ҚАЗАҚ ТІЛІ ТӨЛ ТЕРМИНДЕРІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

         Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

         Ойлайтындар мен емес бір күнгісін

         Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын

      Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін, — деп бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен мемлекет қайраткері, қазақ ғылымының бірнеше саласының  негізін қалаған ғалым, ақын, публицист, балалар әдебиетіндегі ірі тұлға – Ахмет  Байтұрсынұлының ой-тұжырымдары мен пікір-байламдары өз заманынан бастап бүгінгі күнге дейін аса құнды.

Ұлттың ісін ұлы іс деп санаған әдебиеттану ғылымының атасы – Ахмет Байтұрсынұлы өз өмірі үшін қауіп төніп тұрғанын білсе де, оққа сүйенген арқардай бар ғұмырын жазуға сүйеп, «қазақ қалай ел болады» деген ойдың жетегінде ұлтқа қалтқысыз қызмет қылды.

Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы қаңтардың 28-інде, Торғай уезі, Торғай облысында дүниеге келген. Руы қазақ ішінде Арғын.

1886 жылы Ахметтің әкесі Байтұрсынды 15 жылға Сібірге жер аударған, Ахмет ол кезде 13 жаста. Байтұрсынның елде Ерғазы дейтін немере інісі қалады. Ерғазы Ахметті Торғайдағы қазақ балаларына арналып орыс тілінде ашылған мектепке береді. 1891 жылы Ахмет ол мектепті аяқтайды да, сол жылы Орынбордағы қазақ балаларына арналған учительдік курсқа оқиды. Бұл курсты 1895 жылы бітіреді.

1904 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Омбыдағы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алектровты іздеп барғандығы жөнінде мәлімет бар.  Оған мектептерде қазақ балаларын христиан дініне кіргізуді доғаруды, мұсылманша оқытатын қазақ кластарын ашу мәселелерін айтқан болатын.  Бірақ миссионерлік қызмет атқарып жүрген Алектров Ахмет Байтұрсынұлының көтерген мәселелеріне көңіл бөлмейді. Ресей отаршыларының қазақ жерінде мектеп ашқандағы мақсаттары, оларды христиан дініне көптеп тарту екенін Ахмет Байтұрсынұлы содан түсінген  [1, 11-б].

Сол күннен бастап Алаш ардақтысы ағарту ісінде жаңа бағыт әкелу үшін ғылыми бағытта зерттеу жұмысына белсене кірісті. Осы жерден-ақ, Ахмет Байтұрсыновтың балалардың  болашағы үшін бар мүмкіндігін мақсатына жұмсаған қайраткерлік мүддесін тануға болады. Балалар әдебиетіндегі алатын  орны шығармаларымен қатар қамқорлығымен де астасып жатыр.    Қарқаралыда алпыс баланы оқыту оңайырақ болғанымен, алты миллион қазақтың көзін ашу маңызды екенін түсінген ұлт ұстазы талмай талай тер төкті.

Қазақ  халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруда Ахмет Байтұрсынов зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі деп  оның Қазақ газетінің 1913 жылғы үшінші санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласын атауға болады.

1911 жылы Байтұрсынұлының екінші кітабы «Маса» деген атпен Орынборда жарық көрді. Байтұрсынұлының бұл жинағы үш рет басылды. Орынборда 1911 жылы бірінші рет, 1922 жылы Қазанда үшінші рет басылуы.

«Маса» өлеңдер жинағының ішінде өзге өлеңдерден өзгерек бір өлеңі «Ғылым». Бұл өлеңде Ахмет молдалардың шариғатын сөгеді де дүние ғылымына үндейді.

Ғылымдар дүниелік сиқыр болмақ.

Оқыған ол ғылымды кәпір болмақ.

Зулатып шариғатты шарт жүгініп,

Молдекең отырғанда мойын толғап.

Сондықтан заман жүрдек,біздер шабан,

Артында ілесе алмай жүрміз әман.

Күн сайын өзгеріліп өнері артып,

Бәрі де бара жатыр алға таман.

«Заманың түлкі болса тазы боп шал»,

Деген сөз аятпенен бірдей маған.

«Оқуға шақыру» деген өлең, ғылымның пайдасын халыққа түсіндіргеннен кейін, келешекке адам даярлау үшін балаларды оқуға шақырған өлең.

«Масасында» Ахмет, қазақ халқын орыс отарына қарсы ояту үшін екі үлкен әдіс қолданады. Біреуі – қазақ оқыту, білмегенін оқу арқылы білгізу.

Екіншісі – қазақтың отарға бағынбағандағы қал –жайын көзіне көрсетумен қатар, өткен кездегі қазақ  елінің жеке ел боп туғанын көрсету. Ескі, хандық өмірді,бұл екі болған өмірді мақтап, қазақтың есіне оңаша ел болу жақсы екен ғой! Деген нәрсені түсіру.

