Ауданда ат спорты дамитын болады

       Аудан әкімдігінде ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің және ауданның атбегілерінің бірлескен отырысы өтті. Жиынның төрағасы аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, хатшысы аудандық «Дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің басшысы Талғат Ақылов болды. Бас қосуға әр ауылдың атбегілері, ат спортының жанашырлары қатысты. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. 1. Жалпы өткізілетін жарыстарға жоспар құру. 2. Аудандағы ат спортын дамыту мақсатында аудандық ат спорты федерациясы қоғамдық қауымдастық төрағасын сайлау. 3. Төрешілер құрамын бекіту. 4. Аудандық ат бәйгесін өткізетін жерді анықтау.

        Жиналысты Т. Ақылов ашып жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Н. Сағатбекұлы ауданның жалпы ат спортына тоқтала келе, қордаланған мәселелер шешімін табатынын жеткізді. Өз кезегінде сөз тізгінін алған Нұрболат Сүлейменов аудандық атбегілерінің арнайы қоры құрылуын ұсынып, әр ауылдық округте бәйге өткізуді қолға алу керек екендігін әңгімесіне өзек жасады. Сарыбастау ауылынан Әшімбаев Мақсат айтылған ұсыныстарды қолдайтынын айта келе, алдағы М. Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткізілетін бәйгені жоғары деңгейде ұйымдастыруға күш салу керектігін айтты.

       Екінші мәселе бойынша, жиынға қатысушылар аудандық ат спорты федерациясы президенті болуға атбегі Маратов Ерлікті ұсынды. Сөз кезегін алған М. Ерлік мектепте, спорт мектебінде жұмыс жасайтынын айтып федерация президенті қызметінде Молдахметов Ержанның жұмысын жалғастыра беруін ұсынды. Дауысқа сала келе Молдахметов Ержан бір ауыздан Райымбек аудандық ат спорты федерациясының президенті болып тағайындалды. М. Ержан өз сөзінде сенім білдіріп қолдау көрсеткен жиынға қатысушыларға алғысын айтты. Сонымен қатар, аудандағы ат спортын дамытуға қолдан келгенше еңбек ететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кеңесшілер ретінде ат спортының жанашырлары Мұқи Жантелі мен Әшімбаев Мақсатты бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл ұсыныс атбегілер тарапынан қолдау тапты. Федерацияның бас хатшысы болып Біләл Мейірлан, бас бапкер болып Маратов Ерлік тағайындалды.

       Үшінші мәселе бойынша, әр ауылдық округтен бәйге өткізу кезінде жүретін төрешілер сайланатын болып шешілді.

        Төртінші мәселе бойынша, «Өрнек» Бәйге алаңы ауданның басты бәйге алаңы болып бекітілді. Аталған бәйге алаңына марқұм Жолан Омаровтың есімін беру туралы ұсыныс-пікірлер айтылды. Бұл ұсыныс та жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Аталған алаңның саз жерлерін көктемде ретке келтіру жұмыстарын жүргізу керектігі ескерілді. Аудан әкімінің орынбасары Н. Сағатбекұлы алдағы уақытта аудандағы жалпы ат спортына көп көңіл бөлінетіндігін айтты. Бәйге және көкпар ойындарына өз атынан демеушілік жасайтынын да жасырмады.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password