АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Осыдан бір ғасыр бұрын Жетісудағы шағын қала Жаркентте Бүкілодақтық мәні бар үлкен бір акт ойластырылып, жүзеге асты. Ол шекараның арғы бетіне амалдап өтіп, артынша бергі жақтағы бейбіт өмірге енді кіріскен елге зор қауіп төндірген ақ гвардияшылар генералы, атаман Александр Дутовтың көзін жою жөніндегі әрекет еді. Оған қатысқан жерлестеріміз жөнінде шындық толық айтылып бітті ме? Жоқ. Зерттеушілер көбінесе ВЧК-ның* 1920 жылғы күз, қыс айларындағы аталмыш операцияға арналған дайындық жұмыстарын айтумен, 1921 жылғы 6 ақпандағы Қытайдың Сүйдін қамалындағы болған оқиғаны баяндаумен, содан соң оған қатысқандарды Ташкентке апарып марапаттағандығын сөз етумен шектеледі де қояды. Ал одан кейін ше? Ажал аузына аттанып, аман келгендердің 1929-1937 жылдардағы тағдыры қалай болды? Олардан ұрпақ қалды ма? Қайда тұрады? Туған-туысқандарының қолдарындағы құжаттар не дейді? «Атаманның ақыры» фильмінің түсірілу тарихы ше? Ол қалай өмірге келді? Білген адамға оған қатысқан актерлер естеліктерінің де айтары аз емес. Осы және одан басқа да оқиғаларды төмендегі мақалада қадери-халімізше айтуға күш салдық, құрметті оқырман! Оқыңыздар, келтірілген деректерге назар аударып, хабардар болыңыздар демекпіз біз сіздерге. Сонымен…

 

*Деректі хикаяттағы кейбір сөздер сол замандағы ұғым бойынша алынды. – Автор

 

  1. Атаман

Біз сөз еткелі отырған адамның ата-бабалары байырғы самаралық казак әскерилерінің отбасынан тарайды. Әкесі – патша әскерінің Орта Азияны жаулап алудағы Түркістан жорығына қатысқан офицер Илья Петрович Дутов. Ал шешесі – Орынбор губерниясындағы урядниктің қызы Елизавета Николаевна Ускова. Бұлардың баласы, яғни, өзіміз әңгімелемек болып отырған Александр Ильич Дутов қазақ жерінде, атап айтқанда сол кездегі Сырдария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүниеге келген. Балалық шағы Ферғана, Орынбор, Санкт-Петербургте өткен.

Александр Дутов 1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтаған соң хорунжий шенін алады. Сөйтіп Харьков қаласында орналасқан 1-ші Орынбор казак полкіне жіберіледі. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Николаев инженерлік мектебі жанындағы курсты тәмамдап, Бас штаб академиясына оқуға түседі. 1905 жылы ол өзі сұранып Қиыр Шығыста жүріп жатқан орыс-жапон соғысына аттанады. Онда 2-ші Маньчжурия әскері армиясы құрамында шайқасып, ұрыстағы «жанқиярлық ерлігі және ерекше еңбегі» үшін үшінші дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталады. Соғыс бітіп, Санкт-Петербургке оралған соң Бас штаб академиясындағы оқуын жалғастырып, оны 1908 жылы штабс-капитан шенімен аяқтайды.

1909 жылдан 1912 жылға дейін Александр Дутов Орынбордағы казак юнкерлік мектебінде ұстаздық етеді. Осы әскери оқу орны қабырғасында жас курсанттарға көрсеткен қамқорлығы арқасында ол юнкерлердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленеді. Мәселен, оның сол кездегі шәкірттерінің бірі кейін жазушы В.Седыхтың «Даурия» романына бас кейіпкер болған, 1918-1920 жылдары Забайкалье казак әскерлерінің атаманы дәрежесіне көтерілген Г.Семенов еді. Осы жерде сөз ретіне қарай мына деректі де айта кетейік. Александр Дутов Орынбордағы өмірінің біз сөз етіп отырған кезеңінде сол кездегі подполковник дәрежесіне тең қосын старшинасы шеніне жоғарылатылып, үшінші дәрежелі Әулие Елена орденімен марапатталады. Және осы қалада 1907 жылы Ольга, 1909 жылы Надежда, ал 1912 жылы Мария есімді қыздары дүниеге келеді. Кенжесі Елизавета бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1914 жылы туған. Атаманның Олег есімді ұлы болған дейді. Алайда оның қашан, қайда туғаны жөнінде құжаттар жоқ.

