АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

(Жалғасы. Басы өткен санда).

2. ҚАМАЛ

Қытай жағына Александр Дутовпен бірге ілесіп өткендердің қатарында Жетісу казактары әскерінің атаманы, генерал-майор Николай Щербаков та бар еді. Оның отряды да үлкен машақатпен асуы қиын Қарасырықтан өтіп, Боратола өзенінің аңғарына шыққанда оларды қытай шеріктері ұстап, оқшаулау орнына әкетеді. Көп кешікпей бәрінің тұратын жері белгіленіп, нақтыланады. Атап айтқанда Орынбор казактарының атаманы Александр Дутов өзінің штабымен және жеке күзет полкімен Сүйдін қаласындағы бекініс пен соған жақын маңдағы Мазар, Шипанзе қыстақтарына қоныстандырылады да, ал Николай Щербаков әскері Құлжа іргесіне орнығады.

 Осы жерде Кеңес үкіметінің тегеуірініне шыдамаған ақ гвардияшылардың Қытайдың Харбин жағы мен Моңғолия беті және Шыңжаң өлкесіне ағылуының себебі неде деген сұрақ туады. Зер салып қарасақ, 20-жылдары казактардың Забайкалье атаманы Г.Семеновтің Шанхайға, барон Унгерннің Ургаға, Борис Анненковтың Үрімшіге, ал генерал Андрей Бакичтің Шәуешекке барып табан тірегенін байқаймыз. Николай Щербаков пен Александр Дутовты жоғарыда айттық. Бұлардың алғашқысы Құлжаны, соңғысы Сүйдінді таңдаған. Сонда дейміз-ау… Кейінгі 20 жыл ішінде жарыққа шыққан ақ эмигранттар жарияланымдарына қарағанда мәселе мынада сияқты.

1918-1920 жылдары Үрімшідегі, Құлжадағы және Шәуешектегі Ресей консулдары Алексей Дьяков, Владимир Люба және Владимир Долбежев Кеңес үкіметін мойындамай, тіпті оның тез арада құлауы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауды өз парыздары деп санайды. Ал мұндай әрекеттер большевиктер мен Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ресми мемлекеттік құрылымдар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай қиындық тудырады. Мысалы, 1918 жылғы 12 наурызда Жетісудың Әскери-революциялық комитеті Құлжадағы телеграф кеңсесінде жұмыс істейтін большевик Маньковтың нұсқау күткен жеделхатына жауап ретінде: «Маньков жолдасқа жөн-жоба көрсетіп, одан Қытай үкіметіне жақсы көршілік ниетті жеткізуді сұрау» жөнінде шешім қабылдайды. Алайда Құлжадағы бұрынғы патша армиясының полковнигі Владимир Любаның қарсы әрекет етуінен Маньков Шыңжаңдағы жергілікті ресми өкімет орындарымен байланыс орната алмайды. 1919-1920 жылдары Түркістан майданындағы саяси басқарманың бастығы болған, кейін Жетісудағы Верный қаласында комиссар қызметін атқарған жазушы Дмитрий Фурманов өзінің «Бүліншілік» атты деректі кітабында Владимир Любаны былай деп сипаттайды: «Сол кезде Құлжада патша заманынан қалған бір кәрі орыс консулы отырды. Ол байғұс қайда барсын? Сол Құлжадан шыға алмады. Оның үстіне жаңа Ресей мүддесіне қызмет етудің орнына оған дұшпандық танытты. Демек, ол оңбағанның қаржысы да болғаны ғой. Ал ақшамен барлық істі тындыруға болады. Осы ақшаға ол кәрі қақпас казактарды да ұстады, оларға көмектесіп, Жетісуға соққы беруге де дайындады…»

