АУДАН СПОРТЫ ЖАЙЛЫ КІТАП…

        Жерлесіміз Беркін ӘКЕБАЕВ аудан халқына қарымды қаламгер ретінде етене таныс. Оның қаламынан туған таулы өңіріміздің тыныс-тіршілігі, талайлы тағдыры жайлы жазбалары аудандық газет арқылы қалың оқырманмен жиі қауышып, көптің ыстық ықыласына бөленумен келеді. Беркін ағамыздың ауданның өткен-кеткен тарихы жайлы жазған қатпары қалың кітабы өткен жылы баспадан шығып, аудан жұртшылығының қолына тиген болатын. Сөйтіп, рухани байлыққа тағы бір тың дүние қосылған еді. Қаламгер жерлесіміз биыл тағы бір ауқымды дүниені қолға алды. Атап айтқанда ауданның спорты жайлы кітап жазуды бастап кетті. Жазылып жатқан жаңа кітаптың соңына нүкте қойылатын шаққа да көп уақыт қалған жоқ. Ұзамай, оқырман қолына тиеді деген берік сенімдеміз. Біздің арнаулы тілшіміз жуырда Беркін Әкебаевқа жолығып, болашақта жарық көретін жаңа кітап жайлы сұрақтарға жауап іздеген еді..

        — Беркін аға, тағы бір игілікті істі, атап айтқанда ауданның спорты жайлы кітап жазуды қолға алған екенсіз, сәтті болсын!

      — Рахмет! Иә, ауданымыздың спортшылары мен спорт түрлері туралы кітапты жыл басынан бері жазудамын. Кітапқа керекті соңғы мағлұматтарды жинақтап жатырмын. Өкінішке орай, мұрағаттарда аудан спорты жайлы деректер өте аз, жоқтың қасы екен. Дегенмен, кітапқа қажетті деректерді іздестіріп, таптым. Соларды жинақтасам кітап аяқталуға жақын.

  — «Спорт деген бір сиқыр» деген спортшылардың, спорт жанкүйерлерінің қалыптасқан тәмсілі бар ғой. Осынау сиқырлы дүние жайында кітап жазу ойыңызға қалай келді?

        — Біз бала кезімізден ауылымызда болған көкпар, қыз қуу, аударыспақ және күрес сияқты ұлттық ойндарды көріп өстік. Сонымен қатар жамбасы жерге тимеген палуандар туралы көп естігенбіз. Бірақ олар жайлы мағлұматтарды еш жерден оқи алмадым. Олар туралы кейбір деректер газеттерде аздап кездескенімен, ешқандай кітап шықпапты. Өзіміздің туыпөскен ауданымыздан шыққан атақты адамдары білмей жүре беру меніңше таяздық болар еді. Мысалы бұрындағы Қақпақ ауылында өмір сүрген Қожеке палуан, сүмбелік Жұман палуан, нарынқолдық Бексұлтан, кейінгі әлем чемпиондары Ермекбай Гауһар, Спатаев Тимур, Назаров Ардақ және таластық Әшімов Қазбек жайлы білмегеніміз біздің арымызға сын. Біздер облыстық, республикалық, халықаралық және әлем чемпиондары болған азаматтарымызбен мақтануымыз керек. Соларды кейінгі ұрпақтарымыз білсін деген мақсатпен біраз еңбектенуге тура келіп, осы кітапты жазуды қолға алдым.

        — Кітабыңыз тек қана озат спортшылар жайлы ғана жазылған ба?

      — Жоқ, кітапта өзіміздің ежелгі ұлттық спортымыз бен бірге спорттық ойындар туралы көптеген мәліметтер бар. Этнограф ғалымдардың пайымдауынша біздің ұлттық ойындарымыздың тарихы біздің эрамыздан бұрынғы мың жылдықта қалыптасқан екен. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары осы уақытқа дейін күшін жойған емес. Кезінде өзіміз көп ойнаған тұрмыс-салт ойындары, соқыр теке, жаяу жарыс, қасқыр қақпан, көген тарту, бәлләй, қашпа доп, асық ойындары тағы басқа ұлттық ойындар түрлері қамтылды. Сондай-ақ, өзіміздің ұлттық спорт ойындарын мектеп оқушыларына қалай пайдалану керек жайлы да кітапта толық жазылған. Негізінде біздің ұлттық ойындарымыз бес түрге бөлінеді. Олар малға байланысты, аңға байланысты, зеректікті, ептілік пен икемдікті қажет ететін ойындар. Мүмкіндігінше осы ойындар жайлы толық жазылды.

