Аудан активінің  жиналысында

 

Қазақстан Республикасының Президенті   Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ    «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы ЖОЛДАУЫ көпшілік қолдауына ие болды

         Ағымдағы айдың 2-сі күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің алғаш Жолдауын жолдаған болатын. Сол күннен бастап Жолдаудың әрбір бөліктері халық арасында қызу талқыға түсе бастағаны да рас. Осы тұрғыда аудан әкімі Жолан Омаров аудандық мәдениет үйінде аудан активтерімен, және халықпен біріге отырып Президенттің Жолдауын талқылады. Жиынға шақырылғандар толықтай қатысып өз ойларын ортаға салды. Бұл кездесуді Сарыжаз кәсіптік техникалық колледжінің директоры Самат Мүсірбаев жүргізіп отырды. Жиынның басында алғаш болып мінбеге аудан әкімі Жолан Омаров көтеріліп сөз тізгінін қолына алды. Жолдаудағы бөлімдерге жеке-жеке тоқталып, өз ауданымызға қатысты жерлерін аудандағы жұмыстармен байланыстыра отырып талдау жасады. Сөз арасында Жолдауда айтылған мәселелерге байланысты тапсырмалар да берілді. Сонымен қатар бұл Жолдаудың Қазақ халқына, соның ішінде ауданымызға да берер көмегі көп екені сөз болды. Жаңа Жолдауға қатысты актив жиналысына қатысқандар  кең қолдау көрсетіп, ой-пікірлерін  ортаға салды.

 Р.УТАПОВА,

Қайнар орта мектебінің директоры: 

Ұстаздар мәртебесін арттырады

  – Мемлекетіміздің тұрақты және өркениетті дамуына тағы бір серпін берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының маңызы ұстаздар қауымы үшін  өте ерекше. Жаңа оқу жылының басталуының   қарсаңында жарияланған жолдауда білім беру саласы бойынша мәселе көтеріп, нақты тапсырма беруі ұстаздардың еңбекке деген құлшынысын арттырды. Елімізде өтетін жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын барлық елмен бірге асыға күтетіндердің бірі – ұстаздар! Ол түсінікті де, өйткені, қоғамда республикамыздағы білім саласына байланысты қалыптасқан түрлі пікірлердің бар екені анық. Осыған байланысты әр Жолдаудан  ұстаздар жаңалық күтетіні рас. Президент Жолдаудың алдында мұғалімдердің тамыз мәслихатында жауапты министрлікке ұстаздар мәртебесін көтеруді көздейтін заң жобасын әзірлеуді  мықтап тапсырған болатын. Бұл Жолдауда да көптен бері көптің көкейінде жүрген түйіткілді мәселелерді, халықты алаңдатқан сұрақтарды дәл тауып, үстінен дөп түсті. Президент елде болып жатқан жағдайды қырағы назарында ұстап отырғанын айқын білдірді. Жоғары бiлiмдi, өз кәсiбiнiң шебер мамандарын даярлау мәселесi қашанда өзектi. Кез келген мемлекеттiң дамуында маңызды рөл атқаратын кәсіби мамандықтар қай уақытта да ерекше аталып келеді. Солардың бiрi, тіпті бірегейі – мектеп мұғалiмi мамандығы. Мұғалiм мәртебесiн дамыған елдердегi деңгейге жеткiзу бағытында елiмiзде көптеген iстер атқарылуда. Ендеше бұл Жолдауда ел Президенті тағы да   мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз. Бұл ерекше қамқорлық әрбір қазақстандық ұстазды биік шыңдарға жетелейді. Бұл қолдауды ел болашағына жасалынатын алтын қор деп білемін. Білім беру саласының жақсарып,  ұстаздарға қолжетімді, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері оң шешімін табатындығына сеніміміз молайды. Енді сәтін салса Мағжан ақын айтқандай  «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі болатын» күн туады. Жолдаудағы тапсырмаларды Райымбек ауданының ұстаздары толығымен қолдайды және тапсырмаларды іске асыруға бір кісідей атсалысады.

     Марат СЕБДАЙЫРОВ,

«Мирас» шаруақожалығының төрағасы:

