Ауылдың берекесі – бірлігінде

Көшпелі редакцияның бұл жолғы сапары аудан орталығына жақын орналасқан 3680 халқы бар Жамбыл мен Қаратоған ауылдарына арналды. Ағайынды жатқан қос ауылдың тыныс-тіршілігімен таныс болайық, мұндағы ағайынның жағдайын білейік деген мақсатқа құрылған тілшілік жұмысымызды ә дегеннен ауылдық әкімдіктен бастадық. Іргелес жатқан ауылдық округтің  қарапайым да, қоңыр тірлігі өз алдына, аудан келгелі мұнда да тіршілік қыза түскен. Осыған байланысты Жамбыл ауылының әкімі Роман Қойлыбаевпен аз-кем сұхбат құрған едік. 

 –Алдымен әңгімені округтің жай-күйіне арнасақ.

 – Жиырма бір жылдан кейін еншісін алған ауданымыз тұғырына қонып, қуанып жатырмыз. Ел-жұртың да көңілі ерекше. Екі аудан бір болып тұрғанда шалғай ауылдардың бірі едік. Шүкір, бүгінде орталыққа, Нарынқолға жақын орналасқан ауылға айналып шыға келдік.

   Біздің әкімдік аппаратта  12  адам жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылдық округ тұрғындарына 1 ветеринариялық пункт,  бір әлеуметтік қызметкер, 1 дәрігерлік емхана, 1 амбулаториялық пункт, 11  дүкен, 1 тойхана қызмет көрсетеді. Өздеріңіз білетіндей аудан бойынша 8 елді мекенге тұрғын үйімен біріктірілген учаскелік полиция пункттері ашылып, пайдалануға берілген болатын. Соның бірі Жамбыл ауылында бой көтерді. Қазіргі таңда округ аумағында алтын өндіру «Марум Жар-Голд» ЖШС-гі, екі аңшылар, үш туристік мақсаттағы қонақ үйлері  келушілерге қызметін ұсынады.

–Ауылда негізінен тұрмыс-тіршілік мал, егін шаруашылығы болғандықтан оны айтпай кетуге болмас.

Ауылшаруашылық саласы бойынша қалға алынбақ алғашқы міндеттердің бірі – ірі-қара малдарын асылдандыру жұмыстары болып отыр. Асыл тұқымды мал өсіруге, мал бордақылауға, соның арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға несиелер берілуде.    Көпке мәлім «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс», бағдарламалары бойынша кемшіліктер жоқ емес. Биылғы жылы осы жұмыстарды дұрыс жолға қойып, орындалуын бақылауға аламыз.

   1 ӨК, 260 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс жасайды. Өткен жылы округ бойынша  себілген  595 га картоп , 15 га көкөніс, 2136 га көп жылдық шөп, 250 га күздік, 300 га жаздық арпа, барлығы 550 дәнді-дақыл толығымен жиналды. Тынымды еңбектің арқасында 10573 тн шөп қоры дайындалды. Өткен жылы округ бойынша өз мәнінде игерілмеген 521 га суармалы егістік жер қайтаруға жіберіліп, иесіз мүлік ретінде әділет басқармасына тіркелді.

  – Аудан келгелі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында үлкен жұмыстар жүргізіліп келеді. 

  –Иә, дұрыс айтасың. Бұған байланысты өткен жылы  Бөкенова Бағдагүл деген азаматша наубайхана  ашу үшін 3 млн. теңге көлемінде қаражат алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант жеңіп алды. Осы жылы наубайхана ашуға ниеттеніп отыр. Дәл сол сияқты   Қахаров Жақыпақын деген азамат шаштараз  ашу үшін 1 млн. теңге көлемінде грант иегері атанды. Аталған қос азамат алдағы уақытта  кәсіптерін жандандыратын болады.

 –Ел алдында есеп бердіңіз. Ауыл көлемінде атқарылған жұмыстармен таныс болдық. Аудан әкімі ауылдық округтен алдағы уақытта атқарылатын істерді айқындап берген еді.   

