Қазақ хандығы кезінде де статистика болған

       Елімізде статистиканың тамыры тереңге кетеді. Алғашқы Қазақ мемлекеті –Қазақ хандығы кезінде де статистика болған. Сондағы статистикалық тарихи мәліметтерге сүйенсек 1459 жылы Шу және Талас өзендерінің бойындағы хандықтың халық саны 200000 адам, ал ХV ғасырдың соңында олар 1 миллионға жеткен. Егер статистика болмаса бұл сандарды білмес едік. Демек статистиканың өмірде алатын орны ерекше екенін байқаймыз. Кезінде Түркістан губерниялық статистикалық комитеті құрылып, оған Сырдария және Жетісу облыстарындағы статбюролар бағынышты болған. Х1Х ғасырдың 70 жылдарының ортасында Орал облыстық, 1877 жылдары Семей және Ақмола,1895 жылдары Торғай облысында статкомитеттері құрылған. Бірақ Қазақстанда 1920 жылға дейін бірыңғай статистикалық орган болған жоқ. 1920 жылы 8 қарашада Қазақ АКСР-ның үкіметі «Қазақ АКСР-ы мемлекеттік статистика туралы Ережені» бекіткен. Осы қаулыға сай Қазақстанда орталық бірыңғай статистика органының құрылған күні болып қабылданды. 1948 жылға дейін статистика жұмысына басшылықты Мемлекеттік жоспарлау органы жүргізген. 1948 жылдан бастап статистика жүйесін дербес мемлекеттік орган Министрлер Кеңесі жанындағы «Статистикалық басқарма» басқарған. 1960 жылдан бастап Орталық статистика басқармасы, 1987 жылдан бастап статистика жөніндегі Мемлекеттік комитет басқарады. Сонымен биыл 8 қараша күні Мемлекеттік статистикаға 100 жыл толады. Ауданымызда статистика жұмыстары 1936 жылдан басталған. Сол жылдардағы аудан бойынша жүргізілген статистикалық есептер сақталған. Сол жылдары аудандық стат бөлімі (Райстат) жұмыс жүргізген. 1966 жылы ақпан айында ауданымыз жеке аудан болып құрылғанда «Нарынқол аудандық ақпараттық есептеу станциясы» болып құрылып, Қайнарбеков Ақжол басшылық жасаған. 1969 жылы Садықов Мақан басшы, орынбасары Мейірбеков Ахмет және Рысбекова Бәтима аға үнемдеуші болған. 1972 жылы Мейірбеков Ахмет «Аудандық ақпараттық есептеу станциясына» инспектор болып тағайындалып көп жыл қызмет істеген.Өмірінің көп жылын статистика жұмысына арнаған Мейірбеков Ахмет қазір құрметті зейнеткер. Талғар ауданында немерелеріне басшылық жасап, ауыл ақсақалы болып отыр. 1988-1993 жылдары аудандық статистика басшысы болып Үркімбаев Стамшал істеген.1991 жылы 9 шілдеде Президенттің №380 Жарлығымен «ҚР Мемлекеттік иниспекциясы» болып қайта құрылған. Осы жылдары иниспекцияда Сәулеев Ержан, Мейірбеков Ахмет,Тәліпбаева Азатхан, Нүсіпқожаева Ғалия қызмет істеген.Сәулеев Ержан ауданның спортын көтеріп,аудандық «ДСО Қайрат» мекемесін басқарған. Ержанның (марқұм) спортта атқарған жұмыстары бір төбе. Сол жылдары ауданымыздың спортшылары облыстық жарыстарда көшбасшы болған. Ереншинов Аман шахматтан, Айнабеков Абдрахмен күрестен облыс чемпионы болған. Сондай-ақ Мапай, Асқарбай, Қаһарман, Сапар, Сайлаубек, Жәмәли мен Мергенбай сынды волейболшылар да аудан намысын қорғай білген. Статистика саласында қызмет жасаған Садықов Мақан мен Қайнарбеков Ақжолдың атқарған жұмыстары ел есінде.Олар осы саланың жұмыстарын жолға қойып, облыс көлемінде үлгілі мамандар болған. Аудан Кегенмен қосылған жылдары статистикалық орталық Кеген ауылына ауысқан. Екі аудан қайта қосылған жылдары «Райымбек аудандық статистика бөлімі» деп аталып, Әбдікерімов Мұқаметжан 1999 жылға дейін басшылық жасаған. 2000 жылдан 2018 жылдар арасында Бекпентаева Ботакөз Тұрарқызы басшы болып қызмет істеген. Қазір 2018 жылғы қазан айынан бастап аудандық статистика басқармасына жоғарғы білімді, статистика саласында 19 жылдық тәжірибесі бар,көп жыл Алматы облыстық статистика департаментінде қызмет істеген Дәулетбаева Әсел Рабатқызы басшылық жасауда. Статистика басқармасының ауқымды жұмыстарын жүргізуде Байдәулетова Жаңыл бас маман болса, Әлғожа Сырым мен Есімбекова Ақбота жетекші маман болуда.

       Статистика мамандарының жұмыс істеуіне Аудандық әкімшілік толық мүмкіндік жасап берген.Олардың қызмет орындары қазіргі заман талабына толық сай келеді. Статистика мамандарының алдағы келе жатқан 8 қараша күні құрылғанына 100 жыл толу мерекесімен құттықтай отырып, өмір жолдарына барлық жақсылық тілейміз! Келешекте де өз жұмыстарын жақсарта береді деген ойдамыз.

Беркін Әкебаев,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password