Ауданымызда жұмыс сапарымен болды

        Жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бауыржан Қазыбекұлы Қасенов жұмыс сапарымен ауданымызда болды. Мемлекеттік инспектордың ауданға сапарында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бірге болды. Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов алдын-ала жоспарланған орындарға өзі бастап алып жүрді. Ауданның тіршілік-тынысымен, өңірімізде атқарылып жатқан игі шаралардың, жүзеге асырылып отырған жұмыстардың, жоспарлы межелердің орындалу барысымен таныстырды.

       Бауыржан Қазыбекұлы жұмыс сапарын Қарасаз ауылынан бастады. Биыл туғанына 90 жыл толып отырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мемориалдық музейінде болып, қастерлі шаңырақтағы ақын мұраларымен, ғұмырдәриясынан мағлұмат беретін құнды жәдігерлермен танысты. Мәртебелі мейманға ауылдағы А. А. Барманбекұлы атындағы орта мектептің Мұқағали музасын мұрат тұтып жүрген оқушылары құрмет көрсетті. Өлеңдерін нақышына келтіре оқып, музей ішіндегі әр бөлімнен тұратын жәдігер-мұраларды кестелі тілмен көркемдей отырып таныстырды. Бауыржан Қазыбекұлы музей ішін аралай жүріп, кейбір шешімін күтіп тұрған мәселелерге де көңіл қойды. Жастар мәселесіне қатысты ой айтты. Талантты балаларды жоғалтып алмау қажеттігін, болашақта осы ауылда жұмыс істейтін маман дайындау қажеттігін, соған орай мемлекеттен бөлінетін гранттар санын көбейту жолдарын ойластыру қажет екенін де тілге тиек етті.

       Мемлекеттік инспектор бұдан кейін музей іргесінен бой көтеріп, заманауи үлгіде салынған, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына талапқа сай қызмет көрсетіп келе жатқан Қазпошта АҚ ауылдық бөлімшесіне де кіріп-шықты. Пошта бөлімшесінің атқарып жатқан жұмыстарына назар аударды. Халыққа қызмет ету барысында туындайтын кейбір өзекті мәселелерге байланысты бөлімше қызметкерлерін әңгімеге тартты. Келесі кезекте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға таяп қалған мәдениет үйіне бас сұғып, жүзеге асырылған жоспарлы шараларға ден қойды. Тиісті бағыт-бағдар ұсынды. Орта мектептің ішін аралап көрді. Пән кабинеттерінің жабдықталуына, оқу жүйесіне қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына көңіл бөлді.

        Ақынның ауылында заман талабына сай бүгінгі таңда кәсіпкерлікті серік етіп, шаруаларын шалқытып жүрген азаматтар саны біразға жетіп жығылады. Олар кәсіпкерлікті ту етіп көтерумен қатар, туған ауылдарының көгеріп-көктеуіне барынша ықылас танытып жүрген ақ пейілді, жомарт жандар. Осыған дейін де ыстық ұялары үшін біршама жұмыстың басын қайырған атымтай жомарт азаматтар өткен жылы ұйымдасып, ауыл спортын дамытуды қолға алған болатын. Сөйтіп, ауыл балалары мен жастарының спортты серік етуі үшін «Қарасаз» атты спорт кешенін салып, ауылдастарын қуантқан еді. Жанжақты жабдықталған спорт кешені қазір адам аяғы арылмайтын орны бөлек орталыққа айналған. Бауыржан Қазыбекұлы осынау сәулетті ғимараттың да босағасын аттап, кешеннің жабдықталуы мен ашылғалы бергі жетістігінен хабардар болды. Уақыттарының көбін осы жерде өткізетін ауыл спортшыларына ыстық лебізін арнап, алға қойған мақсат-міндеттеріне сәттілік тіледі. Спорт кешеніне таяқ тастам жерде тұрған ауылдық емханаға да табан тіреп, ақ желеңді абзал жандардың денсаулық сақтаудағы атқарып жатқан жұмысымен танысты. Ауыл тұрғындарының COVID-ке қарсы екпе алуға деген ықыласын сұрап білді.

       Мемлекеттік инспектор бұдан кейінгі сапарын аудан орталығы — Нарынқол ауылында жалғастырды. Өз алдына шаңырақ көтерген үш жыл уақыттан бергі аудан орталығының даму барысына, жеткен жетістігіне көңіл қойып, қанағаттанғандық білдірді. Аудан орталығынан бой көтеріп, пайдаланатын мерзімі жақындап қалған аудандық спорт кешеніне, құрылысы қызу жүріп жатқан 50 үйге арнайы барып, жұмыс барысына куә болды. Аудандық сервистік әкімдік пен азматтарға арналған үкімет кеңсесінде болып, халыққа арналған қызметтің жай-жапсарына қанықты. Күн бесінге таянған шақта аудан әкімдігіне табан тіреп ауданның тыныс-тіршілігіне,әлеуметтік жағдайы, ауылшаруашылығы жерлерін пайдалану, білім саласына, мәдени өміріне қатысты көкейтесті мәселелері бойынша жекелеген азаматтарға қоғамдық қабылдау жасады.

Жұмабек Тәліпұлы,

Дастан Қасенұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password