Ата заң – мемлекеттің тірегі

    Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – Қазақ елінде мерейлі мереке. Тәуелсіздіктің төлқұжаты іспетті Конституциямыздың мейрамы. Бұл күнді еліміздің әр облысы, әр аймағы атап өтеді.

       Қазақстан  Республикасының Ата Заңы – ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық  Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Бірақ Конституцияға 1998 жылы және 2007 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілгені белгілі.

     Аталған мерекеге орай аудандық прокуратура ғимаратында аудандық сот, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен жиын болды. Басқосуды аудандық сот төрағасы Мырзалы Айжан Амандыққызы ұйымдастырып, жүргізіп отырды. Әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, бұл мейрамның ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауылдық округтерді аралап халықтың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан тыңдап, шешуі табылмай қордаланып тұрған мәселелердің оң шешімін табуға көмектесетіндігін жасырмады. Қазақта «Халық қаласа, хан түйесін сояды»-деген сөз бар. Аудандық сот төрағасы да өз сөзінде «Біз ең бірінші халыққа қызмет етуіміз керек»- деп баса айтты.

       Келесі сөз кезегін аудандық прокуратураның прокуроры Мырзабек Әлібек Қажымұқанұлына берді. Аудан прокуроры барша әріптестерін орны бөлек, жөні ерек болып отырған мерекелерімен құттықтады. Барша жиынға қатысушылардың отбасына береке, жұмыстарына табыс, дендеріне саулық тіледі.

       Мерекеге орай ұйымдастырылып отырған жиын марапаттау рәсімімен өз жалғасын тапты. Қазақстан Республикасы Алматы облысы Райымбек аудандық соты атынан Райымбек АПБ-нің ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Байғараев Бақытжанға, Шалов Ержан Қуанышұлына, Райымбек аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, Әділет аға лейтенанты Тажибаев Елдос Ержанұлына, аудандық «Хантәңірі» газетінің директоры  Ізтелеу Перизат Нұрланқызына, аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Әуелбеков Бауыржан Бақытұлына, Ахметжанов Ерік Серікұлына аудандық соттың төрағасы А.Мырзалы Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, еліміздің Заң жүйесінің қоғамдағы айнасы бола жүріп, оның дамуына өз үлестерін қосып, қызметтерін мінсіз атқарып, кәсіби дағдылары мен адамдық ұстанымдары, еңбек жолында оқ бойы озық жүрген, Ата Заңымызды басты бағыт ретінде алып, адал және үздік жұмыс жасап жүрген барша әріптестерінің еңбектерін бағалайтынын айтты.

 Келесі сөз тізгінін Райымбек АПБ-нің бастығының тергеу бойынша орынбасары Жолдасов Дархан Бижанұлы алып, Заң саласында маңдай терін шүмектеп төгіп, күн демей түн демей еңбек етіп жүрген әріптестерін Конституция күнімен құттықтады.

       Келесі кезекте аудандық «Хантәңірі» газетінің директоры П. Ізтелеу мінбеге көтеріліп мерекеге орай ақ тілегін ақтарды. Марапат алып еңбегі еленген заң қызметкерлері және жиынға қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-біріне жақсы тілектерін айтып тарқасты.

  Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата Заң — барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өзінің қызметінде Конституцияны басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін жүзеге асырады. Демек, бұл мерекенің орны бөлек екені белгілі. Ардың шыңы – Ата Заңымыздың абыройын асқақтатар мереке құтты болсын!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password