1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Александр Дутов өзі сұранып майданға аттанады. Алғы шептегі 10-атты әскер дивизиясы құрамындағы 1-Орынбор казак полкі қатарында шайқасады. Онда ол Оңтүстік-Батыс майданында генерал А.А.Брусилов қолбасшылық еткен әскери қимылдардың бел ортасында болады. Сол ұрыстар барысында біздің кейіпкеріміз қызмет еткен 9-орыс армиясы Днестр және Прут өзендері аралығындағы плацдармды ұстап тұрған 7-австриялық-венгрлік армияны талқандайды. Осы шайқаста Александр Дутов екі рет жараланады. Соңғы жарасы өте ауыр еді. Алайда, Орынборда екі ай емделісімен полкке қайтып оралады. Көп кешікпей князь Спиридон Бартеневпен қатар 1-Орынбор казак полкінің тең дәрежедегі тете басшысы болып тағайындалады. Сол кездері оған берген мінездемесінде граф Ф.Келлер: «Әскери қосын старшинасы Дутовтың полкі қатысқан Румыния жеріндегі соңғы шайқастарды өте күрделі деп сипаттауға болады. Сонда ол өзін қалыптасқан жағдайды біліктілікпен бағалап, батыл шешім қабылдай алатын офицер ретінде танытты. Осы себепті де мен оны ерекше қабілетке ие, полктің тамаша басшысы деп есептеймін», – деп жазған. 1917 жылдың ақпанында Александр Дутов жоғарыдағыдай жауынгерлік қызметі үшін екінші және үшінші дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапатталады.

1917 жылғы ақпан төңкерісі бұрын аты онша шыға қоймаған казак штабс-офицерінің бірсарынды өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді. Оған әсер еткен 1917 жылдың наурызында Уақытша үкіметтің бас министрі Г.Е.Львовтың Петроградта казактардың бірінші жалпы құрылтайын өткізуге рұқсат берген пәрмені еді. Әскери қосын старшинасы Александр Дутов міне, осыған байланысты өз полкінің өкілі ретінде Ресей астанасына келеді. Сол кезден бастап 38 жастағы сақа офицердің өмірі түбегейлі өзгереді. Ол саяси оқиғаларға белсенділікпен араласа жүріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізеді. Ақыры 1917 жылдың күзіндегі жиында жасырын дауыспен Орынбор казактарының әскери атаманы болып сайланады.

Қазан төңкерісін Александр Дутов еш мойындамады. Сөйтіп ол алғашқы күндерден-ақ большевиктерге қарсы күрес туын көтереді. 1917 жылдың 25 қазанында атаман өзіне бағынышты әскер қосынына арналған №816 жарлыққа қол қойып, большевиктердің Петроградта өкіметті күшпен басып алуын мойындамауға шақырады. Осыдан соң ол Түркістан мен Сібір арасын жалғап тұрған стратегиялық маңызы зор Орынбор аймағын өз қолына алады.

 1918 жылдың күзінде Орал мен Сібір темір жолы бойындағы көтеріліске шыққан чехословак тұтқындар корпусына сүйенген Александр Дутов Колчакты қолдауға белсене кіріседі. Сөйтіп, Ақтөбе бағытындағы шабуылға шығады. Мақсат – Ташкентке қарай тоқтаусыз жылжу еді. Алайда, оның бұл жорықта жолы болмайды. 29 қазанда ақтар қолындағы Бузулук құлайды да, 15 қарашада қызылдар Орынборды шабуылдауға көшеді. Атаман осы ауыр кезең туралы былай деп еске алады: «Бізге қарсы Гай басқаратын «құрыш дивизия» аталып кеткен большевиктердің ең таңдаулы әскери күштерінің бірі атой салды. Олар жақсы қаруланған және де тәртібі де темірдей қатты құрылым болатын. Қиын жағдайға тап болдық. Бірақ менің жігерім бір сәтке де жасыған жоқ».

1919 жылдың сәуірінен бастап Александр Дутов ресми түрде Орынбор казак әскери армиясының қолбасшысы бола тұрып әскери басшылық тізгінін көмекшілеріне тапсырады да өзі Омбыға барып саяси өмірге араласып кетеді. Сібір билеушісі Колчактан генерал-лейтенант шенін алып, барлық казак әскерінің жорықтағы атаманы етіп тағайындалған ол жергілікті жердегі жасақтардың жай-күйін тексеру үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Сол жақта партизан қозғалысына қарсы күреске жетекшілік етіп, Сібір жоғарғы үкімет билігімен және Жапониямен ыңғайлас саясат ұстанған Семенов, Калмыков, Гамов сияқты атамандармен қарым-қатынас орнатады. Олар жоғарғы билеуші Колчакқа адалдығын көрсетуге тырысқанымен, іс жүзінде шығыс майданына бір де бір әскери құрама жібермейді.

