АУДАН ӘКІМІ НҰРЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ АУДАН ХАЛҚЫН МЕРЕКЕЛІК ҚҰТТЫҚТАУЫ

    Құрметті жерлестер! Ардақты ағайын! Бүгін еліміздің барша халқы үшін аса маңызды тарихи күн. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен асыл армандарының орындалған, бостандық атты ұлағатты ұғымға ұрпақтары қол жеткізген айтулы оқиға. Осынау жөні де, жолы да бөлек Тәуелсіздіктің таңы арайлап атып келе жатқанына 30 жыл толған салтанатты сәт. Олай болса, Сіздерді еркіндік туы желбіреген қуанышты мерекелеріңіз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

     Ардақты бауырлар! 1991 жылы тура осы желтоқсан айының 16-жұлдызы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде тану туралы Жарлыққа қол қойды. Еліміздің егемендігін жариялады. Міне, сол күннен бастап республика жұртшылығы болашақтың жаңа бағыт-бағдарын айқындауды алдына мақсат етіп қойды. Барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын қолдары жаңа жеткен еркіндіктің аяғынан тік тұрып, даңғыл жолға түсуіне арнады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты ұмытыла бастаған тәрбиелік маңызы зор дүниелер дүр сілкіне қайта жаңғырып,өз орнына жайғасты. Бауырмалдық, туыстық, татулық, береке-бірлік сияқты ұлағатты ұғымдардың буыны бекіп, әр қадамын нықтай білді. Ата Заңымыз қайта түледі. Көк Туымыз желбіреп, ұлттық нақышқа құрылған Елтаңбамыз, әсем сазымен өне бойды тербетіп, жігерге жігер қосатын Әнұранымыз көк төрінде қалықтады. Әлеметтік-экономикалық жағдайымызға қызмет ететін төл Теңгеміз күнделікті тыныс-тіршілігіміздің қайнар бұлағына айналды. Қазір бүкіл әлем жұртшылығы дамудың даңғыл жолына түскен, бірлігі жарасып, ынтымағы ырысқа бастаған  ақ пейіл, бауырмал ел-жұрты бар Қазақстан республикасын толығымен танып білді. Әрине, осынау зор жетісті оңайлықпен келмегені белгілі. Қазақстан халқы сүттей ұйыған береке-бірлігін, ерен еңбегін, ізгілікке құрылған ізденісті істерін Тәуелсіздіктің баянды болуына арнады. Сол жолда қасиетті Тәңіртау етегінің ел-жұрты Сіздердің де бар екендеріңіз анық. Оның жарқын  көрінісін өңірімізде атқарылып, тиісті нәтижесін беріп келе жатқан сүбелі табыс, зор жетістіктерден білеміз.

     Құрметті жерлестер! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын. Әр шаңыраққа бақ қонып, қызыр дарысын. Отбастарыңызға мерекелі де берекелі шаттық ұяласын. Сіздерге  зор денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат тілеймін!

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password