Атам жайлы толғансам…
Алматы облысы Райымбек ауданынан шыққан Үш даңқ орденінің толық иегері және Қызыл жұлдызбен бірнеше орден медальдармен марапатталған 1939-40-41-46 жылдарда қызыл армия қатарында болып, Фин және Ұлы Отан Соғысының ардагері болды.
Бейқұтбай ата қазіргі Райымбек батыр атындағы ауданның Айғыржал, Текес өңірінің Өрнек деген жерінде 1917 жылы өмірге келген. Әкесі Дембай қарапайым орта шаруа болған. Бейқұтбай атаның ата-тегі Албан руы ішіндегі Досалы бірлестігінің Шүйке (Жансадық) тармағынан. Досалы тегі Бірімтай ұлы Жансадықтың үш ұлы болған Кірбет, Нияз, Шабар батыр. Бейқұтбай ата Шабар батырдың он бір ұлының 9- Бәйіттің ұрпағы, осы естелікті жазып отырған менімен бір кісінің шөбересіміз.
Мен Бабашев Серікбай Мұстафаұлы 1974 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы КазПУ-дің математика факультетін бітіріп, қазіргі Райымбек батыр бұрынғы Нарынқол ауданының орталығындағы Нарынқол орта мектебінде математика мұғалімі және аудандық спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып орналастым, сол кездегі Нарынқол орта мектебі қазіргі Тельман Жанұзақов орта мектебі болып аталады. Сол уақыттан бастап Бейқұтбай ата 1990 жылы 5 желтоқсанда 73 мүшелінде қайтыс болғанға дейін араласып, көптеген әңгімесін тыңдап, ұмытып қалмау үшін қағазға да түсіріп отырдым.
Бейқұтбай атаның келбеті қасқа бастау, кең маңдайлы, шықшытты бейнесі қызыл сары ,қыр мұрынды,көзі ашық, көк көз аясының қарашығы үлкен қара болатын. Бойы ортадан жоғары тік дембелше мығым, әрқашан сақал-мұртын қырып жүретін өте таза, ұқыпты, мұнтаздай болып киінетін. Әңгімесі шындықтан құралғандықтан ба, оқиғаны әсерлі суреттейтін. Әр айтқан әңгімесін кемпірі тыңдай-тыңдай жаттап алған. Бейқұтбай ата әңгіме айтқанда, кемпірі қызып кетіп, тузету енгізетін. Кемпірі бала мінезді ашық, жуас адам еді. Кейде әңгіме барысында кемпірі сөзге араласып, сөзге қонақ бермей кимелегенде Бейқұтбай ата кемпіріне: «-Қойшы, тыныш отыршы, соғысқа сен бардың ба, мен бардым ба»,- деп ұрсып тастайтын. Сол кезде кемпірі жасып, қызарақтап, жәутеңдеп қалатын. Біраздан кейін шалының ұрысқанын ұмытып «-Ей, Бейқұтбай», — деп қайта сөзге араласып кететін. Біз күлетінбіз.
Бейқұтбай ата өмірде өте қарапайым жуас, қанағатшыл, өз ісіне өте тиянақты, әскери мінез қанына сіңгендіктен өтірік айтуды білмейтін. «Мен батырмын»- деп даңғазалану ол кісіге жат еді. Ол кісі міндетсініп әкімшіліктен ештеңе сұрамайтын.
1982- жылдары арнайы жоғары жақтан келген Генерал ПМК бастығы М. Естібеков өзіне салғызған, құны 104 мың сомға бағаланған үйді Бейқұтбай атаға алып берді. Сонда екеуіміз үйді көріп, бөлмелерді аралап, одан кейін сыртқа шығып салынған жаздық үймен монша, қора-қопсыны қарап, «-Ата, тура немістер сияқты салыпты, менің өз үйіммен салыстырса 35 үйдің құны екен», — деп тамашалап тұрды.