1919 жылдың күзінде Колчак дивизияларын талқандаған Қызыл армия шешуші шайқасқа көшеді. Осы кезде Александр Дутов Орынбор казак әскерилерінің қолбасшысы болып қайтадан тағайындалады. Бұл қалың қол Көкшетау мен Атбасардан Жетісуға шегінуге мәжбүр болған аса қиын кезең еді. Жасақ ашық аспан астында аш-жалаңаш күн кеше отырып, жұтаң, елсіз мекендерді артқа тастап шегінумен болады. Обоздағы жүк тартуға шамасы келмеген жылқы, түйені пышаққа жығып, азық етеді. Тұрғылықты халықтың жем-шөбін, киім-кешегі мен көлік-сайманын күшпен тартып алады. Алайда мыңдаған адам тобырына бұл жұқ болмайды. Суық пен аштықтан қырылғандардың саны күн санап өсе түседі. Жұқпалы ауру – сүзек пайда болады.

Жетісуға арып-ашып, әбден сілікпесі шығып жеткен дутовшыларға осы өңірге ертерек келіп, біршама жайлы тұрмыс кешіп жатқан атаман Борис Анненков әскерлері жылы қабақ таныта қоймайды. Араларында өзара дұшпандық ерегіс басталады. Кей жағдайларда олардың дау-дамайы қарулы қақтығысқа да ұласып отырады. Мұны көріп, берекесіздіктен әбден түңілген Александр Дутов 1920 жылдың наурызында өзінің серіктерімен бірге Жетісуді тастап, Сарқанттың 5800 метр биіктіктігіндегі мұз құрсанған Қарасырық асуы арқылы Қытайға өтуге мәжбүр болады. Осылайша Алатау асқан орынборлықтар Шыңжаң жеріндегі ағып жатқан Боратола өзеніне жетеді. Бұл Дампань деген әкімшілік аймағының жері еді. Босқындар міне, соған жақын жерден қос құрып орналасып, бір айға жуық дамыл табады.

Олар осы жерде естерін жиып жатқанда солдаттар Кеңес үкіметі шет елдерге қашқан ақтарға кешірім жариялапты деген сөзді естиді. Артынан бұл хабар расталады. Жасақ қосынына келген Дампань уезінің бастығы атаманға кеңестік Ресей үкіметі одан Қытай Түркістаны жеріне өткен қашқындардың бәріне кешірім жасалғанын ресми түрде хабарлауды сұрағанын мәлімдейді. Мұны өкілдің өз аузынан естіп, содан соң біраз күн ойланып-толғанған Александр Дутов мынадай жарлық шығарады: «Елге оралғысы келетіндерге менің тарапымнан ешқандай қарсылық болмайды. Өйткені Отанымызға өз еркімізбен, ар-намысымызды жоғалтпай оралатын сәттің қашан келетінін айту қиын. Мұндай жағдай жыл өте не болмаса екі жылдан соң, тіпті ондаған жылдардан кейін ғана тууы мүмкін. Отанына қайтқысы келетін, бұдан әріге күш-жігері таусылып, қиындықтан қажыған адамдар тізімге жазылуына болады. Жасақтағы офицер мырзаларға айтарым, олар тарапынан ешқандай үгіт-насихат жүргізілмеуі тиіс. Осыны қатаң ескертемін. Әркім өз тағдырын өзі шешсін. Мен ешқандай уәде бермеймін және бере алмаймын да. Өйткені менде қаржы жоқ. Осындағы әрбір казак өз тіршілігіне қажеттіні өз еңбегімен тапсын».

Кеңес жеріне қайтуға 240 адам тілек білдіреді. 1920 жылдың 6 мамырында жасақ еліне қайтатын жолдастарымен қоштасу үшін сапқа тұрады. Құдай Ана Табынская киелі иконасының алдында мінажат жасалады. Кететіндермен қоштасып тұрып атаман оларға: «Елге оралған соң сатқындық жасамаңдар, жеке бастарыңның мүддесі үшін мұндағы бауырларыңды кінәлап, олардың туыстарын қиын жағдайға қалдырмаңдар», – деп кеңес береді.

(Жалғасы бар).

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password