АУДАНДЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ

   Бұқаралық спорт — ұлт денсаулығының кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігін баса айтып, осы салаға жауапты мамандарға, қала, облыс, аудан басшыларына жауапты тапсырмалар беріп келеді. Осы мақсатта, ауданымызда ірі спорт кешені бой көтеріп, нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Спорт кешені тынысынан хабардар болмаққа, кешен ғимаратына арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысымен танысып қайттық.

     Ауданымыздың  спорт саласына үлкен өзгеріс әкелген Райымбек аудандық спорт кешенінің  құрылысы 2018 жылы басталып,  2021 жылы  маусым айында мәресіне жетіп, пайдалануға берілгенімен,  ұйымдастыру шаралары қыркүйек айында толық аяқталып, арнайы ашылу салтанаты өткізілді. Ашылу салтанатында еліміздің спорт саласының үздіктері мен арнайы облыстан келген лауазымды тұлғалар қонақ болып, салтанатты түрде кешеннің лентасын қиды. Осы сәттен бастап, спорт кешені аудан халқы игілігіне жұмысын бастап кетті. Алматы облысы аумағын дамыту бағдарламасы аясында салынған кешеннің жалпы ауданы 4257 шаршы метрді құрайды. Заманауи құралдармен жабдықталған ғимарат көрген жанның көз жанарын бірден жаулайды. Ерекше жарық, әрі кең спорт кешенінің жалпы құрылысына бөлінген қаражат мөлшері 1,3 млрд. теңгені құрайды. Ғимарат құрылысына қарап-ақ,  жұмсалған қаржы мөлшерін бағамдай беруге болады.

    Спорт кешені корпусында, спорттық ойын түрлеріне қарай,  күрес залы, бокс залы, үстел теннисіне арналған орын, жаттығу залы, демалыс бөлмесі, киім ауыстыру бөлмелері, асхана, гардероб, дәрігерлік бөлме, әкімшілік орындары бар. Спорт залдары қажеттілігіне орай, арнайы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кешеннің сыртқы бөлігінде баскетбол алаңы, футбол алаңы, жүгіру жолы орналасқан.

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі “Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығымен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға байланысты кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді. “Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту-пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек”. Аудандық спорт кешені мемлекет басшысының Жолдауындағы бірқатар міндеттерді өз дәрежесінде орындап келеді. Кешеннің жұмыс уақыты тұрғындардың кешкі бос уақытын ескере отырып, таңғы 8:00 мен кешкі 23:00 ге дейін жұмыс істейді. Күндізгі уақытта жасөспірімдер мен балалар спортпен шұғылданса, кешкі уақытта ересектер жаттығу залдарын, волейбол залын, теннис үстелін, қысқы уақытта ішкі футбол залын   пайдалана алады.

     Аумағы ат шаптырым, жұмысы қыруар,  спорт кешенін басқарудың өзі үлкен жауапты іс. Мұндай жауапкершілікті арқалап, кешен жұмысын нәтижелі дөңгелетіп отырған спорт кешенінің директоры Әкімханова Динара.

      Әкімханова Динара Әукенқызы  1969 жылы қазан айының 10-шы жұлдызында Нарынқол ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Т. Жанұзақов атындағы орта мектепте 1 сыныпта орыс сыныбында оқыған. 1985 жылы мектепті аяқтап, 1989 жылы Қазақ дене шынықтыру институтына түсіп, оқу орнын 1993 жылы бітірді.

     1997 жылы Нарынқол ауылында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс атқарады. Аталған спорт мектебінде, 1998-2006 жылдар аралығында әдіскер болып қызмет атқарған.

     2004-2006 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық университетін сырттай оқып  бітіріп, 2006-2013 жылдары оқу ісі меңгерушісі жұмысын істеді. 2019 жылдан бастап аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директор қызметін атқарып келеді.  Мектеп жасынан спортқа құмар болған Динара Әукенқызы 3 сыныптан бастап баскетбол спортымен айналысып, тиісінше үздік нәтижелер көрсеткен.

     Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де жетерлік. Облыстық және республикалық чемпионаттарда айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар жемісті жетістіктің айқын дәлелі. Мәселен, жуырда Алматы облысының 2006-2009 жылы туылған жасөспірім қыздар арасында Алматы облыстық чемпионаты өтті. Аталған жарыста Қазақстан чемпионатына іріктеу жүргізілді. Жарыстан қалыс қалмаған ауданымыздан 15 қыз қатысса, оның ішінде, 63 кг салмақта Толғанай Қасымхан 1 орын, 46 кг салмақта Жұлдызай Мәуленбай 1 орын, 50 кг салмақта Аяжан Құдайберген 1 орын, 44 кг салмақта Ұлпан Әуесхан 1 орынды, 66 кг салмақта Дария Иманжан 1 орынды  иеленіп, жеңіс туын желбіретті. Сондай-ақ, 50 кг салмақта Диана Ұзақ 2 орынға жайғасса, бұл қатарды толықтырған 46 кг салмақта Айнұр Берікқызы мен 44 кг салмақтағы Мадина Омаржан 2 орынды қанжығаларына байлады. 3 орынды иеленген, 60 кг салмақтағы Анель Берікжан, 48 кг салмақтағы Ұлпан Әділхан, 40 кг салмақтағы Инабат Талғатқызы, 52 кг салмақтағы Дана Ақмолда  сынды аруларымыз ауданымыздың атын асқақтатып, спорт мәртебесін бір көтеріп тастаған-ды. Жүлделі жандардың жеңіс себепкері болған жаттықтырушылары —  Ізбасар Қалқаман мен Аида Қожанның шәкірттеріне көңілі лық толып, қоржындары майланып қайтты.

      Сонымен қатар, биылғы жылы аудан спортшылары еркін күрестен  облыстық және республикалық чемпионатта 1 орынға 2 спортшы, 2 орынға 1 спортшы, 3 орынға 1 спортшы   ие болса, грек-рим күрескерлері  облыстық чемпионатта 1 орынды 1 спортшы,   және 3 орынды 2 спортшы  иеленіп қайтты. Болашағы зор бокс спортынан облыстық чемпионатта 1 орынды 7 спортшы, 2 орынды 3 спортшы, 3 орынды 11 спортшы қанжығасына байлады.Ауданымыздағы келешегінен зор үміт күттіретін қазақ күресі де марапатсыз қалмады. Облыстық чемпионатта қазақ күресі спортшыларынан 1 орынға 2 спортшы, 2 орынға 1 спортшы, 3 орынға 4 спортшы жайғасты. Күрестің тағы бір түрі- белбеу күресінен республикалық чемпионатта екі бірдей спортшымыз 1 орынның тұғырына шықты. Дзюдо мен самбо спорты нәтижелеріне келер болсақ, аудан спортшысы дзюдодан облыстық чемпионатта 2 орынды иеленсе , самбодан облыстық чемпионатта 1 орынды 1 спортшы, 2 орынды 2 спортшы, 3 орынды 4 спортшы олжалады. Дәл осы спорт түрінен республика көлеміндегі жарысқа қатысқан спортшыларымыз жүлделі 1-ші және 2-ші орындарға ие болды.

       Жалпы 2021-2022 жылдары Спорт шеберлігін 1 спортшы орындаса, 23 спортшы Спорт шеберлігіне үміткерлер қатарында. 1 разрядты -37 спортшы, 2-3 разрядтарды 105 спортшы орындап, ойдағы межені орындады.

      Аталған жетістіктермен қатар, спорт мектебінің өзіндік мұқтаждықтары да бар болып шықты. Спорт кешеніндегі ұйымдастырылатын түрлі жарыстарға сырттан келетін спортшылар үшін жатын орны мәселе тудырады. Еліміздің әр түкпірінен келетін жарысқа қатысушыларға арналған арнайы жатақхана салудың қажеттілігі басым болып тұр.

      Мінекей, ауданымыздағы еңселі ғимараттардың бірі- Райымбек спорт кешенінің тіршілік тынысы осындай сипатқа ие. Ауданымыздағы бұқаралық спорттың дамуын ілгерілетудегі спорт кешені қызметкерлерінің еңбектері ерен, төккен терлері жемісті деуге толық негіз бар.

Ақерке  НҰРӘЛІМҚЫЗЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password