АУЫЛ АЖАРЫ – ТАЗАЛЫҒЫНДА

    Ауылдағы күрделі экологиялық жағдай бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Ауыл тұрғындарының шаруашылықтағы кез келген әрекетінен шыққан әр түрлі қалдықтар биосфераны, тазаланбаған малдың қилары аулалар мен көшелерді ластауда. Бұл халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп-қатер тудырып, флора мен фауна түрлерінің азаюына, қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына әсер етуде.
Адам баласы өмір сүрген кез келген ортада қалдық-қоқыстың пайда болуы-заңдылық. Әсіресе ауылдық мекендерде, тіршілікке тұтынатын заттар қалдықтарынан бөлек, төрт түліктің тезегі ластануға едәуір ықпал етеді. Мал шаруашылығын ауыл шаруашылығының маңызды бөлігі ретінде қарастырсақ, ауыл адамдары өмірінде табыс көзі мен азық көзі ретінде төрт түліктің алар орны ерекше. Дегенмен, тазалық ұғымынан ада үй жануарларының қалдықтарын реттеп отыру адамға жүктеледі. Өкінішке орай, ауылымыздың аудан орталығы болғанына қарамастан, көшелер мен аулалардағы мал қиының тазартылуын көңіл қуантарлық дәрежеге толықтай жеткізе алмай келе жатырмыз. Көшелердегі тазалықты айтпағанда, әр отбасы өз ауласын таза ұстауға тиіс. Әр үй өз аймағындағы күл-қоқысқа жауапкершілікпен қараса, көше тазалығы бірден қамтамасыз етілетіні анық. Еті мен сүтін азық етіп, сатып пұл жасайтын малдың қиын тазалау оның адамзатқа жасайтын жақсылығының өтеуінің бір бөлшегі ғана деп білемін. Аула тазалығы өзгеден бұрын, тұрғындардың өздері үшін жағымды. Осылайша, мал қалдығын тазалауды әр отбасы мүшелерінің жеке жауапкершілігіне жүктедік. Ендігі кезекте, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстарға тоқталсақ.
Қоқыс қалдықтары – қоршаған ортаны ластаушылар. Жер бетіндегі зиянды заттардың жинақталған массасы топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жерасты суларына жағымсыз әсерін тигізетіні арнайы дәлелденген. Күнделікті дүкеннен сусын сатып алып, бөтелкесін кез келген жерге тастай салатын тұрғындар жетерлік. Сондай-ақ түрлі тұтыну өнімін сатып алып, қаптамасын қоқыс етіп көңілі қалаған жерге тастай салу – экологияға жасалған үлкен қиянат. Себебі, пластмассалардың биосфераға тигізер зияны жетерлік. Әсіресе, жоғарыда аталған сипаттағы қоқыстарға, яғни пластикалық қоқыстар мен целлофанға күн сәулесі түсу арқылы ауаға біршама улы заттар бөлінеді. Тұрғындар осындай ауамен демалу арқылы денсаулығына зиян келтіреді. Демек, адам баласы өз әрекетінен өзі зардап шегеді. Денсаулыққа зиянымен қатар өркениетті елде тұратын адамдар ретінде осындай қоқысқа оранған ортада өмір сүрген қаншалықты жағымды? Мұндай күл-қоқыстар көшелермен қатар, демалуға арналған саябақтарды да жайлауда. Арнайы қоқыс тастау жәшіктері болғанымен, оны пайдалану бірқатар адамдардың әдетінде жоқ. Өкінішті-ақ. Қазіргі дамыған елдер тәжірибесінде қоқысты сұрыптап тастау әдетке айналдырылған. Ауылымызда қоқысты сұрыптамақ түгіл, қалдықтарды арнайы орындарға тастауға машықтандыру үрдісі әзер жүзеге асырылуда.
Құрметті Нарынқол ауылының тұрғындары!
Ауылдың экологиялық мәселесі басшылықпен қатар тікелей ауыл тұрғындары өздеріңізге байланысты. Сондықтан да әр тұлға өз жауапкершілігін сезініп,тұрғылықты мекенімізді күл-қоқыстан таза ұстап, тазалықтың туын желбіретуді қолға алуымыз қажет. Қоқыс пен экология мәселесі жайлы айтылар үндеу мен үгіттің соңы мен шегі жоқ. Айтылып та, жазылып та жатыр. Тек тыңдар құлақ пен қорытынды жасар көкірек болса жеткілікті.

Амангелді ШЕНЕБЕКОВ,
Нарынқол ауылдық округі әкімі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password