Ол қандай қаржы еді? Дмитрий Фурманов нені тұспалдап отыр? Осы сұрақтарға жауап беру үшін жазушы Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы мына деректерге үңілейік. Шыңжаңдағы бұрынғы орыс дипломатиялық қызметінің, Қытайдың басқа аймақтарындағыдай, өз мақсатына жұмсау үшін Ресей-Азия банкінен қарызға алынған ірі көлемдегі қаржысы болған. 1910 жылы құрылған, Қазан төңкерісіне дейін акционерлік капиталы бұрын соңды болмаған 50 миллион рубль көлеміне дейін ұлғайып, Ресей мен шет елдерде орналасқан 175 бөлімшеден тұратын, кең тамыр жайған бұл банк акцияларының төрттен үші Францияда жатқан еді. 1914 жылға қарай банк негізгі активтерінің, вексельдік және тауарға негізделген несиелерінің, салым ақша мен ағымдағы есепшоттағы қаржы көлемі жағынан Ресейдегі акционерлік коммерциялық банктер арасында бірінші орынды иеленген. 1917 жылы большевиктер барлық банк жүйесін мемлекет меншігіне көшіргенімен, біз сөз етіп отырған құрылымның шет елдердегі бөлімшелері салым ақша және қаржы ағымдары бойынша жұмыстарын біраз уақытқа дейін бұрынғыдай жалғастыра берді. Үрімшідегі Ресей-Азия банкі директорының қызметін төңкеріске дейін А.Суворов деген кісі атқаратын. Азамат соғысы жылдарында да ол осы орнынан мызғымады. Патшалық Ресей консулдарының және Шыңжаңдағы ақ гвардияшылардың іс-қимылдарына қаржылық қолдау көрсеткен міне, нақ осы адам еді.

Шыңжаңдағы консулдықтармен тізе қоса әрекет жасаған ақ гвардияшылар өздеріне керек әскер бөлімдерін жабдықтау және оларды адамдармен, оның ішінде Қытай азаматтарымен толықтыру, құпия да жедел ақпараттар алу сияқты санқилы мәселелерді ақша арқылы шешуде айтарлықтай табысқа жетіп, тастары өрге домалайды. Ресей дипломаттары ақ гвардияшылар жасақтарын құрып және оларға елеулі қаржылық көмек берумен, ақ эмигранттар жетекшілерінің шет елдердегі басқа ұйымдармен байланысын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, орыс диаспораларының өз ішіндегі және қытай өкімет орындарымен арадағы дау-дамайды реттеуде де дәнекерлік және бейтарап қазылық жасап отырды.

Мұндай ашық көрініс әсіресе атаман А.Дутов пен генерал Н.Щербаковты қанатының астына алып паналатқан, жазушы Д.Фурманов жоғарыдағы өз романында сөз еткен патшалық Ресейдің Құлжадағы бұрынғы консулы В.Любаның іс-әрекетінен анық байқалады. Ол ақтардың қос генералына жағдай жасау үшін Шыңжаңның сол өңірге әмірі жүретін генерал-губернаторының аузын майлап, бетін бері қаратады. Оған ақ эмигрант Анатолий Воробчук-Загорскийдің жазып қалдырған мына естелігі бұлжытпас дәлел бола алады: «Бақытымызға қарай Шыңжаң генерал-губернаторы Ян Цзяньсин ақтардың досы, большевиктердің қас жауы болып шықты. Консул В.Любамен пікірлесе отырып, ол осы жерге тұрақтаған казак орыстарға жылы қарап, жергілікті өкімет орындарына олардың әрқайсысына күніне екі қадақтан (бір қадақ 443 грамға тең) ұн, сондай мөлшерде ас әзірлеу мен үй жылытуға қажет тас көмір босатып отыруға нұсқау берді».

Мамыр айында бұл билік иесінің атаман Александр Дутовтың жасағына Сүйдін қаласында тұрақтауға рұқсат бергенін біз жоғарыда айттық. Сүйдін Ресей боданындағы кеңестік Қазақстан шекарасынан 52 шақырым жерде, осы көрші елден Құлжаға баратын күре жолдың бойында орналасқан қала-тын. Және мұнда консулдардың күзетшілері үшін салынған 200 адамдық казармалар бар еді. Шекарадан өткен жасақ 1000 адамдай болғандықтан, казактардың біраз бөлігі Сүйдін бекінісіне және өз қолдарымен қамал іргесіндегі беткейге қазып салған жер үйлерге орналасты. Тек 1-Орынбор полкі ғана Сүйдін қаласынан 40 шақырым жердегі Душегур қыстағында болды. Бұлардың бәрі қытай өкімет орындарынан жоғарыдағыдай мөлшерде көмек алып тұрды.

