Аудан әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ ауданымыздың қарияларын 1 қазан – Қарттар күнімен және ұстаздар қауымын 3 қазан – Мұғалімдер күні мерекесімен ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қадірлі қариялар! Ардақты асыл жандар!

Қартын қадірлеген, ардақ тұтып, абыройын асқақтатқан қазақ халқы бабалар салып кеткен сүрлеу соқпақтан ауытқып, әдет-ғұрыпқа сызат түсірген емес. Жылдар жылжып, ғасыр ғасырға алмасса да осынау ізгілікке құрылған игі дәстүр ұрпақтан ұрпаққа ұран болып жалғасып келеді. Көргені көп, көңілге түйгені ұшан-теңіз көне көздер Сіздерді  жөні бөлек, еншісі ерек төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Қарты бар елдің – қазынасы бар. Тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі саналатын осы бір тәмсіл ұшқыр уақыттың жетегіне ілескен зымыран заман қаншалықты өзгеріске ұшыраса да мәні мен маңызын жоғалтқан емес. Жоғалтпайды да. Еліміз егемендігін алып, жыл өткен сайын жасарып, жайнап келе жатса, көңіл көркейер осынау жақсылықтар мен қуаныштарға Сіздердің де қосқан үлестеріңіз зор екенін бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.Даналыққа жол ашқан өмірлік тәжірибелеріңіз  бен ақыл-кеңестеріңіз, ақ тілекпен астасқан батагөй сөздеріңіз, тағылымды тәрбиелеріңіз саф алтындай сақталып, әр кеудені ізгілік пен имандылықтың нұрлы шуағына бөлей беретіні анық.

Мерекелеріңіз құтты болсын! Ескі мен жаңаны жалғастыра, әділеттің ақ алмасындай жарқырап ұрпақтарыңызбен бірге жайнай беріңіздер! Сіздерге зор денсаулық, ашық аспан, қажымас қайрат тілеймін!

Құрметті Ұстаздар! Ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген ұлағат иелері!

Сіздерді төл мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған балғын шәкірттерге әліппеден әріп жаттатып, білім нәрімен сусындату жолындағы ерен еңбектеріңізді әлемдегі еш нәрсемен теңестіруге болмайтыны анық. Патша да, ғалым да, ақын да, қоғам қайраткерлері болсын, ұстаз алдынан білім алады. Ғылымның қыр-сырына қанығып, қияға қанат қағады. Сондықтан Сіздердің есімдеріңіз кім-кім үшін болсын абыройлы да ардақты.

Ардақты ұстаздар! Бүгінгі әлемдік үдеріс ғылым мен білім арқылы дамудың даңғыл жолына түскен кезеңде ұстаздарға  артылатын жауапкершілік жүгі де арта түсіп отырғаны белгілі. Өйткені, жаңа қоғам білімді ұрпақ арқылы ғана өзінің алдына қойған мақсат-міндетіне қол жеткізе алмақ. Сол жолда Сіздердің де ізденіске толы еңбектеріңіздің нәтижесі уақыт талабы алдыға тартқан таразы тасымен өлшенетіні талассыз. Сондай-ақ, Тәуелсіздігімізді баянды ететін білімді ұрпақ тәрбиесі де Сіздердің еншілеріңіздің айырылмас бөлігі саналатыны да талас тудырмайды. Осы орайда, бар қажыр қайраттарыңызды ұрпақ тәрбиесі мен білімі жолына арнап келе жатқан Сіздерге ұстаздық жолда зор жетістік, еңбекте шығармашылық табыс тілеймін. Өмірлеріңіз мәнді де сәнді, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Абыройларыңыз арта берсін!

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password