — қасіретке жол бермеу, жалпы ұлттық трагедияны алып келген себептерді түпкілікті жою, қоғамда орын алған саяси, әлеуметтік — экономикалық, мәдени — рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұл қордаланған мәселелердің барлығы басты құндылығымыз адам мен адамның өмірі, денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандығы, өмір сүрудің сапасы мен барлық  деңгейі конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды. Бірлік бар жерде тірлік бар.

      Қиындық атаулыны жеңетін бір — ақ күш бар, ол — бірлік!   Ел басына күн туған талай замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі . Ынтымақ бар жерде береке мен ырыс та болады. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болады. Ауызбірлік пен түсіністік,қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашан да нәтижелі істердің үйір болары белгілі. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» Сондықтын қазақтын бірлігі-елдігіміздің кілті. Ең асыл қасиет-ел бірлігі, отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек.

 Басты құндылық — Тәуелсіздігіміз бен еліміздің тыныштығы және амандығы!

 

                                         Бақытгүл РАЕВА,

Қарасаз ауылындағы өнер мектебінің директоры,

                                                                               аудандық мәслихаттың депутаты,

                                                    Қарасаз ауылдық аналар кеңесінің төрайымы.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password