Ауыл шаруашылығына көңіл бөлді
Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасы бойынша Алматы облысы Ауыл шаруашылығының басшысы Мақсұт Рамазанұлы мен «Жетісу» ӘКК ӨДИ АҚ Басқарма төрағасы Талғат Жанболатұлы ауданымызда іс-сапармен болды.
Текес ауылдық округінің әкімшілігінде Сервистік техникалар дайындау орталықтары мен жергілікті шаруа қожалықтарының жиыны өтті. Маңызды басқосуда аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынып жатқан жұмыстарды сөз етті. Онда картоп шаруашылығына алдағы кезеңдерде айырықша көңіл бөлінетіні айтылды. Ауданда құрылған үш сервистік техникалар дайындау орталықтарының төрағалары арадағы делдалдар картоптың бағасын ек-үш есе төмендетіп жіберетінін және оның шаруа қожалықтар үшін тиімсіз екенін тілге тиек етті. Картоп өсірумен айналысып отырған қожалықтар ала жаздайғы маңдай тердің текке кететінін жасырмайды.
Машақаты жетерлік картоп өсірудегі қиындықтар бір бұл емес. Қыстай үсітпей, сенімді сақтайтын қойманың ауадай қажеттігін алға тартты. Талқыға түскен тақырып төңірегінде ұсыныс ретінде Алматы қаласынан картобымызды қабылдап алатын орталық ашылса, тұрақты ортақ бағада саудаланса деген ой да орынды көтерілді.
Мамандар алдында маңызды көтерілген мәселенің бірі – мал шаруашылығы болды. Облыстағы мамандармен бірлесе отырып, ауданнан үлкен мал бордақылайтын алаңдар ашуды, ет өндіретін орындар әзірлеу уақыт талабы саналды.
Жиын соңында облыс орталығынан келген мамандар көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып қуантты. Шаруа қожалық иелері алдағы уақытта айтылған жұмыстар іске асады деген сенім білдірді.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Текес ауылы.
0 Пікір