АУЫЛЫМ БАР, БАЗАРЛЫ ДА АЖАРЛЫ!

      Бүгін мен үшін өмірімдегі ең қасиетті де қадірлі күн. Көгілдір көктемнің шадыман шаттыққа толы қуанышын ала келген ақ жаулықты аналардың мерекесі. Жүрегіме жақын, көңіліме оттай ыстық осынау мереке күні алтын бесік ауылым – Сүмбенің барша ақжаулықты аналарына, заманы бір құрбыларыма, қызғалдақ қыздарыма, ибалы келіндеріме, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз-аналарға сүйікті газетім — аудандық «Хантәңірі» арқылы ықыласқа толы ақ тілегімді арнағанды жөн санадым.

   Мерекелеріңіз құтты болсын! Ауылдағы әр шаңырақ шаттыққа толып, отбасы мүшелерінің көңілдері көктемдей құлпыра берсін! Деніміз сау, басымыз аман болсын! Береке-бірлігіміз нығайып, ырыс-несібеміз кемерінен асып-таси берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жеріміз Тәуелсіздік пен бейбітшіліктің нұрлы шуағына бөленіп, уайымсыз-қайғысыз бақытты ғұмыр кешуімізді бір Аллам бәрімізге нәсіп етсін!

    Осы бір айтулы мереке күні кеудемді мақтаныш сезімі билеп, Сүмбедей қойнауы құт, ырыс-береке тасыған іргелі ауылдың жақсылығын тілге тиек етсем, ауыл мәдениеті мен әл-ауқатының көтерілуіне лайықты үлес қосып, ауыл ажарын ашуға білек сыбана атсалысып жүрген азаматтардың есімін ауызға алсам, жылы лебіз білдірсем деген ойға бекіндім!

  Ауылдың еңбексүйгіш халқы қандай кәсіптің болсын ығын тауып, іскерлікке ден қоя біледі. Әр үйдің ауласынан өретін үйірлі жылқы мен табынды сиыр, ауылды азан-қазан басына көтеретін қой-ешкісі еңбексүйгіштіктің жарқын көрінісі екенін айқындап тұр емес пе. Сондай-ақ, әр отбасының диқаншылық кәсіппен айналысуы да молшылық негізін қалауға жол ашып келе жатқаны анық. Картобынан тау тұрғызып, астығынан қырман үйгенді дәстүрге айналдырған еңбекқор қауымның күнкөрісі ешкімге алақан жаймайтын дәрежеде қазір. Осы округтің игі істеріне ұйтқы болып, басы-қасынан табылып жүрген Елжан Бестібаевтай азаматтың ұйымдастырушылық қабілетіне тәнтіміз. Сонымен қатар, бірнеше отбасын жұмыспен қамтып отырған Мұсабаева Сәуле, Юсупов Тілек, Өміртай Серікжан сияқты азаматтарға ауыл тұрғындары дән риза. Олардың ауыл үшін атқарған әрбір ісін өздеріне үлгі тұтады. Ауылымызда іргетасы құрылған мәдениет үйі, жоспарланып отырған спорт кешені, ауылдың батыс жағына орналасқан жастар аллеясы көңілімізге қуаныш ұялатады. Мен бүгінгі 8 наурыз – аналардың мерекесі күні сол ақ жүрек аналардың бірі ретінде  базарлы да, ажарлы ауылыммен мақтанғанды жөн көрдім. Мереке құтты болсын, аяулы аналар!

Күлбаршын ҚЫРЫҚБАЕВА,

  ұстаз, ауылдық аналар кеңесінің төрайымы,

 Сүмбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password