Ахмет Байтұрсынұлы «Масадан» кейін өлең жазған  жоқ. Егер жазса, онысы ешқайда басылған жоқ та, көрінген де жоқ шығар бәлкім. Біз Ахметтің өмір тарихын жазғанда, ол 1912-1913 жылдан бастап пән қызметіне кірісті дегенбіз. Сол сөзімізді бұл арада да толықтырып кетуге тура келеді. Өйткені біздіңше, қазақ әдебиетіне Ахметтің еңбегі өлең жазудан гөрі, тіл жағына көп сіңді. Ахметті тарих өлеңінен гөрі тіл жағынан көп бағалайды.

ХVІ ғасырдың аяқ шенінде қазақ арасына ислам діні араласа бастады. Ислам діні қазаққа екі жүйеден кірді:

  1. Қазақ соғыс жөнінен отарлануға бет алған орыс мемлекеті, қазақ даласының солтүстік күнбатысына: Орынбор, Қорған, Қызылжар, Омбы, Семей сықылды қалаларын салып, іргесін бекіткеннен кейін, қазақты жалғыз мылтық күшімен ғана емес, үгіт күшімен бағындыруға тырысты. Үгітті қалай жүргізу ретінде патша үкіметінің көзіне ең алдымен татар молдалары түсті. Өйткені, татар туысқандық жағынан, тіл жағынан қазаққа жақын. Орыс побын жібергенмен қазақ оған көнбейтінін білді. Осы себепті орыс үкіметі қазақ арасына татар молдаларын жіберді. Молдалар қазаққа жақын. Молдалар қазаққа бір жағынан дін үйретсе, екінші жағынан сол дін арқылы «ұлыққа қарсылық – тәңірге қарсылықпен бірдей» деген пікірді жайды. Орыс үкіметімен келісіп жағынған жерлерде хандардың қолында бір жағы дін үйретуші, бір жағы хатшы, бір жағы тыңшы есебінде молдалар тұрды.
  2. Қазақ даласының оңтүстігінде тұратын өзбек, парсы елдері қазаққа өздерінің тоқыма заттарын өткізіп, қазақ даласының шикізаттарын, малдарын алып сауда қылды. Бірақ осы саудада, тұрмысы көшпелі, бір жағынан жаугершілік әдеті қалмаған қазақ өзбек саудагерлерін көбінесе, талады. Ол кезде қазақты күшпен                         бағындыруға әлі келмейтін болғасын, өзбектер өздерінің қожалары арқылы қазақ арасына дін жайған боп, қазақ пен өзбектің татулығын күшейтуге тырысты.

Міне осы екі себеппен қазақ даласына келген ислам діні, ХІХ ғасырдың ішінде қазақ арасында кең өріс алды. Ауылда оқылған оқудың тілі: парсыша, өзбекше, татарша тілдердің құрандысы болды. Оның үстіне «әліп, би, тимен» оқығандықтан он жыл оқып хат білмейтін адамдар табылды.

Қазақ тілі осындай күйде тұрғанда, қазақ ауылына татардың жәдит деген ағымы жайылды. Халия, Расулия, Уазипа, Мухаммедия сықылды жаңашыл жәдитшіл- татар медреселерінен оқыған татар жастары ХХ ғасырдың басынан бастап қазақ ауылына жайылды. Қадим (ескі әдістің) орнына жәдитпен оқытты. «Абжатпен» басы қататын қазақ балалары бұдан көп жеңілдік алды. Бірақ, ол уақытта қазақ балалары ана тілі дегенді білмей, татарша оқыды. Татар жастарында ол кезде «қазаққа тіл керегі жоқ, татар тілі жетеді» деген пікір болды.

Осы сықылды, әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен қатар жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес, бүгінгі күнге дейін өз бағасын алуда.

1912 жылдан бастап, Ахмет өлеңінен гөрі осы тіл, мектеп жағына көп назар салды да, өлеңді ара –тұра жазды. Бірақ Ахмет бұл сықылды пән еңбектерінде өзінің байшылдық бетін көрсетіп отырды.

Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы «Әдебиет танытқыш» деген атпен Ташкентте басылып шыққан туындысы – қазақ әдебиеттану ғылымының негізі болып табылады. Себебі ұлттық әдебиеттанудың ғылыми негізі, әдебиетке тән басты терминдер осы кітапта қамтылған. Сондай-ақ, кітапта қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп қана  қоймай, төл терминдерді қалыптастыра білген деп айтуға болады.