Сонда Бейқұтбай атаның мына айтқан сөзі есімде қалыпты. «Жалпы орыс халқының басым көпшілігінің әділдігі бар, еткен еңбегіңді, атқарған жұмысыңды бағалай білетін жұрт. Қанша жамандасақ та орыстың турашылдығынан аттап өту қиын-ақ. Мен 1946- жылы соғыстан келіп 1976- жылы зейнеткерлікке шыққанша бейбіт кезде де, соғыста да қалай еңбектенсем солай жұмыс атқарып еңбектендім. Сол 30- жыл көлемінде жай медаль емес жай мадақтау қағаз алып көргенім жоқ. Жалпы, соғыста да ұлты орыс солдаттарының көпшілігі тамаққа тоқ болса, Сталиндік 100 граммды ұрттап алса, өлім қаперіне де келмейтін, қосыла ән айтып, өмірге сеніммен қарайтын рухы жоғары екенін көрдім. Бірақ, ішінара шіріген жұмыртқада болады ғой. Бізге Власовтың сатқындарымен соғысу аса қиын болды. Артынан келіп желкесінен ұстап ұрып жыққанша, не атып өлтірмейінше берілмей шайқасатын. Оған қарағанда немістермен найзаласу, атысу жеңілірек еді әлдеқайда»,- деп әңгімесін тамамдайтын Бейқұтбай ата. Соғыс кезіндегі Сталиннің кемеңгерлігін еске алып, сол кездегі әскерлердің ұлттық достығын мадақтайтын. Өзінің Совет одағының маршалы төрт рет батыр атағын алған Маршал Г.К.Жуковтың басқаруындағы майданда болғанын мақтаныш ететін.
Бірде біз атаның үйінде түскі шайды бірге ішіп отырдық. Сол кезде Бейқұтбай ата ішіп отырған шынысынан кішкене қылды алып, шайын қайта ыдысын шайқатып, шай құйғызды да «Міне, қараңдаршы мен мына бір кішкене қылды алып тастадым, жиіркендім. Ал біз Сталинград қаласындағы шайқаста қала жанындағы өзеннен су ішетінбіз. Шөлден дымымыз құрып бара жатқанда, окоптан шығып еңбектеп атылған оққа, жарылған снаряд пен бомбаға қарамай судың бетіндегі қарыс сүйем іркілдеген қанды көбікті ыдыспен шайқап-шайқап жіберіп жұта беретінбіз. Қанды көбіктің асты айқасып жатқан жалаңаш өліктер. Кейіннен ойласам көмуге мұрша болмай киімдерін сыпырып алады екен ғой, -дейтін. Біз «Ата, ол киімдерді не істейді?»- десек. «Тылдағы әскерге алынғандарға кигізетін болу керек», — деді. Атаға біз «Сіздер қанды іркілдеген көбікті шайқап тастап астындағы судан ішкенде жиіркеніп ауырмадыңыздар ма?»,- десек. Ата: «Қайта көзіміз шырақтай жанып, әлденіп қалатынбыз, жиіркенуге мұрша да болмайтын», — деді.
«За отвагу» медалі
Бірде демалыс күні Бейқұтбай атаның үйіне барсам, түпкі оңаша бөлмеде Орден, медальдарын ретке келтіріп тазалап, екі «За отвагу» медальдың біреуін ерекше ысқылап сүртіп, алақанына ұстап, ой қиялына беріліп отырып қалды. Сонда мен: «Ата, бұл медальды неге ерекше құрметтейсіз?»,- дедім. Сонда Бейқұтбай ата маған барлай қарап отырып:
«-Бұл орден, медальдардың әр қайсысы менің жеке тарихым , бұлардың ішінде мына «За отвагу» медальі басқаларға қарағанда өзіндік орны бар, бір төбе, бұл соғыста алған алғашқы наградам»,- деп әңгімесін бастады.
-Мен бірнеше рет өліп -тірілген адаммын, татар дәмің, көрер күніңнің жарығы сөнбейінше ажал ала алмайды екен. Әлі де өткен күндерді ой сарабына салсам, жаратушы Алланың керемет тылсым күшіне таң қалып, таңырқаймын.