 – Биыл 2019 жылы аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлының қолдауымен ауылымызда әкімшілік ғимараты, мәдениет үйі сонымен  қатар, емхана бой көтермек. Сондай-ақ,  ауылдағы ауыз су мәселесі де оңтайлы шешіледі деп сенеміз.

  Осы игілікті істердің қатарында   ауылымызда туризмді дамытуға көп көңіл бөлінетіні қуантады. Бұл мәселе бойынша алдымен облыстық жолдан «Байынқол» заставасына дейінгі сүрлеуді күрделі жөндеуден өткізу міндеті тұр.

    Ауылдың кіреберіс жолдың жиегінен  көгалдандыру жұмыстарына байланысты 250 метр жер қоршалған болатын. алдағы көктем айларында аталған орынға ағаш егу жұмыстарына кірісеміз.

    Сонымен бірге әбден тозығы жеткен Жамбыл ауылының тұсындағы «Байынқол» өзеніндегі көпірді судың тасу салдарынан  шайып кеткендіктен  жүріп өтуге қауіп тудырғандықтан жарамсыз болып тұр.  Осыған байланысты 2019 жылы көпірдің құрылысына ақша қаралып отыр.

  Бұдан басқа ауыл ішінде қандай шаруалар қолға алынбақ?

   –Өздеріңіз білетіндей аудан әкімінің, ауыл әкімінің халық алдындағы есепті баяндамасында бір шама мәселелер көтерілді. Оның ішінде Қаратоған елді мекеніндегі орналасқан фелдьшерлік пунктінде, балабақшада интернет желісінің жоқтығы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі өзінің есепті баяндамасында нақты жауабын берді. Сонымен қатар Байынқол өзенінің жағалауын беріктендіру жұмыстарынан бастап, жол жөндеу, жаңа мәдениет үйін салу жұмыстары қолға алынатын болады. Жамбыл ауылынан да орталық көшенің бойынан дәрігерлік амбулатория салуға да қаражат қаралған. Әсіресе, аудан әкімі ескеріп өткен ауыл ішіндегі орталық көшені малдың қиынан таза ұстауға, көше мәдениетін сақтауға күш салатын боламыз.

–Сұхбат бергеніңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

 Сұхбаттасқан Серікжан Нұрбақытұлы,

«Хантәңірі».

                                                                     Ер-тұрман ісі ерге тән

          Жамбыл ауылдық округі, Қаратоған ауылында атағы ауданды шарлап, тіпті облыс, республикаға жетіп жатқан қолөнер шебері Тілеш Өмір атамыз тұрады. Ер-тұрман жасаудың хас шебері кішкентай күнінен ат әбзелдеріне айрықша қызығып, жанына серік еткен. Бүгінде жасы біразға жетсе де шапқысы мен ағашын қолынан тастамайтын қарт көздің жауын аларлық жауһарлардың авторы атанып жүр.

