Аудан әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ аудан тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер! Уақыт керуеніне ілесе жүріп тағы бір жылмен қоштасып отырмыз. Тышқан жылы өзінің тарих сахнасындағы сапарын аяқтап, жылдар жылнамасының тағы бір бетін толықтыруға аттанды. Ескі жылға өкпе жоқ. Басымыз аман, бауырымыз бүтін. Төрт түлік сайлы, тұрмысымыз жайлы. Міне, ескі жылға ризашылығымызды білдіре қоштасып, Жаңа Сиыр жылын қуанышпен қарсы алудамыз. Олай болса, босағамызды аттап отырған Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
Ардақты ағайын! Өткен жылдың ауданымыз үшін жемісті жетістікке, көзайым қуанышқа толы болғаны ақиқат. Таулы өңір тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі саналатын ауылшаруашылығының барлық саласы бойынша нәрлі нәтижеге қол жеткіздік. Ауа райының кей сәттердегі қолайсыздығына қарамастан қырман қызыл дәнге, қойма картопқа толды. Жем-шөп те жоспардағыдан жоғары көрсеткішпен орындалды. Өрісіміз төрт түлік малмен өркендеді. Былайша айтқанда несібеміз молайып, ырысымыз тасыды.
Өз алдына еншісін алып, жеке шаңырақ көтерген ауданымыз экономикалық жетістігімен қоса мәдени тұрғыда да жайдарман жаңалықтармен толығып, көңілге қуаныш сыйлағаны анық. Оның айқын көрінісін былайша жіпке тізуге болады. Атап айтқанда, Тышқан жылында көптеген отбасыларға, әсіресе, жастарға жаңа баспана кілті табыс етілді. Сондай-ақ, жалғыз басты, көпбалалы отбасылар, мүгедектер қатарынан саналатын азаматтар да тұрғын үй алу қуанышына ие болды. Жыл санап көркейе түсіп отырған аудан орталығынан сәнді де сәулетті ғимараттар бой көтеріп, халыққа қызмет көрсете бастады. Қызылшекара, Жамбыл ауылдарының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды. Сарыбастау, Сарыжаз ауылдарынан күрделі жөндеуден өткен балабақша пайдалануға беріліп, балғын бөбектерді шаттыққа кенелтті. Қақпақ ауылынан жаңа типті емхана бой көтеріп, тұрғындар денсаулығына қызмет етуде. Текес, Тегістік, Талас ауылындағы іргелі білім ошақтары да күрделі жөндеуден өтіп, шәкірттердің сапалы білім нәрімен сусындауына жол ашты.
Рас, осындай жан жадыратар жақсылықтардың қасында көңілге кірбің түсірер келеңсіз жайттың орын алғаны жасырын емес. Ол – бүкіл әлемді әбігерге салған аты жаман жұқпалы ауру. Бұл жағдай біздің ауданымызды да сырт айналып өткен жоқ. Көптеген қиындықтар тудырды. Онымен бүкіл ел-жұрт болып күрестік. Осы орайда өз өмірлерін қатерге тігіп, аты жаман дертке қарсы білімділік танытқан дәрігерлер мен емдеу аппараттарымен қамтылуға қол ұшын беріп, демеу-сүйеу болған кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз. Лайым, жандары жамандық көрмесін.
Құрметті жерлестер! Ардақты бауырлар! Есігімізден еніп отырған Жаңа жыл құтты болсын! Денсаулықтарыңыз зор, тұрмыстарыңыз мәнді де сәнді, өмірлеріңіз баянды бақытқа толы бола берсін! Шаңырақтарыңызға шаттық ұялап, отбасыларыңыздың берекесі таси берсін!
0 Пікір