Бұл жағдай Сталинград қаласының ішінде болған еді. Әр көше, әр үй алынбас қамалға айналып, немістер мен біздің әскердің аралас қаны әр квадратқа шелектеп төгіліп, қара жерге сіңген шығар. Ауласы ортақ қоршалып салынған үйлердің қабатты реті бірде біздің әскердің қолында болса, бірде немістер басып алады. Олай айтатыным әр минут, сағат сайын екі жақ әскерінің бірнеше рет бір-бірін қол гранатамен қойғыласып, қолма-қол найзаласып, қанжарласып, айқасып жатуы. Әр жерде сағынып көріскен бауырлардай құшағы жазылмай өлік төбе-төбе болды. Әр үйдің есік терезесінен атылған оқ, ойбайлап шыңғырған адам дауысы, бомба мен снаряд жарылысы құлақты тұндырып бітеп тастайды. Кейде түн қайсы, күндіз қайсы мәңгірген кездерде болды.
Бірде біздің бөлімшеге (взвод) көше ұрысында зәулім қабатты үйдің түбінен жеке траншея (бір кісілік) төбесі жабылған шағын үңгірге жайғасып жауға тойтарыс беруді бұйырды. Әрқайсымыз арамыз 4-5 метрдей қатар орналасқан атыс ұяларына бекініп жатып, көрінген жау әскерін қадап атып бір адым да шегінбеуге тырыстық. Әрқайсымызға үш күндік азық, жеткілікті оқ-дәрілер үлестірілген.
Бірақ өмір тәжірибесі мен соғыс заңы басқалай болды. Аспаннан неміс самолеттері ауыр бомбалар тастағанда зәулім үйдің қабырғасы құлап, біз тірідей өз атыс ұямызда көміліп қала бердік. Қараңғы түнекте өлі тыныштық жалғыздық бой құлазытты. Құлап басып қалған қабырға кірпіштерінің саңылауынан ауа кіріп тұрғанын байқадым. Өйткені тыныс алуым еркін. Анда-санда айғайлап-айғайлап қоямын. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде маңдай алдындағы атыс ұясынан тықыр біліне бастады. Мен айғайды үдеттім. Біраз уақыттан соң бозымық сәуле көрініп, атыс ұясы ашыла бастады. Мен де жанталасып іштен кірпіштерді жігіне қарай босатып ала бастадым. Кеудем толық сиятындай ашылған үңгірден сыртқа қарай тырмысып шығуға тырыстым. Сол уақытта үйілген кірпіш сыртынан орыс әйелін көрдім. Басын орамалмен тұмшалап алған, қалың пальтосы бар. Мен сопаң етіп үңгірден шыға келгенде әйел есі ауып шалқасынан түсті. Біраз жатып есін жинап, жылжып кетіп қалды. Мен баспалап ақырын үйілген кірпіш жиегінен көз салсам, түн екен. Гуілдеп соққан қарлы боран болып тұр. Жарылған снаряд,бомбыдан, атылған оқтан құлақ тұнады. Қоңырсыған түтін мен оқ дәрі, адам қанының иісінен мұрын кеңсірігім ашып, көзімнен жас ақты.
Ақырын баспалап қарасам қаптаған өлік. Әр жерде теңкиіп жатқан адамдар. Арасында қайшыласып жүрген неміс әскері. Менің атыс ұям қабырғамен терезе қырының жақтауындағы бұрышта орналасқан соң кірпіш сынықтарымен құлаған үйінді онша баспапты. Жер жағдайын аз бақылап жатып, қараңғы түн болуын күтіп, атыс ұяма қайтып кіріп кеттім.
