АУЫЛҒА КЕЛ, ЖАС МАМАН!

        Ауыл менен қала… Еңбек жолын бастамаққа бекінген кез келген маман үшін бұл екі ұғым аса зор маңызға ие. Белгілі бір мамандық аясында білім алып, межелі оқу мерзімін аяқтап қолына дипломын алған маманның ендігі мақсаты- мамандық бойынша нан табуға кірісу.

       Еліміздегі жастардың жұмыс табу мәселесінің күрделілігін ескерсек, қолындағы дипломы мен түрлі есіктерді қағып, жұмыс іздеуден жалыққан жастардың көптігіне күйінеміз. Жұмыс іздеу мәселесінің тағы бір тармағы- ауыл мен қала арасындағы таңдауға негізделеді. Тұрғылықты мекені мен бітірген оқу орнын ескермеген жағдайдың өзінде, ауылдың тұрғыны қалада жұмыс жасауды таңдауы немесе қаланың тұрғынының ауылда қызмет етуге құлшынысының болуы мүмкін. Дегенмен, шынайы өмір көрінісінде қалада жұмыс жасауды таңдаушы мамандар басымдық танытады. Қалалық мекендерде өнеркәсіп орындары мен түрлі қызмет көрсету нысандары көптеп орналасқан. Демек, жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі де жоғары. Аталған ерекшеліктерден өзге, қала өмірі айтарлықтай даму дәрежесіне ие және мүмкіндігінше біршама технологияның сәтті жеңілдіктері қарастырылған. Осы себептерден соң, қалада жұмыс жасау тиімділігіне күмән қалмасы анық. Алайда, ауылдың жөні бір басқа. Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған ауылдық елді-мекендерді жұмыс жасауға тиімсіз деу де өрескел қателік. Әсіресе, еліміз қазіргі заман талабына сәйкес, ауылдардың да дамуын қарастыруда. Ауылдың жағдайы айтарлықтай жақсарса да, қаланы басымдыққа ие етіп көрсететін қалыптасқан ой-сана ауылға келуші мамандар санын көбейтпей тұр. Еңбек жолын ауылмен байланыстыруды қаламайтындардың бір легі өз мамандығының ауылда сұранысқа ие еместігін алға тартса, енді біреулері ауылдағы болашағының жарқын болуына күмән келтірушілер.

       Жастар неге ауылда жұмыс жасаудан қашады? Жастардың басым бағыты заманауи өмір салтына бейім. Дәстүрлі қазақ қауымдастығы саналатын ауылдық мекендерге заманауилық аса тән емес деген сылтауларды қарастырсақ, қаладағы жастар тығыздығының басты себебінің бір тармағын табуға болады. Алайда заманға сай өмір сүреміз деп ауылды тастап кету мүлде ақылға қонымсыз. Керісінше, жастарға тән тың идеялар арқылы ауыл мен қала арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарды өзгертуге әбден болады. Дәл осындай әрекеттің бірі- ауданымызда ашылған түрлі ойын-сауық нысандары. Қалалық жерде күн құрғатпай тұтынатын фастфуд өнімдерін де ауылға алып келді. Жылдамдығы қаладан кем емес ғаламтор да бар. Жеке қаржылық мүмкіндіктер болса, тұрғылықты үй-жайына да заманауи жүйелерді орнатуға толық мүмкіндік бар. Міне, ауылдан қашудың бір тармағын тағы тұйықтадық. Осы реформалардан кейін ауылға келуші жастардың саны артқаны рас, дегенмен әлі де жеткіліксіз дәрежеде. Ендігісі, идеология мәселесі. Ауылдық елді-мекендерді “байырғы қарабайыр мекен” деп қабылдайтын түсініктен арылу қажет. Ауылдың қазіргі даму жағдайы мен ондағы оң реформаларды негізге ала отырып, бұл түсінікті теріске шығаруға әбден болады. Көпке топырақ шашуға болмайтыны тағы бар. Қазіргі мемлекеттік мекемелердің жұмыс бөлмелері жастар қатарынан толысып қалғаны да көз көріп жүрген шындық. Бәрін айт та, бірін айт, ауылға шақыру үгіт-насихаты өз алдына, жастардың туған жерге деген немесе ауылды дамытуға деген ынтасына қарай шешім қабылдау еркі беріледі. Мұндағы мәселе тағы да патриоттық сезімдермен астасып жатыр. Жеке бас қамымен қала халқы санын көбейткен жастарға қарағанда, ел дамуындағы ауылдың рөлін түсіне әрекет еткен жастардың қадірі басым. Күйбең тіршілікте руханият пен ел алдындағы парызды еске алмай қаржы соңынан қуып, туған жерден жырақтау-үлкен адами тоқыраудың белгісі.

Ақерке Бижан,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password