Олай деуге себеп, Ахмет Байтұрсынұлы әрбір термин сөзді сол күйі тілімізге енгізуден аулақ болып, барынша ұғынықты, ойға оралымды, тілге ықшам етіп алып жазып отырған. Мәселен, орыс тіліндегі «предложение» сөзін тікелей аударса «айтуға негізделген ұсыныс немесе алдын-ала құрастырылған ұсыным» мәнінде жұмсалуы тиіс. Ал Ахмет Байтұрсынұлы мұндай терминдерді аса даналықпен аударып,  қазақтың ұғымымен кірігіп кетуін қадағалап отырған. Қазақтың өз қисыны ғой,-дейді ұлт ұстазы «предложение» сөзін аударып отырып, суды бір ұрттағаның – ұрттам, тұзды бір шымшып алғаның – шымшым, яғни сөйлесудің бір бөлігі – сөйлем  деп аударылады. Ән өлеңіндегі бір сөз арқылы  «главные и второстепенные члены» терминін «тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер» деп қазақтың өз сөзімен аударып қолдануы ұлт жанашырының әркез ізденісте болғандығын дәйектей түседі.

Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да  сондай кемеңгер, данышпан. Мәселен, «Әдебиет танытқышта» эпос – әуезе, лирика – толғау, драма – айтыс-тартыс, публицистика – көсемсөз, афоризм – ділмар сөз деп қолданылады. Лириканы өз жанынан толғау деп алады да, оны тек табиғат лирикасы, махаббат лирикасы деп шектелмей, сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді. Драманы қазақша «айтыс-тартыс» деп алып, уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз деген анықтама береді. Және былай бөліп қарастырады: трагедия – әлектеніс, драма – азаптаныс, комедия – әуреленіс [2, 180-б.]. Мұнан басқа сан алуан фольклорлық шығармаларды саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер ғалымның төл терминдердің негізін қалаушы екендігін айқындай түседі.

Романды – ұлы әңгіме, повесті – ұзақ әңгіме деп қолдану да қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.  Әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер қазақша өте дәл, ықшам аударылған. Осыдан-ақ, Ахмет Байтұрсыновтың төл терминдердің негізін қалаушы, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, ұлы ойшыл екендігін тануға болады.

Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық қабілетін толық танытатын жүйелі зерттеу екенін ғалымдар айтып жүр. Осы туындыда айтылған терең ой дәлдігінің арқасында ешқашан маңызын жоймайтын және болашақта да қызмет ететін асыл мұра екенін айтып өтуіміз керек. Жазылғанына жетпіс жыл уақыт өтсе де, бұл еңбекте қолданылған төл терминдер дәл бүгінгі күнде актуалды. Осы терминдердің қолданылуы бүгінгі күнде аса қажет.

Ал өнер тарауларында архитектура – сәулет, скульптура – сымбат, живопись – кескін, музыка – әуез деп дәлме-дәл анықтама бергендігін аңғаруға болады. Сол сияқты субъективті әлем – тиіс ғалам, объективті әлем – түйіс ғалам ұғымдарымен ауыстырылады.

Ахмет Байтұрсынов тіл тазалығына анықтама беріп, тіл таза болу үшін өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу керегін алға тартады. Өз сөзінде: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа ауыз тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек»,- дейді. Және осы ұлы талабын өзі нақты іске асырады.

Тіл білімінің атасы қазақта бұрын бола қоймаған терминдердің баламасын тауып, не өз жанынан жаңадан қосып сөз жасай отырып, ғылыми мәселелерді ұғынықты түсіндіріп береді. Мысылы, толғау, терме – қазіргі әдебиетте бар терминдер болса, үгіт өлең, үміт өлең – Ахмет Байтұрсынов әдебиет материалы негізінде айқын тұжырымдаған ұғымдар [3, 3-б.].

Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынов тіліміздегі төл терминдердің негізін салушы. Ұлт жанашыры шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді.  Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тиым салынғанына қарамастан, әдеби тілге кіріп кетті. Ал қалған ұғымдарды қолдану мен насихаттау – біздің жауапкершілігімізде тұр.

Халық қамқоры, қайталанбас ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған: «… Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын ұмытпауымыз керек. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті».

Иә, бойындағы барлық күш-қуатын, мүмкіндігін елі үшін сарқа жұмсаған саңлақ ердің еңбегін бағалау, дамыту, ұлықтау қара жердің үстінде қазақ барда ұмытпау – бізге парыз. Ұлттық құндылықтарымызды тіл арқылы сақтап,  ұрпақ жүрер із салып, өзі жазған туындылармен қуат беріп, ертеңі үшін еңбек етіп, үлгі бола білген ҰЛТ ҰСТАЗЫна басымды иемін!

Алмагүл ЖҰМАҒҰЛОВА,

М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің

қор сақтаушысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password