Мүмкіндіктер мол

  – «Ауыл – барша қазақтың алтын бесігі» деген сөз тіркесі мен қолданысы тілдік қорымызға орныққалы қашан. Расы да, дұрысы да осы ғой. Халқымыздың мақтан тұтар ұл-қыздарымыздың кіндігі ауылда кесіліп, ауылда өскені ешкімге құпия емес. Кейбір дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ-та тұтас халықтың екі-ақ проценті шеткері құрылымда тұрса, Қазақстан халқының 40 пайызының тұрақты мекені ауыл болып отыр. Президент Қ. Тоқаевтың «Ауыл-Ел бесігі» жобасына 90 миллиярд қосымша қаржы беру туралы Жолдауынан Мемлекет басшысы тарапынан ауылға деген қамқорлық пен қолдаудың ұдайы, үздіксіз бола беретінін, ауыл ешқашан тасада қалмайтынын терең түсіндік. Президенттің тұжырымдауынша осы жобаға тағы да көңіл бөлу арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуге, оны түбірімен қайта орнықтыруға болады. Сәл тарқатып айтқанда, бұл түсініктің түп төркінінде ауылдағы әр тұрғын мен отбасы мүшелерінің еңбекке деген адал көзқарасы мен құлшынысына жаңаша серпін беру қажеттігі тұр деп түсінемін. Өйткені маңдай термен келген табыстың орны қашан да бөлек. Ауыл тұрғындары халықтың тұтынуы үшін тікелей азық-түлік өндіретін белдеу мен ендікте тұрғаны да оларға жауапты міндеттер жүктейді. Үлкен және орта бизнес демесек те, әркімнің мүмкіндігі мен шама-шарқына қарай шағын кәсіппен шұғылдануының қажеттілігі де осында. Бұлар үшін де, мемлекет үшін де тиімді қадам.  Бүгінде мен «Мирас» шаруа қожалығының төрағасымын және Жолдаудағы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтаруды дұрыс деп ойлаймын. Жер – еңбек еткен адамның еңбегін ешқашан ақтаусыз қалдырмаған. Сондықтан да мен мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдауын іске асуын толығымен қолдаймын.

 

  Серік СҮЙІНДІК,

 Қазақ мәдениетінің қайраткері:

Мәдениет саласына мән берілді

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы мәдениет саласына арналған бөлімі мәдениет саласы кызыметкерлерінің арасында ерекше құлшыныс тудырды. Творчествалық топқа жататын мәдениет қызыметкерлерінің жағдайына көңіл бөліну деген сөз, ұлттың өткеніне, бүгініне, болашағына бей-жай қарамау дегенді білдіреді. Ауданымыздағы мәдениет саласына тоқталар болсақ, көңіл қуантарлық жетістіктер баршылық деп ауыз толтырып айта аламыз. Аудандық мәдениет үйіне Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Б. Мұқайдың аты берілді. Сондай-ақ аудан әкімі Жолан Омаровтың қолдауымен аудандық мәдениет үйі мен аудандық кітапханаға су жаңа «Газель» автокөлігі пайдалануға берілді. Барлық селолық клубтар мен мәдениет үйлері материялдық базамен, компютерлермен жабдықталып еркін жұмыс істеуге жағдай жасалды. Әсіресе биылғы жазда Шалкөде жайлауында ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» шарасы Республика көлемінде ерекше бағаға ие болды. Тиянақты ұйымдастырылған, ұлттық дәстүрлер мен ата кәсіпке бағытталған мәдени шаралармен өрнектелген «Қымызмұрындық» мәдени шарасы ЮНЕСКАҒА кірді деген сүйінші хабарды естіп төбеміз көкке жеткендей болдық. Шалкөде жайлауында өткен айтулы шара жайында республика көлемінде танымал блогерлер әлеуметтік желілерде тамсана жазды. Бұл тек мәдениет қызыметкерлерінің ғана емес аудан жұртшылығының жетістігі. Біз Райымбек ауданындығы мәдениет қызыметкерлері Президент Жолдауын қолдаймыз. Еліміздің мәдени саласының дамуына үлес қосу жолында аянбай еңбектенеміз деп сенім білдіремін.

 Дархан СЕРІКБАЙҰЛЫ, Қақпақ ауылдық округінің жастар нұсқаушысы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын тыңдап танысқан Алаш жұртының арқасы бір кеңігені сөзсіз. Жолдауда еліміздің қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық мәселелері назардан тыс қалмай жүйелі түрде қамтылуы және жалпыға бірдей түсінікті жеткізілуі халқымыздың көңілін қуантты, замандастарымыздың бойында жігер отын лаулатты. Елінің ертеңіне азаматтық алаңдаушылығы бар жастардың бұл жолдаудан кейінгі жеңілдеуі, алған әсері мен серпілісі бір бөлек. Орынды Жолдауға ойлы адамның қолдау білдіретіні сөзсіз.Біз Райымбек ауданының жастары жалынды Жолдауға бір ауыздан қолдау білдіреміз. Келелі келешектің кемел бастауына жол ашылды деп сенеміз. Мәңгілік мақсат еткен еліміздің мәртебесі биік, болашағы жарқын болсын!

 

Жиынды қорыта айтқанда, Президентіміздің алғашқы Жолдауы халықтан кең қолдау тапты. Оған  актив жиналысында анық көз жеткіздік.  Жолдауда белгіленген бағыттар  бойынша мақсат-міндеттерге құрылған  Президенттің әрбір айтқан сөзінде келешектің кемелді  өркендеуіне  деген бастаманы байқауға болады.  Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етсек бізалмас асу болмайды. Ел Президентінің  халқына деген шынайы қамқорлығының арқасында көптеген мүмкіндіктерге жол ашылды.  Оны көзі қарақты ағайын мерзімді баспасөз беттерінен оқып, біліп танысып отыр.  Алдағы күндерде еліміздің өркендеу жолындағы  жаңа кезеңдерінің куәсі боламамыз деген сенімдеміз.

  Дастан Қасенұлы,

  «Хантәңірі».

                           

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password