АУДАН АЙНАСЫНА ЖАЗЫЛУДЫ ҰМЫТПАҢЫЗ…!

        Ардақты ағайын! Қасиетті Тәңіртау етегінің көзі қарақты оқырмандары. Ауданымыз өз алдына шаңырақ көтергеніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Осы аз ғана уақыт ішінде өңірімізде ауыз толтырып айтуға тұратын, қалпақты аспанға ата мақтанатын қаншама игілікті істер жүзеге асырылып, көптің көзайымына айналды. Экономикалық тұрғыда дамуы да, мәдениетінің көтерілуі де басқа аудандармен үзеңгі қағыстырып, бәсекеге түсуге дейінгі дәрежеге жеткеніне куә болып отырған жайымыз бар. Міне, сол жақсылық, қуаныштардың бәрі де аудан айнасы «Хантәңірі» газетінің назарынан қағыс қалған жері жоқ. Жайдарман жаңалық, көзайым қуаныш түрлі-түсті бейнедегі сурет, қарыптермен, қағаз бетінен орын алып, бояуы кеппеген күйі әр үйдің босағасын аттап, шаңырағын шаттыққа бөлегені анық. Газет бұл үрдісінен алдағы уақытта да жаңылмайтына сеніміміз зор. Сондай-ақ, газет мазмұны тереңдеп, маңызы арта түсуі де уақыт талабына үн қоса білгенінің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Мемлекет басшысының Жолдауына қолдау білдірілген материалдар, газет жанынан құрылған Еркін Ібітанов атындағы әдеби бірлестіктің «Ақ самал» атты арнаулы беті, әр ауылдық округтің тынысынан хабардар ететін көшпелі редакция жұмысы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орайластырыла айына бір рет жарық көретін «Ақиық», ақын жерлесіміз Мұқатай Жылқайдаровтың шығармашылығын насихаттау мақсатындағы «Мұқатай мұраты» атты газет ішіндегі газеттер, әр саладағы мамандықтарға байланысты арнаулы беттер оқырманын бей-жай қалдыр- мағанын жақсы білеміз. Әрине, газет көңіл түкпірінен орын алатын осындай дүниелермен құнды. Ардақты ағайын! Енді екі айдан соң ағымдағы жыл да көшін доғарып, тарих бетіндегі парағын кері аударатыны белгілі. Әрине, жыл ауысты екен деп, аудандық газет те жұмысын доғарып қоймасы анық. Өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік қалыпта қалың оқырманмен қауыша береді. Мұны, келесі жылдың баспасөзіне жазылу жұмысы дәстүрлі түрде қайта басталғанынан аңғарамыз. Биылғы бір ерекшелік, газет бағасының сәл де болса өзгергендігі. Осыған дейін жылдық бағасы 3900 теңге болса, баспа мен пошта тасымалының қызмет ақысы көтерілуіне сай газет бағасына да 300 теңге қосылып, 4200 теңге болды. Бүгінгідей дүние күн санап өртеніп, баға ауыздықтауға көнбей тұрған кезде газетке қойылған жаңа баға айтарлықтай қымбат деп ойламаймыз. Басты мәселе – газеттің бағасында емес, мазмұны мен оқырманның рухани жансерігіне айнала білуінде болуы керек. Тағы бір айтар жайт, жаңа жылдан бастап басылым бетінде өңіріміздің тарихы, жерлес ақын-жазушылардың кітаптарынан үзінділердің, қолға көп түсе бермейтін әдеби шығармалардың, мәдени тақырыптарға, тәлім-тәрбиеге қатысты дүниелердің көптеп орын алуында. Сондықтан, Құрметті оқырман, әдеттегідей келесі жылдың баспасөзіне, рухани серігіңіз, сырлас досыңыз «Хантәңірі» газетін келесі жылы да алдырып оқуды қазірден қолға алып, дер кезінде жазылуларыңызды өтінеміз. Аудандық газет — құлақтарыңыз, көздеріңіз, тілдеріңіз бола беруден айнымасын, ағайын!

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password