Біраздан соң қайта тықыр естіліп «товарищ,товарищ»,-деп сыбырға жақын дауыс естіліп, жақыннан көрініс берген әйелдің кеудесімен басын көрдім. Менде жақындап орысша білген тіліммен жағдайды айттым. Әйел өзіне еруді бұйырды. Ақырын атыс ұясынан шығып әйелге жер бауырлап ілестім. Ары кетсе 7-8 метрдей жердегі фундаментпен астасқан темір жиекті төртбұрышты ойыққа тірелдік. Әйел ойықтан бір тетіктерді бұрап еді, ішке есік сияқты бір кісі еркін сиятындай қуыс пайда болды. Біз тез еңбектеп ішке түстік. Іште тегіс шағын алапта 2 метрдей жерден баспалдақ бар екені байқалды. Әйел кірген есігімізді тез бекітті. Сырттан қарағанда білінбеген. Әйелдің қолындағы фонарь жарқ ете түсті де, өзі тез адымдап баспалдақпен төмен түсе бастады,мен де ілесіп келемін. Келіп тірелген жерімізде тағы есік бар екен ,ашып ішке кірдік. Әйел есікті бұрандаулы кілтпен бекітті. Бажайлап қарасам кірген орным, бұрыннан арнайы дайындалған жер асты қоймасы екен. Аккумуляторға қосылған лампочка жарық беріп тұр. Үлкен кең залда сатыланып жасалған текшелерде азық-түлік және басқа керекті мүліктер сыймай тұр. 3-4 жерден жер астына кететін баспалдақтарды байқадым. Жоспарланып жасалған сондай бірнеше кабинеттер, жасақталған кресло, столдарымен көздің жауын алады. Үлкен кең екі бөлме жаралыларға арналған екен. Бірнеше төсек ретімен қойылған. Отын қоры, жер асты суы, дәретханаларға дейін, жуынатын орындар тап -тұйнақтай. Кейбір бөлмелерде байланыс аппараттары тұр.
Әйелдің аты Наташа екен. Ол ешқандай түсінік бермеді. Мені құтқарудағы себебі, құпия қоймаға әйел кіріп үлгергенде күйеуімен баласы бомба түсіп құлаған үй қабырғасының астында қалған. Менің айғайлаған даусымды естіп күйеуімен баласының бірі тірі қалған болу керек, -деп қоқысты аршығанын айтты.
Наташаның айтуынша, күйеуі осы құпия орынның меңгерушісі майор шеніндегі әскери адам, аты Сергей. Өзі аға лейтенант шеніндегі әскери дәрігер екен. Баласы Виктор 12 жаста. Менің әскери билетімді тексерді. Бірер күннен соң Наташа қойманың аман екенін жоғарғы әскери орындарға жеткізуді бұйырды. Оның бағамдауынша біздің соғыс шебіміз ары кетсе 120-150 м болу керектігін ескертіп, менімен жылы лебізбен қоштасып тұрып, сәт-сапар тілеп шығарып салды. Мылтығым Наташада қалды. Наташа немістердің арасынан шептен өтерде, өлген немістің шинелімен каскасын киіп өтіп кетуіме кеңес берді. Өзіме арнайы төрт обойма оғымен пистолет ұстатты. Түн қараңғылығын пайдаланып өз атыс ұяма кірдім. Жағдайды бақылап жатып атыс ұяма жақын жерде қираған зеңбірек жанындағы өлген немістің сыртқы плащын өз сырт киімімнің сыртынан киіп, каскасын да киіп алдым. Ол түні өте алмай атыс ұяма қайтып келіп бекіндім. Себебі алғы шепте неміс солдаттары шахматтың тасындай орналасып алыпты. Наташа өзіне қайтып келмеуімді ескерткен. Қырғыннан сапырылысқан әскерлер бірін-бірі білмейтін сияқты. Тірілері алдыңғы шепке сапырылысып жүгіреді. Олар жаныма жақындаса қырылған өліктің бірі болып жата қаламын. Солдаттары жыбырлаған тірілерін ғана жинайды, анда-санда оларда жаңбырша жауған оқпен снаряд, бомба жарқыншағынан қырылып жатыр.