Айта кетейік, эмиграцияның мұндағы алғашқы кезеңінде большевиктермен қарулы күресті қайта бастау деген бұрынғы ақ гвардияшылардың көпшілігінің ойына да келмеген нәрсе еді. Олар үшін ең маңыздысы тірі қалу, тырбанып өмір сүріп, нәпақа табу болатын. Орынбор әскері автомобиль бөлімінің бұрынғы басшысы Сергей Хитун өзінің жазып қалдырған күнделігінде сол кезді былай деп еске алады: «Шыңжаң уәлаятының губернаторы біздің басшымыз Бакичпен келісе отырып, орыстарды екі ай бойы азық-түлікпен қамтамасыз етуге уәде берді. Қуаныштысы, арамыздағы кейбір пысық «кәсіпкерлер» бұл мерзімнің аяқталуын күтпестен өз нандарын өздері тауып жеуге кірісіп кетті. Орынборлықтардың арасында біреуі елден кинофильм таспаларын алып шыққан екен. Бұрынғы жарық қуатын беру ротасының жауынгерлері қос доңғалақты арбаның үстіне электр моторын орнатты да, менің механик жігіттерімнің көмегімен кино көрсете бастады. Мотордың айналма белдігі үзіле берді. Бірақ америкалық ковбойлар туралы киноның жергілікті қазақтар мен ұйғырларға ұнағаны соншалық, олар резеңке белдік қайта тігіліп, жалғанғанша шыдамдылықпен күтіп отыратын.

Жергілікті базарда көбінесе айырбас сауда жүретін еді. Брикет түріндегі, яғни нығыздалып қатырылған кірпіш шай кез келген ақшадан да өтімді болды. Мен қытайлық қысқа етікті американ әскери шинелінің белдігінен тарқатылып алынған бір үлкен шумақ жасыл жіпке айырбастап алдым. Бұрынғы офицерлердің біразы базарда жайма сөрелер жасап алып, қытайлар мен ұйғырларға қосыла сауда жасауға кірісті. Олардың сөрелерінен фотоаппараттар да, қол сағаттары мен дүрбілер де, бесатар мылтық және темір шәугім, әскери киімдер де көптеп табылатын. Бұл заттардың бәрін де жергілікті халық қуана сатып алатындықтан орынборлықтардың саудасы қызып тұрды.

Әлі есімде, бірде балалайка оркестрі құрылып, ол губернатор үйінің ішкі ауласында ойын-сауық көрсетуге шақырылды. Өңір басшысы аудармашы арқылы өнер көрсетушілерден «ең жақсы орыс әнін» орындауды өтінді. Оркестр жақында ғана құрылғандықтан оның репертуары жұтаң еді. Сондықтан балалайкашылар «Ай сәулесі төгіліп…» әнін орындауға ұйғарды. Қытайлықтар әнді ұйып тыңдады. Әнші оркестрдің сүйемелдеуімен жоғары дауысты пикколоны аяқтап, жылдам ырғақты стаккатоны жорғалата жөнелгенде бәрі де, тіпті губернатордың өзі де дуылдата қол соқты. Балалайкашылардың әрқайсысына қытай доллары және түрлі-түсті қағаздан істеліп, ішіне өрік толтырылған сый дорба берілді».

