Ауданымыз өркендей бермек
Ағымдағы айдың 14 жұлдызында облыс әкімі Амандық Баталов таулы өңірге арнайы іс-сапармен келді. Қ.Р Президенті әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімімен облыс әкімінің өкімімен Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы ауданымыздың әкімі болып тағайындалды.
Жиырма бір жылдан кейін еншісін алған ауданымызға әкім болып келген Жолан Омаровтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары жалғасын табады. Аудан болғалы Нарынқол ауылының жолдары жасалды, жаңа нысандар бой көтерді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерге арналған 20 жаңа тұрғын үй салынып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауылдық округтерден мерзімінен бұрын құрылысы аяқталған тұрғын үймен біріктірілген полиция пунктері жұмыс жасап бастады. Мемлекеттік мекемелерге арналған ғимараттардың құрылысы үздіксіз жүруде. Олардың қолданысқа берілер күндері алыс емес.
Бүгінде аудан халқы саны артып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Аудан басшысы ел алдындағы есебінде айтқан, жоспарлаған кезеңді жұмыстарды жүйелі жүргізе білді. Аудандағы ауылдық окрутерден 20 көп балалы отбасына тұрғын үй сыйға берілді. Осының барлығы ел игілі үшін атқарылған іс деп білеміз.
Ауданымыздың әрбір өркенді ісі облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Бұл жолғы сапарында да салалы жұмыстардың тыныс-тіршілігімен танысты. Әдеттегідей, іс-сапарын Текес ауылынан бастаған облыс басшысы сервистік техникалар дайындау орталықтарының су жаңа техникаларын көрді. Аталған орталық үшін облыс әкімі 500 миллион теңге бөлгізіп, Голландиядан «супер-элита» тұқымын арнайы алғызған болатын. Былтырғы жылы 240 тонна картоп 70 гектар жерге отырғызылса, биыл 700 гектар жер картоп алқабына айналған. Әр гектарға шаққанда, 250-300 центнерден өнім алынуда. Қазіргі кезде, 21 жаңа трактор, 5 картоп жинайтын комбайн, барлық қажетті агрегаттар бар. Онымен аудандағы картоп шаруашылығымен айналысатын басқа да фермерлер өз қыжалатынан шығып отыр. Осыдан 20 күндей бұрын аудан картобы Москвада өткен халықаралық көрмеде жоғары дәрежеде бағаланды. Одан оншақты күн бұрын Елордамыздағы жәрмеңкеде де «Голландия» тұқымының түрлері ұсынылды. Дәмін татып көрген тұтынушылар оң бағасын берген.
Осынау жеткен жетістіктерді көзімен көрген облыс әкімі келесі кезекте аудан орталығы Нарынқол ауылына келді. Бүгінде қызу жүріп жатқан құрылыс нысандарын аралады. Солардың ішінде құны 1086040000 теңгені құрайтын, 4070 шаршы метрді алып жатқан Спорттық сауықтыру кешеніне оң бағасын берді. «Аудандық әкімшілік ғимаратын» қайта жаңғырту құрылысына қомақты қаржы қаралған. «Гунн Стой Сервис» ЖШС-ні құрылысын, «Сервистік әкімшілік ғимаратын» қайта жаңғырту жұмысын, «Азаматтарға арналған үкіметтік» ғимаратын, Республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер орналасатын ғимараттарды қайта жаңғырту құрылыстарын аралады. Келесі кезеңде атқарылар жұмыстарына тиісті тапсырмаларын берді.
Облыс әкімі бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде халықпен кездесті. Амандық Ғаббасұлы елмен есендесіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларын бөлісті. Келелі кездесуде облыс басшысы Райымбек ауданының жаңа әкімін таныстырды. Өз кезегінде ауданымыздың жаңа әкімі Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды сабақты жалғастыратынын, ел игілігі үшін еңбек ететінін айтты. – Батыр атамыздың атындағы ауданның көркейуіне, экономикалық жағдайының өсуіне, жалпылай алғанда өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерімді саламын,– деді өз сөзінде.
Иә, өркенді елдің өрелі ісі әлі алда. Ұзақ уақыттан кейінгі ауданды қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Оған ел болып атсалысуымыз керектігін тілек аралас жеткізгендер көп. Көрермендер ішінен көрікті ауылдың көңіл толар жақсылығын жіпке тізгендей жеткізген аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Медетхан Абиров облыс басшысына ақсақалдық алғысын арнады.
– Құрметті Амандық Ғаббасұлы! Қадірлі қонақтар! Біз батыр баба ұрпағымыз, көптен күткен ауданымыз 21 жылдан кейін қайта түлеп, қуанышымызда шек болмады. Осы орайда әділ шешім шығарған, Елбасымызға рахмет! Нарынқолда облыс әкімінің тапсырмасымен аудандардың көмегімен екі қабатты алты бірдей үйдің шатырлары жаңаланды. Бір ауылда 3 жерден балаларға ойын алаңы салынды. Мемлекеттік қызметкерлерге 20 тұрғын үй салынып, ауданымызға көрік беріп тұр. Құрметті көпшілік қазір бізде қаншама ғимараттар жасалып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ауылдың ішіндегі жол түгел жасалып бітті деуге болады. Көшелер жарықтандырылды. Аудан келмей тұрғанда шамамен 347 үйдің есік-терезесі шегелеулі тұрған еді. Қазір сол үйлердің иелері келіп, есігі ашылып, түтіні түтей түсті, –деді ағынан жарылып.
Берекесі тасып, ырысы шалқыған деген осы да болар.Мың күннен қайырлы болған Қадыр түнінде үлкен көлемде ауызашар берілді. Атақты Шалкөде жайлауында аудан болғаннан бері ауыл шаруашылығына арналған үлкен семинарлар ұйымдастырылып, аудандағы екі бағытта – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына арналған ой-пікірлер, тың бастамалар талқыға түсті.
Кездесуде «Мирас» шаруа қожалығының төрағасы Марат Себдайыров, ауыл шаруашылығы бағытында әлі де болса еселі еңбек қажеттігін білдірді. Аудан игілігі үшін ойға алған істер өрнекті жалғасын табады деген сенім білдіріп, ауданның жаңа әкіміне табыс тіледі.
Кездесуге келген аудан тұрғындары жаңа әкімнен жаңалық күтерлерін айтып, ақ баталарын берді. Қорытынды кезеңде облыс әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданын ерекше жақсы көретіндігін айтып, жаңа аудан жаңа келбетте өсіп-өркендесін дамуын тіледі. жиынның соңын жақсы күндерде жолығайық деген тілегін білдірді.
Хантәңірі
0 Пікір