      Айрықша өнер иесін ести салысымен атамыз тұратын үйге аттандық. Есіктен кіре бере қолы қалт етсе шеберханасынан табылатын қолөнершіні шапқы ұстап, жаңа бір ердің жайын келтіріп жатқан жерінен көрдік. Қаз-қатар тізілген құранды ерлер көздің жауын алып, көңіл қызықтырмай қоймайды. Иә, ұста жұүгеннен бастап, құйысқанға дейін әрлеп, әшекейлермен көркемдегенше тыным таппайтын көрінеді. Оған дәлел толық дайын, орташа дайын, енді жасалып жатқан туындылардың қатар орналасып, бір саптан бой түзеуі. Атадан қалған ұлттық өнерді жалғап, атсүйер қауымға арнап әбзелдерді толық дайындайтын кейіпкеріміздің көп жылдан бергі кәсібі де осы екен. Темірден түйін түйіп, теріден қайыс илеген Тілеш атаның туындыларына сұраныс баршылық. Өз сөзінде де осы өнері арқылы айына кірер кірістің көлемі артқанын жеткізді. Тек жауапкершілікпен, жаныңды салып, барыңды салып жасау керек екен. Иә, ер-тұрманды қарағай ағашынан жасауды бұлжымас қағида еткен қарт шебер ұлдарын да осы кәсіпке үйретуде. Иә, қазір қолындағы ұлы шеберханадағы бар жұмысқа болысып, әке жанынан шықпай көмегін көрсетуде. Айрықша өнерге қызығып, үйренемін дейтін жастар да жетерлік екен. Атамыздың ұстаханасы білгім, көргім келеді деген жандар үшін қашан да ашық. Шыдамдылық пен төзімді талап ететін іс әсіресе ат әбзелдерін тұяқ жабардан бастап, ішбек, тоқым, айыл, желдік, өмілдірік, үзеңгі, жүген мен қамшы, жабу секілді әр жайтқа ұшан-теңіз еңбекті қажетсінеді. Бірақ, шеберіміз тапсырыс қалай түседі солай орындауда. Әйтпесе қолынан келмейтіні кемде-кем. Тіпті тоқым, оның астына тігілетін киізге дейін кестелеп жасауға болады, бірақ ол сұраныс бойынша ғана ат әбзелдерін арнайы дайындайды. Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек бос уақыттың жоқтығын да аңғардық Расымен де бір тапсырыс бітсе екіншісін жедел қабылдайтын қолөнершінің қамбасы толы. Дегенмен Тілеш атаның өз шеберханасын ашып, ер-тұрман жасау жұмысын жоғары деңгейге көтерсем деген арманы да жоқ емес, Тек үкімет тарапынан берілер мүмкіндіктердің жолын іздестіруде. Әйтпесе өзінің жеке мөріне дейін дайындап, керек құжаттың бәрін кәсіпкерлік бөлімге өткізген. Бірақ алғашқы сұранысы көңіл қанағаттандырмай, көмектен құр қалған. Құжаттарды қайта рәсімдеп, тағы бір мәрте үкімет шарапатына бөленуге үмті бар. Иә, расымен де кең көлемге жеткен кәсіп болса тек ауданның емес облыс, тіпті республика тұрғындарын сұранысын қанағаттандырардай жәйт болары анық еді. Атадан қалған дәстүрлі өнердің дені үзілмей, кейіпкеріміздің қол күші арта берсін деген ниетте, жұмысына тәнті болып тарқастық.

                                                        Ұлттық дәстүрді ұлағат тұтқан

  Қаратоған ауылында сәндік қолөнермен айналысып, материял бетіне боялған жіппен, сәнді зермен өрнек салатын айрықша өнер иесі бар. Тіпті кестеден картина жасап, дәстүрлі жайттың жаңа деңгейге көтерілуіне күш салып келе жатқан Күлпархан Тоқтақын апамыз халық өнерімен бала күннен айналысқан. Қазір жасы алпыстың ар жақ, бер жағына жетсе де біз ұстап, құрақ құраудан қол үзген емес. Төзімді талап ететін өнер иесін естіп, біле салысымен ерекше дарынды жанмен тілдесуге асықтық.