Өмір осылай қалпына келіп, қайта жандана бастады. Ал ақ гвардияшы генералдар мен офицерлердің түпкі ойы, көздеген мақсат-мүддесі қандай еді? Олардың шекараның арғы бетіндегі жеңілістен рухы бәсеңсіп, күйзелген әскери бөлімдерінде уақыт өте ұйымшылдық пен тәртіп қайта орныға бастады. Осыны басқаларынан бұрын сезген Александр Дутов 1920 жылдың 12 тамызында Шыңжаң аймағындағы большевиктерге қарсы күштерді өз басқаруындағы Орынбор әскерімен біріктіру туралы №141 бұйрық шығарды. Жағдайды ой таразысына салып қарағанда мұндай пәрмен қажет те еді. Бірақ генерал-лейтенант көпе-көрінеу өз өкілеттігін асыра пайдаланып, солтүстік-батыс Қытайға өткен ақтар жасақтарының қолбасшылары бір-бірінен тәуелсіз әскербасылар ғана емес, көп жағдайда бір-біріне тең генералдар екенін ескермеді. Вадим Обуховтың «Жоғалған жерұйық» кітабындағы деректерге қарағанда генерал-майор шеніндегі Сібір казактары әскерінің атаманы Борис Анненков және Жетісу казактарының атаманы Николай Щербаков өздерімен дәрежесі тең Орынбор казактары атаманының құзырына мойын ұсынудан мүлдем бас тартады. Генерал-майор Николай Щербаков жоғарыдағы бұйрықты оқығанда тіпті Орынбор атаманын жекпе-жекке шақыруға дейін барған. Бұған оның қытығына тиер сөздер айтқаны себеп болған сияқты. Өзінің бұйрықтарында генерал-лейтенант Жетісу атаманын «өте қатал, халықтың көңіл-күйін қаперге де алғысы келмейтін өктем адам және шаруалардың жауы» деп сипаттайды. Александр Дутовтың берген ақпарына сүйеніп қытай өкімет орындары Николай Щербаковты бірнеше күнге қамауға алады. Осылайша жағдай жекпе-жекке шығатындай ушықпаса да бір бұйрықтың кесірінен атамандар арасына араздық сынасы қағылады.

Сүйдіндегі пәрменнен хабардар болған генерал Андрей Бакич те өзінің Александр Дутовқа бағынудан және қарамағындағы корпусын оның басқаруына беруден бас тартатынын мәлімдейді. Орынбор атаманының оны орнынан түсіріп, қамауға алмақ әрекеті сәтсіз аяқталады. Бұл шиеленіс екі генералдың бірлесе жұмыс істеуі мүмкін емес екенін көрсетеді. Алайда Александр Дутов өз штабының төңірегіне Шыңжаң аймағында ғана емес, большевиктер билігіндегі Ресей жеріндегі де большевиктерге қарсы барлық күштерді топтастыру әрекетін тоқтатпайды. Ол Қиыр Шығыстағы монархияшылар мен ақ гвардияшылар ұйымдарынан қаражат алып, Іле өлкесінде атыс қаруларын сатып ала бастайды. Барлау және қарсы барлау жұмыстарын жандандыра түседі.

Александр Дутов тұсында мұндағы арнаулы қызметтің бейресми жетекшісі былайғы қауымға Владимир Покровский есімімен белгілі игумен Иона еді. Ол қарсы барлауға жауапты болып, жасақ үшін қаражат жинаумен ғана айналысып қоймай, кеңестік Ресейге қарсы әскери қимылды насихаттаушы басты идеологтардың бірі болады. Поп әкей: «Бұл жорық енді зұлымдыққа қарсы шешуші шайқасты бейнелейтін соңғы жорық», – дегенді ел құлағына құйып, сіңіре бастайды. Осы пірадар туралы Түркістан майданының барлау бөліміндегі мәліметте былай делінген: «Дутовқа қосылған соң ол ешқандай қиындықсыз-ақ оны өз ырқына көндіріп алды. Атаманның оң қолына айналды да көп ұзамай әскердің бас діни қызметшісі болып тағайындалды. Уақыт өте оның Дутовқа ықпалы күшейгені сонша, генерал оның кез келген тілегін лезде орындайтын болды. Атаманның кеңестік Ресейге қарсы 1920 жылы басталады деп болжанып отырған шабуылы да осы тілектердің бірінен саналады».

