АТА ЗАҢ — МЕМЛЕКЕТ ТІРЕГІ Шәміл ҚҰТЕЛОВ, Райымбек ауданының прокуроры
Енді санаулы күндерден соң, яғни 30 тамызда тәуелсіз Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 26 жыл толғалы отыр. Бұл жылдар ішінде мемлекетіміз демократиялық даму жолымен жүріп келеді, экономикада, әлеуметтік салада зор жетістіктерге жеттік.
Қазақстан Республикасы азаматтарында ертеңгі күнге деген сенімділік пайда болды. Мемлекеттік институттың дамуы басқарудың бірыңғай жүйесіне алып келді, қоғамның дамуы саяси белсенділікті оятты, Қазақстан халқы мемлекетті басқару ісіне араласып, өзінің құқығын толық меңгерді.
Қазақстанның Конституциялық тарихына көз салсақ, мемлекетіміздің бірнеше жазба Конституциясы болған екен. соның біріншісі – 1926 жылғы 18 ақпандағы Қырғыз Советтік Социалисттік Республикасының Конституциясы (Негізгі заңы); ол кезде қазақтарды қырғыз деп атағаны тарихтан мәлім. Ал одан кейінгі Конституция 1937 жылғы 26 наурыздағы Қазақ ССР-нің Конституциясы болып табылады. Үшіншісі – 1978 жылғы 20 сәуірдегі Қазақ ССР-ның Конституциясы болса, төртіншісі 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы екендігі белгілі. Қазір қолданыстағы 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясы Ата Заң ретінде тарихқа нық еніп отыр.
Алғашқы үш Конституция Қазақстанның Кеңестер Одағы құрамындағы кезде қабылданған Конституция болғандықтан, Қазақстан халқының мемлекеттік тәуелсіздігін жария ете алмады. Ол толығымен орталыққа бағынышты Заң болды. Қеңестер Одағының ыдырауына байланысты оның аумағында құрылған тәуелсіз мемлекеттердің бірі Қазақстан Республикасы өзінің тарихи-ұлттық ерекешеліктеріне байланысты және бұрынғы әкімшілік аумақта жаңа демократиялық, құқықтық мемлекет құруға талпыныс жасады.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізіліп, жаңа Конституция өз күшіне енді. Бұл Конституция бойынша Қазақстан өзінің президенттік басқару түріндегі зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп отыр.
Негізгі Заң – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы ең басты тетік болып саналады. Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасының ең басты құндылығы адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы делінген. Осыған сәйкес ешкім де адам өмірін, бостандығын шектей алмайды. Қазіргі уақытта айтылып жүрген өлім жазасына мараторий жариялау, оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстыру осы қағиданы қолдау болмақ.
Еліміздегі және шетелдік сарапшылардың пікірі бойынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы алдыңғы үлгідегі, демократиялық принциптерге сай жаңашыл Конституция.
Әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болу, өркениетті елдер қатарына қосылу, еліміздегі шын мәніндегі азаматтық қоғам құру – халықтың және мемлекеттің алдында тұрған мақсаттардың бірі және негізгісі.
Конституцияның негізінде мемлекеттігіміз нығайды, республикамыздың қоғамдық қатынастарын реттейтін және оның дамуына ықпал ететін жаңа заңнамалар қабылданды, елімізде аса ірі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізілді.
Мемлекетіміздің негізгі заңы Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, тарихи тағдыры тамырлас көптеген ұлт өкілдерін қазақ жерінде ынтымаққа ұйытып отыр. Ата Заңымызға аса ыждаһаттықпен қарау, оны құрметтеу — өз елімізді, төл тарихымызды, барша жетістігімізді қадірлеу.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83 бабында прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратыны анық көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы – ел Конституциясы бойынша тек қана ҚР Президентіне есеп беретін бірден-бір қадағалау органы ретінде прокуратураның қызмет аясы аса кең де ауқымды.
Осы орайда аудандық прокуратура қызметкерлері Президент Жолдауларын зор қанағат сезіммен қабылдап, ондағы атап көрсетілген міндеттерді қалтықсыз жүзеге асыру барысында бағыттары айқын, ісі ілгері, жетістіктері елеулі екендігін білдіреміз.
Мемлекет мүддесін жоғары қоя отырып, заңдылықты нығайту мен оның орындалуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау жолында аудандық прокуратураның атқарып отырған күнделікті қызметі өте ауқымды әрі күрделі.
Прокуратураның ең басты міндеттерінің бірі – адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның бірінші басымдық бағыттарының бірі болып саналатын бұл бағытта біршама істер атқарылуда.
Азаматтардың құқығын сақтауда прокуратура органының мақсаты – әділдік, заңдылық, құқықтық тәртіптің халық көңілінен шығуын қамтамасыз ету болып табылады.
Аудандық прокуратурамен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етуде, азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуын болдырмауға, аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуалды бірқалыпта ұстау мақсатында, халықтың әлеуметтік және еңбекпен қорғалуын қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің қысқартылуы мүмкін жағдайды және заңсыз жұмыстан шығаруды анықтау және оның жолын кесуде біршама жұмыстар атқарылуда.
Райымбек аудандық прокуратурасының қызметкерлері де осы конституциялық міндетті темірқазық етіп, бұрыннан қалыптасқан озық дәстүрлерді сақтай және оны қазіргі заман талабына сай байыта отырып, мемлекетімізде баршаға ортақ заңдылықтың бұлжытпай орындалуын қадағалап келеді. Алдағы уақытта да осынау ауыр да абыройлы борышымызды орындау мақсатында аянбай күш жігерімізді жұмсай бермекпіз.
0 Пікір