Ауылын асқақтатқан азамат

Қастерлі да қасиетті мемлекеттік шекарамыздың шетінде Сүмбе деп аталатын ауыл бар. Өзіндік тірлігі, ынтымақ – бірлігі бар ауыл. Осынау ажарлы, келешегі кемелді мекеннен қанаттанған азаматтары баршылық. Сүмбе десе, Сүмбенің елі-жері десе, Юсупов Тілек Баудынұлындай азамат ойымызға оралады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  айтылған туған жер туралы жүрек толқытарлық сөздер дәл осы Тілектей азаматтың шұғылалы өмірімен қабысып жатыр. Туған жерін тұғыр еткен азамат. Балалықтың бал дәуренін кешкен жер, өскен елін ардақ тұтқан перзент. Туған ауылын жүрегінде, жанарында сақтаған біртуар жан. Өз тұсындағы Нарынқол ауданында ішкі істер саласында жемісті, абыройлы қызметін жасап, кейін іргелі істерін Талғар ауданына қарасты Қайрат ауылында өркендетті. «Тәуекел» деп іс бастап, «Шүкір» деп көңілін тоғайтып, халқына қажетті дүниелердің бәрін тұрғызды. Соның бірі – сан-салалы спорт комплексі.

Тілек Юсупов туған ауылында Алланың ақ үйін тұрғызды. Сөйтіп, жаратқанның шапағатына бөленді. Одан бөлек ауылдағы мүлде ескіріп кеткен Ұлы Отан соғысында Жеңіс жалауын желбіреткен жерлестеріне, майдангерлерге арналған ескерткіштің орнына жаңадан көрнекті ескерткіш орнатты. Спортты сүйетін ол ауылдағы Абай атындағы орта мектепке балалар үшін спорт құрал-жабдықтарын алып берді. Оның сыртында «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, ауылдың тау жағындағы әруақтар мекенінің айналысын қоршатып, оған тал-терек көшеттерін отырғызып, салауатты іс жасады. Тілектей азаматтың ел мен жерге жасап келе жатқан жақсылықтары жетіп-артылады. Ниеті ақ, тілегі бір жандардың бәрін дос,бауыр көретін, қариясына ізетті, кішіге қамқор Тілек Райымбек ауданның бар жақсылығына ортақтасып келе жатқан бірегей азамат. Қолынан келгенше қолдауын көрсетіп, ел мен жердің бір перзенті екенін дәлелдеп келеді.Өзі тұратын Талғар ауданына жасап келе жатқан ізгілікті де игілікті істері өз алдына бір төбе. Райымбек және Талғар аудандарының Құрметті азаматы атануы – ерге тән еңбегінің, туған жерге деген ғұмырлы ісінің шапағаты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password