        — Бұрын аудан тарихы туралы кітабыңыз жарық көрді. Оқырман, әсіресе, өзіңіз туып – өскен аудан тұрғындары тарихи жазбаны ыстық ықыласпен қабылдады. Қолға алып жатқан тың дүниеңіз де алғашқы кітабыңыздың дәрежесінен көріне ала ма?

        — Кітаптың көлемі одан аз болғанымен, спортқа қажетті барлық деректер жинақталған. Негізінде спорт-деген француздардың – desport (көңіл ашу әрекеті) деген сөзінен шыққан. Ол белгілі ережеге сай көбінесе жарыс күйінде өтетін әрекет деген мағана береді. Спорт сүйетін қауым үшін өте қажетті кітап болары сөзсіз. Әр спорттың шығу тарихы мен еліміз сол спорт түрінен болатын әлемдік жарыстарға қай кезден бастап қатынаса бастағаны жайлы толық мағлұматтар бар. Ондай мәліметтерді оқырмандар,дене тәрбиесі ұстаздарымен әрбір спортшының білгені дұрыс.

        — Аудан спорты, ел мен жер намысын қорғаған спортшылар кітабыңызда кеңінен қамтылған шығар!? Қажетті деректерді қалай тауып жатырсыз?

      — Спортшылар туралы кітапта толық қамтылды деп айта аламын. Ауданымыздан әлем мен халықаралық спорт жарыстарының 30-дай чемпиондары шығыпты. Солар және ауданымызда спортқа қатысы бар барлық азаматтар жазылды. Бұрын көп айтыла бермейтін дене шынықтыру пәнінің ұстаздары да осы кітапта жазылған. Кез келген спортшы ең алдымен дене шынықтыру пәні мүғалімінің алдынан өтіп, оң мен солын таныйды емеспе. Дене шынықтыру пәнінің ұстаздары спортшылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, спорт әліппесін үйреткен алғашқы ұстазы. Сонымен қатар елімізге еңбегі сіңген спорт жаттықтырушылары мен қатардағы бапкерлер де қамтылды. Кітапқа қажетті деректерді аудандық және облыстық мүрағаттардан және көпшілігін сол спортшылардың өздерінен алып жаздым.

        — Жаңа кітап оқырмандарын қандай ерекшелігімен қызықтырады және қанша данамен шығады? Көлемі қандай болмақ?

        Жаңа кітап түрлі-түсті болып, барлық спортшылыр мен бапкерлердің суреттерімен шығады. Кітаптың сыртқы мұқабасы қатты және көлемі 12 баспа табақ болады. Ал кітаптың шығу данасы оқырмандардың берген тапсырысына байланысты шығады. Мәселен, аудандық спорт мектебінің басшысы Динара ханым елу данаға тапсырыс берді. Аудандық білім басқармасы да тапсырыс беретіндерін хабарлады. Басқа да тапсырыс берушілердің тапсырысын қабылдаймыз.

        — Жаңа кітаптың жарық көруіне атсалысып, қаржылай көмек көрсетіп жатқан жандар бар ма?

        «Дүние жақсы адамсыз болмайды» деп орыстар айтпақшы алғашқы кітап жазыла бастағанда естіп қаржылай көмек берген азаматтар болды. Олардың қатарында Ботабекова Ләззат, Юсупов Тілек, Суанбеков Бақытжан және Нүсіпәлиев Серік сияқты оқырмандар көмектерін жасады. Мына жазылып жатқан спорт жайлы кітапқа Ботабекова Ләззат қол ұшын берді. Сөз арасында айта кетейін, ауданымыздан шыққан спортшыларға ерікті түрде көмек беретін арнай қор ашылыпты. Қор жарысқа баратын спортшыларға демеушілік көрсетіп біршама жұмыстар жүргізген екен. Қорды ұйымдастырушы жерлесіміз Сәрсенбаев Берік Байынқтоқаұлына қолдау көрсетіп отырғанымыз жөн болар еді. Осыны есте ұстай жүріңіздер.

        — Кітап оқырмандардың қолына қашан тиюі мүмкін?

        — Қаражаты табылса қараша айында оқырман қолдарына тиіп қалуы мүмкін.

        — Әңгімеңізге рахмет! Ісіңіздің алға басуына тілектеспін!

        — Әумин! Ниетіңе рахмет!

Әңгімелескен Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password