АУДАН ӘКІМДІГІНДЕГІ ҚАБЫЛДАУ
Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинаның Чернобль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алды. Бұл – келтірілген залалы мен салдары жөнінен XX ғасырдағы ең ірі техногендік, радиациялық апат болып саналады. Өйткені, радиоактивті түтін сол аймақтан асып, іргелес орналасқан 10-нан аса мемлекеттің 145 шақырым жерін ластады. Апаттың салдарынан кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Осынау бұрын-соңды болып көрмеген жарылыстың зардабы қанша уақытқа созылатыны әлі күнге шейін беймәлім болып отыр. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, оның ішінде 32 мың қазақстандықтар қатысып, апатты залалсыздандыру үшін бар күш-жігерін аямады. Солардың арасында Алматы облысының 2 мыңнан астам азаматымыз болған. Бір өкініштісі, бүгінде сол тізімдегі адамдардың дені апат салдары салған түрлі сырқаттан көз жұмыпты. Қазір облысымызда 500-ге жуық азамат тұрып жатыр. Олардың 14-і бүгінде біздің ауданымызда ғұмыр кешіп, өз тіршілігін жасауда.
Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов Чернобль атом электр станциясындағы ядролық апатты залалсыздандыруға біздің ауданымыздан қатысқан ардагерлерді қабылдады. Жылы жүзді қабылдау барысында аудан әкімі сол бір бүтін бір елдің ғана емес, басқа да мемлекеттердің бейбіт тұрғындарына қасірет әкелген апаттың алар орны туралы қысқаша айтып өтті. Отан алдындағы әскери борышын мәжбүрлі түрде апат орнында өтеген азаматтардың атқарған қызметтерін ерлік ретінде бағалауға болатынын да нақты дәлелдерге сүйене отырып жеткізді. Сол бір адам жаны төзгісіз қасіретті көздерімен көріп, бел ортасынан табылған, бүгінде ортамызда тіршілік кешіп, еліміздің дамуына хал-қадірінше үлес қосып жүрген ардагер жауынгерлерге алғыс білдірді. Дендеріне саулық, отбасыларына жақсылық, бай-қуатты тірлік тілеген Нұржан Кеңесұлы олардың әрқайсысын аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Чернобль апатының 35 жылдығына орай республикада арнайы тағайындалған төсбелгілерді омырауларына тағып, куәліктерін салтанатты түрде табыстады.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова Чернобль ардагерлері туралы ой-пікірлерін ортаға салып, жүрекжарды лебіздерін арнады. Сонымен қатар, Чернобль ардагерлерінің аудандық төрағасы Берік Сыдықов сөз алып, аудандағы ардагерлер мен олардың осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары жайлы құнды деректерді тілге тиек етті.Ауданда құрылған Чернобль ардагерлері кеңесінің алдағы жоспарлары туралы хабардар етті. Өздеріне осындай сый құрмет көрсетіп отырған аудан әкіміне, ардагерлер мен аналар кеңесіне, басқа да қоғамдық ұйымдардың аттарына өзінің әріптестері атынан ризашылық білдіріп, алғыс айтты. Кездесуде сөз алған тағы бір Чернобль ардагері Баймұханбет Жетенұлы тосыннан болған апаттың салдарының адам тағдырына, ой-санасына қаншалықты салмақ салғанын, өзімен бірге сол жерде қызметте болған жерлестерінің көпшілігінің апатты жоюға қосқан үлестері әлі күнге әділ бағаланбай отырғанын айтты. Болашақта бұл кемшілікті жоюдың жолдарын қарастыру қажеттігі туралы ұсынысын білдірді. Әріптестеріне зор денсаулық, баянды ғұмыр, елі мен жерінің тыныштығы жолында бұдан кейін де қызмет ете берулерін тіледі.
Иә, Чернобль апатының салдарын жоюға қатысқан біздің мыңдаған отандастарымыздың ерлігі мен жастық жігері болмаса, апаттың ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Апаттың ізін суытпай жасалған және одан кейінгі жылдары жүзеге асырылған төтенше шығынды шараларға қарамастан Чернобль атом электрстанциясы әлі күнге дейін Еуропа жеріндегі қауіптің ошағы болып қалуда. Сол бір апаттың салдарын жоюды еліміздің жас жігіттері Отан алдындағы борышы санады. Жастық жігерлерін арнады. Еліміз олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете қарайды. Сонымен қатар, ардагерлерге көрсетілер қамқорлық пен құрмет аясын да кеңейте беретін болады.
Елдос АХМЕТЖАН,
«Хантәңірі».
0 Пікір