Күлпархан апаның үйіне кіріп, талай тамашаға тәнті болдық. Есіктен ене салысымен кергеде ілулі тұрған үлкен картиналар көзімізге түсті. Жіппен салынса да жанды көрініп тұрғаны таңдай қақтырып, суреттің мәні де көңілімізді көркейтті. Келесі бөлмеде орналасқан апамыздың қолынан шыққан көркем құралдар көз жауын алады. Төрде ілініп тұрған кереге сағаттың өзі үйге көрік беріп, кесте өнерінің қасиетін ұқтырғандай. Ұлттық құндылықтарды заман талабына сай суреттеп жүрген Күлпархан апа 2010 жылы жанұясымен бірге Қытайдан көшіп келген. Бүгінгі таңда азаматтық алып, бала-шағасымен бақытты күнін көріп отыр. Ерекше өнер бала күнінен бойына біткен екен. Кейіпкеріміздің анасы ұлттық өнердің хас шебері болған. Шеше жанында жүріп, біз ұстап, сурет бейнелеп үйренген Күлпархан апа бүгінде  дәстүрлі өнерді өз балаларының бойына дарытып үлгерген. Бес баланың анасы ұл-қыздарын осы талантының арқасында тәрбиелеп өсіріп, бүгінгі күнге жеткізген. Анадан қалған асыл өнерді әлі күнге дейін жалғастырып, тіпті өмірінің бөлшегіне айналдырған апамыздың бүгінгі көмекшілері – қос келіні. Иә, үш қыз, екі ұл тәрбиелеген ананың қыздары ұлттық өнерді дәріптеп, қолдан келгенінше кәсіпке айналдыруда екен. «Бәйдібек би» ауылында тұратын қыздың үлкені киім-кешек тігіп, түрлі сәндік бұйымдарды жасаса, кенже қызы білімгер бола жүріп, анасы үйреткен ерек өнерден бір сәт алыстамай айналысып келеді. Ал екі ұлы Күлпархан апамыздың өзімен бірге Қаратоған ауданына қоныс аударған. Бүгінгі таңда немерелердің ортасында, кесте тігу ісімен көңілін тыншытқан апамыз келіндеріне дән риза.  Апамыздың еңбегіне, қолынан шыққан туындыларына бүгінгі таңда айтарлықтай сұраныс бар. Тек өкініштісі материялдар құнының өзін-өзі ақтамай, дайын дүниенің арзан бағалануы болып тұр. Дәл қазіргі сәтте құрақ көрпеге  қызығушылар көп, тапсырыс бергендер де жетерлік. Сол үшін кейіпкеріміз осы сәт негізінде құрақ құраумен айналысуда. Материялдарды мүмкіндік болса Алматы қаласынан, ал кейде ауыл-аймақтан-ақ алып тұтынуда. Апамыздың қолынан бау тоқудан бастап, сызу, кесте тігу, кейде келіндердің көмегімен ғаламтордан түрлі кескіндерді көріп, соны келтіру келеді екен. Апаның өз қолымен 1 айда тігілген түс киізі де таңдай қақтырады. Картинкалар, суреттер тігіп, тіпті жайнамаз, қасиетті жазулары бар кереге сағатқа дейін жіптің жүйелі орналасуынан құралған. Екі ұлына естелікке деп тіккен картиналар бір көргеннен-ақ көздің жауын алады. Оларға да сұраныс жоқ емес, тек арзан бағада алғысы келетіндер көп. Материялдарға мән берсек жіптің өзі қымбат, қалған дүниелердің бәрі бағалы. Сапасы мен сәнінің де сол арқылы келісері анық. Материялдар мен кеткен уақыт, қол шеберлігі сұраныстағы бағамен сәйкес келмейді. Ауылдан көбінесе құрақ көрпеге деген сұраныс көп. Ең кішісі 3500 теңгеден басталса, үлкен көрпелер мен сырмақтың бағасы қымбатырақ.

Өз кәсібін одан әрі дамыту, бір жүйеге түсіру апамыздың ойында бар әрине. Тек жолы мен жөнін біле алмай жүрген секілді. Кәсіпорын ашып, үлкен көлемде айналдыруға отбасының жағдайы жетпейді. Ауылдағы кеш-жиындарда, концерттерде қолөнер номинациясы бойынша апамыздың жасаған жайттары жайылады екен. Сол кезде көпшілікке жарнама болған тауарға сұраныс артқан Тігіп жатқан кестелердің өзі 20-25000 теңгені қамтиды. Бірақ оны тапсырыс берушілердің қалтасы көтере бермейді.  Әзірге алушы саны артпағандықтан дайын кестелерді тігіп-тігіп жинау үстінде екен. Іскерлікке бір бас сұғып отырса түнгі сағат 12-1 сіз орнынан тұрмайтын апамыздың өнері шынымен-ақ қошеметтеуге әбден лайық.  Ісмердің қолынан осы уақытқа дейін  біраз дүние шыққан.  Өкініштісі үйренемін дейтін жастар жоқ. Алпысты алқамдаған көрші апа Кәдірхан шебердің жанынан шықпай біраз дүниенің қыр-сырына қанық болған. Әр тіккен кестесіне, құрағына қолтаңбасын қою да шебердің бір ерекшелігі. Қытайда осы іспен айналысқан апамыз талай жүлдерлердің басынан көрінген. Өнері де еңбегіне сай бағаланған екен. Басқұр, үй бауы, қара сабын жасауды да қолынан келген жайттар қатарына кіргізген. Келіндерге кесте тігуді Күлпархан апа өзі үйреткен. Қай өнер туындысына қарасаң да  бәрі қолдан шыққан таза, ерекше көз тартып, сұлулығымен сүйсіндіреді.  Құрақшы апаның ендігі арманы бала-шағасына бір кәсіпорын ашып беріп, жандарында көмектесіп солардың болашағын жайлы етсем дегені.