1920 жылдың күзінде өзінің көп хаттарының бірінің иесіне жауап бере отырып Орынбор атаманы: «Жетісу мен Ташкент арасының өн бойында жұмыс жүріп жатыр. Мен Харбинмен және Қырымдағы генерал Врангельмен байланыс жасап тұрамын», деп хабарлайды. Зерттеуші Давид Голинковтың «КСРО-дағы антикеңестік құпия ұйымның күйреуі» атты кітабындағы деректерге қарағанда 1921 жылдың басында Александр Дутов ағылшын барлау қызметімен байланыс орнатады. Анығында бұл «байланыс» оның большевиктердің Жетісудағы жағдайын тұрақсыздандыруға орыс генералынан кем мүдделілік танытпайтын Қашқариядағы ағылшын консулымен әңгімелесуіне келіп тірелген сияқты. Осы мақсатқа жету үшін атаман шет елдердегі Кеңес үкіметіне қарсы ұйымдармен де, генерал Петр Врангельмен де белсенді түрде қатынас орнатады. Ол кезде Врангель Ресей эмиграциясының барлық әскери істерінің ресми жетекшісі ғана емес, қуғындағы үкімет ретінде «большевиктермен күрестегі барша күштерді біріктіретін заңды өкімет иесі» деп танылған Орыс Кеңесінің төрағасы да еді.

Сонымен қатар Александр Дутов Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының жетекшілерімен, Жетісудағы Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымдармен де тығыз қатынаста болады. 1920 жылдың 1 қазанында Ферғана басмашыларының көсемі құрбашы Эргашбай Бердиевке жазған хатында атаман былай деген: «1918 жылдың жазында-ақ Орынбордағы маған байланыс орнатып, бірлесе әрекет ету тапсырмасымен сізден бір адам келген еді. Мен одан өзіңізге хат және біздің достығымыз бен бірлескен әскери қимылымыздың белгісі ретінде күміс қанжар мен барқыт шапанды сыйлыққа жібергенмін. Бірақ ол адам сізге жете алмаған сияқты. Мен сіздің бірлесе әрекет ету туралы ұсынысыңызды Орынбор казактары әскерінің Әскери үкіметіне жеткізгенмін. Онда Үкімет алқасы өзінің шешімімен сізді Орынбор казактары қатарына қосып, өзіңізге жасауыл шенін берген болатын.

Содан бір жылдан соң генерал Зайцев келіп, сіздің маған деген құрметіңізді білдірді. Омбыдағы адмирал Колчактан Хиуа мен Бұхараға елшілер баратынын пайдаланып, сізге солар арқылы тағы да хат, жасауыл эполеті тағылған шапан, күміспен көмкерілген қару және өзімнің суретімді жіберген едім. Алайда, мендегі мәлімет бойынша, бұл елшілер сізге жетпеген көрінеді.

Мен сізбен байланыс жасауға үшінші рет әрекеттеніп отырмын. Қазір біз Қытай шекарасындағы Жаркентке таяу Сүйдін қаласындамыз. Менің қоластымда 6 мың адамға жуық жасақ бар. Туындаған жағдай мен тәртіпке байланысты мен қару-жарағымды әзірше Қытай үкіметіне тапсырдым. Енді тағы да шабуылға шығып, Жаркентке соққы берер сәтті күтіп жүрмін. Бұл үшін өзіңізбен байланыс және тізе қосқан қимыл керек. Мархабатты жауабыңызды күтемін. Сізге және сіздің батырларыңызға сәлемімді жолдаймын».

Алайда Ферғана басмашылары Александр Дутовпен қандай да бір әскери бірлескен түрдегі әрекет жасауға үлгермейді. Құрбашы Эргашбай қожа Бердиев өзіне жолданған хатты ала алмайды. Ол 1920 жылдың көктемінде Кеңес үкіметімен ымыраға келеді де, көп ұзамай өз маңындағы адамдардың бірінің қолынан ажал құшады. Сүйдінге бассауғалап барған Орынбор атаманы мұны білмеген.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(Жалғасы келесі санда).

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password