Автокөлік сыйға тартты

  Жуырда Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері үлкен қуанышқа бөленді. Атап айтқанда, ауданымыздың төл перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, республика көлеміне белгілі кәсіпкер Серік Сұлтанғалиұлы өнерпаз ұжымға 14 орындық су жаңа «Газель» автокөлігін сыйға тартты.

    Ауданымыз өз алдына шаңырақ көтерген сәттен аудандық Мәдениет үйінің де жұмысы жайдарман жаңалық, үлкен жетістіктерге тола түскені белгілі. Өткен  жылы Мәдениет үйі жанынан  «Хантәңірі» атты театр тұсауын кесті. Театрдың беташары ретінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын облыс орталығында сахналап, көрерменнің ыстық ықыласын арқалады. Театр ұжымы бұдан кейін де біршама драмалық шығармаларға сахна  төрінен орын беріп, өздерінің ізденісті еңбектері арқылы шеберліктерін шыңдай түскенін байқатумен келеді.

     Әрине, өнер халықтың ортасында орындалуымен құнды. Оның бағасын беретін де халық, қалың көрермен. Ал, халықтың ортасына жиі барып, өнермен сусындатуға осы орайда меншікті бір көліктің жоқтығы қолбайлау болып келгені де жасырын емес. Міне, енді сол кемшіліктің орны толды. Өнер ұжымының ел-жерді аралап, емін-еркін жұмыс істеуіне кеңінен жол ашылды.

     — Біздің театрымыз да, голливудымыз да, теледидарымыз да осы театр болған. Үлкен өмірге қадам басуда тәрбие беруге үлесін қосқан театр мен үшін әрқашанда ыстық. Осы ауданның тумасы, бүгінде сахна саңлағына айналып отырған Асқар Наймантаев бауырым, «Нарынқолдан халық театры ашылды» деп сүйінші сұрағанда қуанышымда шек болған жоқ. Қайта ашылған театрдың «байғазысы» болсын деп автокөлік алып келген жайым еді бұл. Көліктеріңіз құтты болсын! Осы көлікпен қиналмай ел-жерді аралап, халықты өрнекті өнерлеріңізбен сусындата беріңіздер,-деген Серік Сұлтанғалиев автокөліктің кілтін Мәдениет үйінің директоры Еркін Рақымжановқа салтанатты түрде табыстады.

    Автокөлік сыйлау салтанатында аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов сөйлеп, кәсіпкер жерлесіміздің бұл сыйлығы театрға ғана емес, ауданға көрсетілген құрмет деп қабылдайтынын,мойны қашық жерде тұрып жатса да ауданның жай-күйін есінде ұстап жүрген Серіктей абзал азаматқа айтар алғысы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, Қайнарбек Әшімбаев, Серік Сүйіндік сияқты мәдениет қызметкерлері сөйлеп, өздеріне қолдау көрсетуді мият тұтқан «атымтай жомарт» ағаларына ризашылықтарын білдірді.

                                                                                   Ж. ТҰРДИЕВ,

                                                                                    «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password