                                            Ауыл бүлдіршіндерінің алтын ұясы

 Жамбыл ауылында орналасқан үлкен ғимараттың бірі «Таугүл» балабақшасы. Орталықтан орын тепкен мекеменің мән-жайын біліп, балалар көңілін ұғу үшін, ішіне үңілдік. Сәулетті нысанның бала бақытын арттыруға арнайы салынғаны алыстан аңғарылып тұр. Екі қабаттан тұратын кең де көрікті нысан анадайдан көзге түсіп, ауыл ажарын кіргізуде. Тек сәулет үшін салынбай, бүлдіршіндерге тәрбие беріп, олардың ой-өрісінің өсуіне ықпал етуде. Балдырғандар орталығының атауы алыстан көзге шалынып, көңіл қуантады. Ғимараттың ортасында түрлі-түсті әріппен «Таугүл» деп латынша жазылған жазу жұртшылық назарын өзіне тартып, балабақшаның заман ағымына сай, жаңа жаңалықтарды бірден қабылдап әкеткенін ұқтырды. Осыған қарап сәбилер мекенінде қызмет жасайтындардың әр іске жауаптылықпен қарайтынын бірден байқадық.

      Ауыл болса да талаптарға сай салынған сәбилер мекені асқан талғаммен жабдықталған. Ауладағы ойын алаңдары мен жер төсеніштері көңіл қуантып, жанды шаттандырады. Мекеме маңындағы әр дүние жинақы да әдемі орналасқан. Балабақша бұрын да жұмыс істеген. 1986 жылдары іске қосылып, бүлдіршіндер орталығының күрт қысқаруына әкелген тоқсаныншы жылдың тоқырауына ұшырап, уақытша жабылғанымен, кейіннен қайта қолданысқа берілген. 2013 жылы 28 желтоқсан да есігін қайта ашқан балабақша толық жөндеуден өтіп, мемлекет демеуімен дәл осы мәнді де сәнді қалпына енген.

       Ғимараттың ішін аралап бүгінгі тәрбиеленуші балдырғандармен танысып, бүлдіршіндер өнеріне тәнті болдық. Оқулықтар мен ойыншықтар, заманға сай құралдар топтастырылған әр бөлме балалар шаттығын еселеуде екен. Бүлдіршіндерге тек тәрбие беріп қоймай, олардың өнермен, спортпен шұғылдануына да толық жағдай жасалған. Бүгінде орталықта балдырғандар бақытын еселеуші 39 қызметкер жұмыс атқарады екен. Балабақша меңгерушісі Әдепхан Жармұхамбетова бастаған 12 білікті маман балдырғандарға оқу-білім, ойын үйретсе, қалғандары бүлдіршіндер денсаулығы мен дұрыс  тамақтануы үшін күш салуда. Орталықта қазір 140 баланы қамти алғанымен, 120 дай бүлдіршінді тәрбиелеп, қазақ тілінде білім беруде.   Бес топқа бөлінген бүлдіршіндерді санаты биік тәжірибелі тәрбиешілер оқытуда. Періште­лерді  қуантқан сәттің  сауабы да үлкен бола­ты­нын бағамдаған балабақша ішінде медициналық бөлім, дене шынықтыру, ас даяр­лау орны,  кір жуатын бөлме,  ойын алаңдары бар. «Балбөбек», «Балапан», «Құлыншақ», «Балдырған», «Ботақан», топтарының тәрбиеленушілері бейіндіден  бастап, жасына қарай ағылшын тілін үйрену, бастапқы білім, «ертегілер елінде», этнопедагогика, саусақ методикасын дамыту бойынша «шебер қолдар»  сабақтарын үйренуде.

