Атын, әкесінің атын және тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу тәртібі
Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай – ақ, мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 21-қосымшаға сәйкес (ҚР «неке және отбасы (ерлі зайыптық) кодексінің) «Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі – Т.А.Ә. ауыстыру туралы стандарт) келтірілген.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне немесе Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес Т.А.Ә. ауыстыру туралы стандарттың 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса отырып, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш береді.
Егер азаматтық хал акт жазбасы жоғалған жағдайда, онда атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу Кодексте белгіленген тәртіппен ол қалпына келтірілгеннен кейін ғана жүргізіледі.
Егер атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішпен бір мезгілде ұсынылған құжаттарда және азаматтық хал акт жазбаларының көшірмелерінде мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда, мұндай сәйкессіздіктер Кодексте белгіленген тәртіппен жойылады.
Көрсетілетін қызметті алушының сауалнамалық деректері азаматтық хал акт жазбасында көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмеген не АХАЖ АЖ-да азаматтық хал акт жазбасы болмаған кезде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуге жол берілмейді.
Мұндай жағдайларда көрсетілетін қызметті алушы азаматтық хал акт жазбасын қалпына келтіру, өзгерістер, толықтырулар немесе түзетулер енгізу туралы тиісті өтінішпен жүгінеді.
Азаматтық хал актісі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген жағдайда тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру туралы мәселені дұрыс шешу және өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу үшін азаматтық хал акт жазбаларының көшірмелерін талап ету қажет.
Ұсынылған құжаттардың, сондай-ақ тексеру нәтижелерінің негізінде өтінішті қабылдаған тіркеуші орган атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың негізділігі баяндалатын көрсетілген Қағидаларға 23-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды жасайды.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытынды бір данада жасалады, тіркеуші органның елтаңбалы мөрімен және лауазымды адамының қолымен бекітіледі.
Қорытынды бекітілгеннен кейін тіркеуші органның лауазымды тұлғасы атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды АХАЖ АЖ-да мемлекеттік тіркеуді жүргізеді және атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік береді.
Тіркеуші орган атын, тегін, әкесінің атын ауыстыру туралы акт жазбасын тіркегеннен кейін АХАЖ АЖ-ға туу туралы акт жазбасына (қажет болған жағдайда) тиісті өзгерістер енгізеді, туу туралы куәлікті қалыптастырады және атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгерістер енгізу үшін туу туралы акт жазбасының орналасқан жері бойынша тіркеуші органға (бірінші (қажет болған жағдайда) және/немесе екінші данасына) хабарлама жібереді.
Туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізу хабарлама түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүргізіледі.
Көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша тіркеуші орган осы Қағидаларға 24-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініштерді қабылдайды, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, бұзу, кәмелет жасқа толмаған балалардың туу туралы акт жазбаларына тиісті өзгерістер енгізеді, тиісті куәліктерді қалыптастырады және атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгерістер енгізу үшін акт жазбаларының орналасқан жері бойынша тіркеуші органға (бірінші (қажет болған жағдайда) және/немесе екінші данасына) хабарлама жібереді.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркегеннен және растайтын құжаттарды (атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік, туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізілген жағдайда — туу туралы куәлік) алғаннан кейін азамат бір ай мерзімінде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруы қажет.
Сабиғат АХМЕТ,
әкімі аппаратының
заң және мемлекеттік құқық
бөлімі азаматтық хал актіліерін тіркеу
қызметінің бас маманы.
0 Пікір