Наташа берген тамағым таусылып ашыға бастадым. Тамақ арсыз, деген рас екен. Неміс солдаттары кейде тізбектеліп, кейде жеке дара соғыс асханасына үлкен табағын алып барса, аспаз тез әрі жылдам бір шөміш тамақ құйып, бір кесім нан, бір бөтелке су ұстата береді. Тексеріп тергейтіндей емес, қараңғы түн, қапырық, түтіннен тексеріп жатқан жоқ. Әр қайсысы өз басын сауғалап жүр. Сондай жағдайда екі рет тамақ ішуге тура келді. Табақ ұсынғанымда бетім шыдамай, әрең дегенде қолым дірілдеп, тура қарауға төзімім жетпей, жаным мұрнымның ұшында болды.
Аңдыған алмай қоймайды деп түннің бір уағында шептің сирек орналасқан бір тұсынан алға жылжып өз шебімізге өттім-ау әйтеуір. Сүйретіліп окоп ернеуіне жақындағаным сол еді, өзіміздің солдаттар адасып келген неміс деп қалса керек, жабыла ұрып сілкілеп жіберді. Сөйлейін десем тілім кеуіп дымым құрып кетті, тіл жоқ.
Алдымда темекісі езуінде тұрған солдаттың ұмтылып жандалбасалап, темекісін жұлып алып бір екі сорғанда тілім шықты. Жұлқына айғайлап бөлімшемді айттым, ішкі төсқалтамнан әскери билетімді көрсеттім. Сыртқы немістің плащын шешіп тастап, касканы лақтырып жібердім. Соның арасында біздің бөлімшеден взвод командирі жүгіріп келді. Шептері таяу жақын екен. Екеуіміз құшақтаса кеттік. Мен еңіреп жылап жібердім. Су құятын плягтің екі- үш жерін оқ тесіп өтіпті. Сыртымнан киген неміс плащының талай жері оқтан түтеленген.
Қалайша оқ дарымағанына бәрі таңғалып жатыр. Өз бөлімшеме барған соң рота командиріме, комиссарға барлық жағдайды айттым. Полк комиссары мені тамақтандырып, жуындырып,полк командиріне апарды. Полк комиссары мені дивизия командиріне апарды. Сол жерде арнайы екі әскери адам келіп, дивизия командирі үшеуі отырып Наташаның маған жаттатқан цифрларын сұрады. Сол түні біздің әскерлер төте шабуыл ұйымдастырып, екі кварталдан жауды қуып шықты. Мен өзім келген ізбен қойма есігін дәл таптым. Мені бір капитан, екі солдат дивизия штабына апарды. Сол жерде жуындырып тамақтандырды. Иығында аға сержант белгісі бар жаңа формамен бастан- аяқ киіндірді.
Шамасы 2-3 сағаттай уақыт өткенде өзімді алып келген капитан мен екі солдат дивизия штабындағы қабылдау бөлмесіне апарды.
Мен кіріп барғанда өзімді жөн сұрап тергеген екі әскери мен екі полковник және өзімді үйілген қоқыстан аршып алған әскери формасында аға лейтенант шенінде отырған Наташаны көрдім. Мен капитанның алдын ала ескертуі бойынша дивизия командирі полковникке рапорт бердім.
Ол орнынан тұрып, менің адал қызметіме алғыс айтып, осы «За отвагу» медалін өз қолымен кеудеме тақты.
Мен «-Совет одағына қызмет етемін»,- дедім. Барлық отырғандар құттықтады. Наташа полковниктен рұқсат сұрап, маған алдағы уақытта табысқа жетуіме тілектестігін айтып, бетімнен сүйіп, қолымнан қысты да, винтовкамды табыс етті. Пистолеттің менде ескерткіш ретінде қалуына ұсыныс жасады. Өзімді тергеген полковник пистолеттің номерін жазып алды. Барлығы қол шапалақтады. Наташаның көзінде мөлтілдеген жас тұр еді. Оның кеудесінде «Қызыл жұлдыз» орденімен екі медаль бар екен. Қай уақытта, не үшін марапатталғанын білмедім.
-Міне, басқа ордендерім бір төбе, бұл медалім бір төбе, маған ерекше ыстық,-деп Бейқұтбай ата әңгімесін аяқтады.
Серікбай Бабашев,
зейнеткер — ұстаз,
Алматы қаласы.
0 Пікір