Кең әрі жарық дәліз бізді тазалығымен тәнті етті. Музыкалық бөлмеде де бала өнерін ұштайтын құрылғылардың сап құрғаны көңілімізді көркейтті. Балалардың мәнерлі сөйлеуіне үлес қосатын логопед бөлмесі, медициналық қабылдау, жалпы негізгісінен бастап қосалқы шаруашылық құрылымдарына дейін бәрі қамтылған. Мұнда балдырғандардың қабілетін арттырып, өнерін ұштау үшін арнайы тәрбие-сағаттары да өткізіліп, танымдық, көркемдік тәрбиелер де беріледі. Тамақ мәзірі үш уақыт, балдырғандар таңертеңнен кешке дейін құнарлы да нәрлі ауқатпен қамтамасыз етіледі екен. Балабақша  әдіскері Гүлмира Үскембаеваның сөзіне сүйенсек бүгінгі таңда орталықта мектепке дейінгі дайындық сыныбы жоқ көрінеді. Бірақ стандартқа сай келсе келер жылдан бастап  алты жасар балалар аталмыш алаңға қайта қосылмақ.

Тарыдай болып кіріп, ақыл-ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген бүлдіршіндер бізді де тәнті етті. Әр бөлмеге енгенімізде бәрінің бірдей «Сәлеметсіз бе» деп амандасқандығы, ән салып, би билеп, ойын көркін қыздырғандары көңілімізді шаттандырмай қоймады. Сондай-ақ естігенін айтып, көргенін істеген балдырғандар апайларының үйреткен әр сөзін қалт жібермей қайталап күлдіріп те алды. 1 жастан 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін балабақша есішгі таңғы 9 дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді екен. Бұл кесте де ата-аналар үшін өте ыңғайлы көрінеді. Кез-келген баланың үйде еркелеп, ойнап өз бетімен кеткенінен көрі балалармен бірге білім алып, орталықтан көп жәйтті үйреніп тәртіпті де тәрбиелі болып өскені жақсы әрине. Бірақ кейде балабақша баласын беруге қаржысы жетпейтін ата – аналар да бар. Әдіскердің сөзіне сүйенсек бүгінгі таңда кіші топтағы әр бүлдіршін үшін күндік төлем 280 теңгеден тұрса, орта, ересек топ балдырғандары үшін 300 теңгені құрап отыр. Бұл айына шаққанда 6000 теңгені қамтиды. Осы мәселе бойынша Гүлмира Үскенбаева көпбалалы және жас отбасыларға жеңілдік болса дегендей өтінішін де айтып қалды. Әлбетте әр балдырғанның заман талабына сай лайықты білім алып, текті тәрбиеге жол ашуына барлық жағдай жасалған бүгінде. Бұл мәселеде болашақта оңтайлы мәнімен шешіліп қалар.

Жақсылық пен адамгершілікке аяқ басып, жан-жақты тәрбиеленіп жатқан балғындар ерекше  қамқорлықты сезінгендігін сөздерінен байқатады. Тақпақ оқыған әр баланың тәтті қылықтары бал тілдері тәнті етпей қоймады. Шындығында алақандай ауылда мұндай мүмкіндіктің бары, әр баланың бақытты болашағына бастау болуы үлкен бір қайырымды іс десек қателеспегеніміз. Жамбылдық кішкентай періштелердің мекені ертеңіне сенімді, болашаққа бағыты анық балапандарды өсіретініне бек сенеміз. Жайлылық пен қамқорлық тоғысқан орыннан көңіліміз жайланып, жүрегіміз жылынып қайтты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password