Ауыз су құбыры тартылуда

     Осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын, былайша айтқанда «Қызылшекара» қой совхозы негізінде құрылған шаруашылық орталығында жаңадан бой көтерген сәнді де сәулетті тұрғын үйлермен қоса көше бойлай тартылған таза ауыз су құбыры да ауыл адамдарының алдағы күнге деген үміттерін үкілеп, еңбекке деген құлшыныстарын арттырған болатын. Ал, оның нәтижесі ақтылы қойды жусатып, өргізген совхоздың табысын тасқындатып, экономикасының көтерілуіне сүбелі үлес болып қосылғаны тағы да шындық. Уақыт бір орында тұрмайды. Сол ақтылы қойды өз төлі есебінен көбейтіп, мемлекеттің дамуына өзіндік кірпіш болып қалана білген қой совхозы да осыдан 30 жыл бұрын жекешелендіру саясатының құрығына ілініп, таратылды. Әркім шаруашылықтан өзіне тиесілі үлесін алып, қара бастың қамын күйттеуге көшті. Оны талдап, талқылап жатудың қазір қажеті жоқ. Дегенмен, шаруашылықтың бар дүниесін пышақ үстінде бөлісіп алған ел-жұрт ауыз су құбырын алуға келгенде машақатынан қашты ма, құлшыныс таныта қойған жоқ. Сөйтіп, 20 жылға жуық тұрғындарды таза ауыз сумен қамтып, тозу шегіне жеткен су құбыры қамқорлықтан қиыс қалып, көп ұзамай-ақ істен шыққан.

    Міне, содан бері ауыл тұрғындары үшін таза ауыз суға ерін тигізу, көктегі айға қол созғанмен бірдей арманға, су құбырына деген сағыныш сағымға айналған еді. Несін айтамыз! Ойдың орындалатын, арманға қолдың жететін де, ауыз судың азабынан құтылып, бөрікті аспанға ататын да кезі болады екен. Оның айқын дәлелін ауыл ішінде биыл көктем келісімен қолға алынып, қазір қарқын ала бастаған ауыз су құбырының жұмысынан аңғаруға болады. Облыс, аудан басшыларының қолдауы мен қамқорлығы нәтижесінде жүзеге асырыла бастаған су құбырын тарту жұмысы қазір қанатын кеңге жая түсуде. «Жетісу Теплострой»ЖШС жобалауымен құны 297,5 млн. теңгеге бағаланған  ауыз су құбырына тапсырыс беруші Райымбек ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі болғанда, оны іске асырушы мердігер «Теплострой» ЖШС. Ал, жұмыстың техникалық тұрғыдағы сапасын қадағалаушы «Мұзтау» ЖШС.

    Осы орайда мына бір жайтты астын сыза айта кеткенді жөн санаймын. Ауыз су құбырының жұмысына басшылық жасап жүрген «Теплострой» ЖШС-нің басшысы Бек Мыңбол деген азамат қол күшін мойны қашық жақтан жинамай, Алматы облысы әкімінің «Жол картасы – 2020» бағдарламасын басшылыққа алып, жұмысқа осы ауылдың қолы бос азаматтарын қабылдапты. Сөйтіп, жұмыспен қамту мәселесінің оңтайлы шешілуіне жол ашыпты. Қазір жұмысқа тартылған жігіттер өз ауылдарына мемлекет тарапынан қарастырылған жақсылыққа зор құлшыныс, асқан қажырлылық танытуда. Учаске бастығы Ержан Жанбақиев, Ардақ, машинист-оператор Керім Бөлебаев, жай жұмыскелер Айбар Байтуов, Ернар Өміржанов, Ғалым Әбдікерім, Олжас Қашқынбаев, Бота Керімбеков сияқты жігіттер әр күн, әр сағатты тиімді пайдаланып, қолға алған істерін дер мезгілінде аяқтауға күш-жігерлерін жұмсауда. Ауыз су құбырын пайдалануға беру мерзімі ағымдағы жылдың қараша айының алғашқы аптасына белгіленіп отыр. Демек, ауыл тұрғындары үшін алдағы күзде жаңа құбырмен келетін таза да сапалы ауыз судың рахатын көретін қуаныштың куәсі болатын күн де алыс емес. Іске сәт!

                                                                          Тұрсын  НҮСІП,

                                                        Қызылшекара ауылдық ақсақалдар

                                                                       алқасының төрағасы.

 

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password